Коронавирустан қайтыс болған әйел Алматыға құдалыққа барған - әкімдік
Коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы әйел Алматы мен Шуға барған. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ол Алматыға құдалыққа барған, сосын Шуға қонаққа барған. Барлық жаққа пойызбен барған. Жеке үйде тұрған",- деді облыс әкімі.
Кеше, 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында тұратын әйелдің коронавирустан қайтыс болғаны хабарланған еді. Бұл - коронавирустың жаңа түрінен Қазақстанда тіркелген алғашқы өлім.
"Нақты мәлімет әзірше жоқ. Ол туыстарынан келген. Алматы мен Шуда қонақта болған. Оны 25 наурызда таңғы уақытта жеткізді, 26 тамызда таңғы сағат 8-де қайтыс болды. 64 жаста еді", - деді әкім.
Мұның алдында Денсаулық сақтау министрлігі әйелдің интенсив терапияның жүргізілуіне қарамастан қайтыс болғанын айтқан еді.