Жалған ақпарат таратқан Көкшетаулық тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Көкшетау полицейлері жалған ақпарат тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қарап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
24 наурызда WhatsApp мессенджерінде мониторинг жүргізу кезінде жалған ақпарат таралғаны анықталды. Хабарламада Оңтүстік Кореядан ұшып келген адамдар аймақтағы медициналық мекемелерде жатыр және олар коронавирус жұқтырған болуы мүмкін делінген.
Аудио хабарламаның авторы мен таратушысы анықталды. 56 жастағы Көкшетау тұрғыны танысының үйінде қонақта болғанда, одан Оңтүстік Кореядан әуе рейстерімен ұшып келген қазақстандық азаматтарды Ақмола облысының емдеу мекемелеріне орналастыру туралы жалған ақпаратты естіп, кейін аудио хабарлама жазып, құрбысына жіберген. Мәліметтердің шынайылығына көз жеткізбей, ол әйел ақпаратты одан әрі 200-ден астам адам отырған WhatsApp-тағы топқа таратқан.
Қазіргі уақытта барлық үш тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ҚК 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу қозғалды. Олар кінәсін мойындады.
- "Төтенше жағдай кезінде Қазақстанда жалған мәліметтер мен арандатушылық ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарату деректері жиілеп кетті. Бүгінде осындай оқиғаларды дер кезінде жолын кесу және олардың авторлары мен таратушыларын жауапкершілікке тарту - құқық қорғау органдарының алдында тұрған міндеттердің бірі", - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын азаматтарға тағы да ескертеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарынан тек ресми хабарларға сеніп, шындыққа сай келмейтін қауесеттер мен ақпаратты таратпауды сұрайды.