Балалардың көз жасы ешқашан төгілмесін!
1-маусымда бүкіл әлем Балаларды қорғау күнін атап өтеді. Халықаралық балалар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай бүлдіршіндердің құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн. Әрине, кішкентай періштелерді жылдың бір күнінде емес 365 күн қорғауға, жайлы өмірді қамтамасыз етуге міндеттіміз. Алайда қоршаған орта, безбүйрек қоғамның салдарынан балаларды қамқорлыққа алу қажеттігі туындады.
1-маусымды Балаларды қорғау күні мерекесі ретінде атап өту туралы шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Бірақ, деректергее сүйенсек, алғашқы Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Ал мерекенің дәл 1 маусымға неліктен белгіленгені туралы нақты деректер жоқ. Тек мынадай болжам бар. 1925 жылдың 1 маусымы күні Қытайдың бас консулы Сан-Франциско қаласында қытайлық жетім балаларды жинап, айдаһар фестивалін ұйымдастырады. Кейіннен әр өңірде дәл осы дата күні балаларға арналған мерекелік іс-шаралар көптен өткізіле бастады.
Осылайша жайдары жаздың алғашқы күнін әлем тұрғындары балаларға арнады. Халықаралық мерекенің өз жалауы бар. Жалауда жер шарын қоршаған түрлі бала бейнеленген. Сондай-ақ, әлем халықтары 20 қараша күні Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусым күні Африкада балаларды қорғау күнін мерекелейді.
Балаға зорлық-зомбылық көрсету тыйылмай тұр
Статистикалық мәліметтер бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайтынын көрсетуде. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да аз емес. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балалығынан, әлемдегі басқа тетелестері секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен айырады. Бұл баланың психикасына кері әсерін тигізуде.
Бүгінгі таңда бүкіл дүние жүзінде балаларға қарсы зорлық-зомбылық жағдайлары ерекше үрей туғызып отыр. Өкінішке қарай, әр перзентін патшасындай көрген, жетімін жылатпаған қазақ елін де бұл мәселе айналып өтпеді. БҰҰ Балалар құқығы туралы конвенциясының 19-бабына сәйкес, балаларға күш көрсету дегеніміз – физикалық, психологиялық күштеу, мазақтау, қиянат жасау, қамқорлықтың жоқтығы, дөрекі қарым-қатынас, ата-ана, заңды қамқоршы немесе кез келген басқа тұлға тарапынан жасалған жыныстық қиянатты білдіреді.
2010-2016 жылдар аралығында ЮНИСЕФ мамандары Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге зерттеу жүргізді. Нәтижесінде Қазақстанда балаларға күш қолдану үйде, мектепте, интернатта да орын алып жататыны анықталды. Күш көрсетуді ересектердің 75 пайызға жуығы отбасында балалардың жүріс-тұрысын қадағалауда ұстау үшін жөн көреді екен. Қазақстандағы 2-4 жастағы балалардың жартысына жуығы үйлерінде жазаланады.
ЮНИСЕФ-тің мәліметінше әлемдегі 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалардың төрттен үші – шамамен 300 миллион балаға үйлерінде өздерін бағып-қағатын адамдар психологиялық агрессия жасайды немесе күш қолданатын көрінеді. Ал әрбір 7 минутта бір жасөспірім зорлық-зомбылықтан көз жұмады. 2015 жылы әлемде зорлық-зомбылықтан 82 миллион жасөспірім құрбан болыпты. Психологтар күш көрсету зорлық – зомбылығынан кейін балалардың мінез-құлқында бірқатар өзгерістердің болатынын айтады. Олар:
- балалар ересектерден, ата – аналарынан үнемі қорқатын болады;
- балалар агрессивті, тез ашуланғыш немесе тұйық болады;
- қарым-қатынас дағдысы баяу дамиды;
- оқуда туындайтын қиыншылықтар: үлгермеушілік, жинақылық қасиетінің жоқтығы, тіл дамуының баяулығы;
- үйден қашуы немесе құқықбұзушылыққа бейім болуы;
- кездейсоқ дене жарақатына тап болу себебін түсіндіре алмауы;
- икемсіз қозғалуы мен дене мүшелерінің ауыруы;
- қажеттілік болмаса да денесін киіммен бүркеуі;
- нашар баға алғаннан кейін үйге қайтуға жігерсіздігі. С
Сондықтан психолог мамандар ата-аналарға, жалпы адамдарға бала бәріне тәуелді, ешнәрсеге құқығы жоқ, сол себепті оларды ерекше қорғап, аялау керектігін ескертеді.
