Маңғыстауда оқушыларды үйіне іздеп келген мұғалім төрт адамның мәйітін тауып алды
Маңғыстау облысында алты адамнан тұратын отбасы газдан уланып, үш бала мен анасы жан тапсырды, ал отағасы мен 8 жасар ұл бала ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Sputniknews.kz порталына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бүтін бір отбасы газдан уланып, үш бала мен анасы дәрігерлер келіп жеткенше жан тапсырды.
Баланың ең кішісі бір жаста. Ал әкесі мен 8 жасар ұлы ауыр халде. Газ қызметінің мамандары ақаудың үйдегі жылу қазандығының мұржасынан шыққанын анықтаған.
Қайғылы жағдай Батыр ауылында болған. Оқушылар сабаққа келмей, ата-анасы байланысқа шықпаған соң, мектеп мұғалімі оларды үйіне іздеп келеді. Бірақ ешкім есік ашпапты. Мектеп басшылығы көпбалалы отбасына олардың туысқаны болып келетін дене тәрбиесі мұғалімін жібереді. Есікті аяғын әрең басқан ер бала ашыпты. Үйге кірген жігіт сұмдық жағдайдың үстінен түскен.
«Олар демалыс күні хабар берді. Отбасымызбен тұмауратып жатырмыз, үш күннен кейін анықтама қағаз алып келеміз деді. Біз күттік. Телефон соқтық. Телефон көтермегеннен кейін бардық. Екі күн сабаққа келмеген баланы біз іздейміз. Біздің тараптан жасалатын жұмыстардың бәрі жасалды», - дейді Мұнайлы ауданының №10 орта мектебінің директоры Құралай Нұрманова.
Газдан уланған 38 жастағы әйел мен 12-13 және 1 жастағы балалар ес жимастан көз жұмды. Ал ауруханаға жеткізілген 43 жастағы әкесі мен 8 жасар ұлының жағдайы ауыр. Дегенмен үміт бар дейді дәрігерлер.
«Қазір 1977 жылы туған азамат, үйінің отағасы жан сақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалуға бар күшін салып жатыр. Ал оның баласының жағдайы тұрақты ауыр. Ең бастысы, ол есін жоғалтқан жоқ», - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрбол Оқуов.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Анар Иванова мұржадан газ шығуы мүмкін екенін айтты. Қауіпсіздік сақталмағандықтан адам өліміне әкеп соғып отыр.
«Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот медициналық сараптама тағайындалды. Апатты жағдайдан соң келіп жеткен газ қызметі де қазандық пен мұржаның арасы ажырап кеткенін анықтады. Ажыраған жерден шыққан газ қайғылы жағдайға әкелген», - деп түсіндірді ол.