Жаман бала қайдан шығады?
Өз шаңырағында немесе айналадағы адамдардан зорлық көрген баланың психологиясы бұзылып, теріс жолға түсетініне қаншама оқиғалар куә болуда. Мәселен, былтыр елімізде 3148 кәмелетке толмаған бала қылмысқа барып, істі болған. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 120-бабымен қаралатын зорлау дерегі 2016 жылмен салыстырғанда 120-дан 130-ға дейін немесе 5,3 пайызға көбейген. Қылмыстық кодекстің 121-бабымен қаралатын жыныстық си¬паттағы күш көрсету әрекетт¬е¬рінің өсімі 112-ден 124-ке дей¬ін немесе 9,6 пайызға жеткен. Қа¬зіргі кезде түзеу орындарында жа¬сы кәмелетке толмаған 49 қыл¬мыскер болса, соның біреуі қыз бала екен.
Баланы теріс жолға итермелейтін фактордың бірі отбасында берекенің болмауы, шаңырақтың тұрақсыздығы. Сандарды сөйлетер болсақ, Қазақстанда шамамен 17 жасқа дейінгі бес баланың төртеуі (82,0%) ата-анасының екеуі де бар толық отбасында, 13,1 пайызы тек анасымен, ал 1,1 пайызы тек әкесімен тұрады екен. Психологтиар әкесіз немесе анасыз өскен балалардың мінез-құлқы өте нәзік болып келетіндігін айтады. Мұндай жасөспірімдерді ашуландыру, намысына тию, қылмысқа үгіттеу оңай болатындығын алға тартуда.
Сенгіш келетін балалардың қолын сұғанақ, тілін өтірікші етіп, қылмыскер атандыруда интернеттің де ықпалы бар екені жасырын емес. Ғаламтордың әрбір үшінші қолданушысы – балалар. БҰҰ Балалар қорының мәліметінше, күн сайын 175 мың бала бірінші рет интернетке кіреді және жарты секунд сайын олар онлайнда отырады.
Ана безсе баладан, бәрінен де сол қайғы...
Неге екенін қайдам, қорғансыз балалар дегенде көз алдыма көшеден, қоқыстан, әжетханадан табылып жатқан кінәсіз нәрестелер елестейді. Елімізде өзегін жарып шыққан нәрестесін өзектен тепкен көкек аналардың көбейіп отырғаны ащы болса да шындық. 2016 жылы Қазақстанда 7 бала тастанды атанса, өткен жылы 13 бала құрылыстан, құдықтар мен қоқыс жәшіктерінен табылыпты. Олардың үшеуі қайтыс болған. Мамандар дерегінше, ата-аналары бас тартып, «Бөбектер үйіне» өткізілген нәрестелердің саны жылдан жылға артып келеді. Кешегі бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен әз аналардың бүгінгі кейпі осындай. Ана-анасы бас тартқан балалар ертеңгі күні есейгенде шындықты ауыр қабылдап, психологиялық соққы алары сөзсіз. Сәбиін шырылдатып далаға тастаған аналар қылмысы үшін жазаланар. Алайда ол ешқашанда перзентінің алдында кінәсін жуып-шая алмайды. Себебі олар ана махаббаты, ана мейірімін аяққа таптаған жандар.
Балалардың көз жасы ешқашан төгілмесін!