Тегін дәрі бизнесінің артында кімдер тұр?
Бұған дейін «Диагноз» газеті өткен санында хабарлағандай, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысында емханалар арқылы тегін дәрі-дәрмек алды деп көрсетілген кей науқастардың шын мәнінде ешқандай дәрі алмағанын айтқан болатын. Өтірік мәлімет бергендер қатаң жазаланатынын ескертіп, емхана басшыларынан бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланбауды талап еткен еді. Дәл сол күні министрдің тегін дәрі-дәрмекпен қамту туралы сынына "Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау Ұлттық орталығы" бас директорының орынбасары Арнұр Нұртаев жауап қатты. Оның ойынша тегін оған дәрі-дәрмекті алмаған науқастардың өздері кінәлі. Өйткені олар тиесілі тегін дәрілерін алуға бармайды.
– Басты себептердің бірі – науқастың дәріні алуға келмеуі. Әрине, одан да басқа себептері бар, қазір барлық мән-жай анықталып жатыр. Айыптыларға өте қатаң шаралар қолданылады, тіпті кей мекемелерді есеп комитеті тексеруі де мүмкін, – деді Арнұр Нұртаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Нұртаевтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық дәрімен қамтамасыз ету жұмысына сараптама жүргізіліп жатыр. Дәріні науқастың атына жазып, бірақ ешқандай препарат бермеу бойынша жүзге жуық оқиға анықталған.
"2017 жылы екі миллионға жуық рецепт берілген. Екі миллион рецептіні толық көлемде алғанын тексеру үшін көп уақыт қажет. Мұнда республика азаматтарының да тексеру жұмыстарына қатысып, әлеуметтік жауапкершілік танытуы үшін министр Елжан Амантайұлы науқастарға берілген барлық рецепт бойынша сараптама жүргізуді тапсырды. Әзірге жүзге жуық дәріні бермей қалу оқиғасы расталды", - деп өз сөзін толықтырды ол.
Тегін дәрі берілмесе, қайда деген сұрақтың туындауы заңды. Сөйтсек, тегін дәрілер сатылымға шығып кетіпті. Мұны сараптама қорытындысы растап отыр.
"Кепілдендірілген тегін көлем аясында сатып алынған, тегін берілетін дәрілердің де дәріханаға сатылымға қойылғаны анықталды. Яғни, бір науқас өзіне тиесілі дәріні алған жоқ, екінші адам тегін дәріні сатып, пайда көріп отыр. Бұл мәселе бойынша барлық ақпаратты тексереміз және толық сараптама жүргізілген соң, нәтижесін БАҚ өкілдеріне міндетті түрде жариялаймыз", - деп сөзін түйіндеді Арнұр Нұртаев.
Сұрақтан сұрақ туындайды. Ендігі сауал: Үкімет тегін берген дәріні кімдер сатып жүр? Бұл сұрақтың жауабын табуға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов білек түріп кірісіп кетті. Әзірге бізге белгілісі – Қазақстанда тегін дәрі-дәрмектердің біраз бөлігі жекеменшік дәріханалар арқылы сатылымға түсіп жатыр екен. Былайша айтқанда, бюджеттің есебінен қыруар қаржыға сатып алынған препараттар зейнеткерлер мен мүгедектерге берілудің орнына біреулердің қалтасын қампайтып отыр.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, тегін дәрілер тіпті шекара асып та кетіпті. «Қазақстанның тегін дәрілері көрші елдерде де сатылып жатыр» деген ақпараттар бар болып шықты. Бұл туралы Біртановтің өзі вице-премьер-министр Ерболат Досаевтың қатысуымен өткен министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.
– Әрбір бесінші препарат науқасқа жетпей, белгісіз жаққа кетеді. Бәлкім, біреулер тегін препараттарды ашық ұрлайды да, біз білмейтін жаққа жіберіп отырады. Ал кейбір мәліметтер бойынша ондай дәрілер жекеменшік дәріxаналарға түседі. Тіпті, шекара асып, көрші елдердің нарықтарына кетіп жатыр деген деректер де бар,– дейді Елжан Амантайұлы.
Біртановтың айтуынша, жергілікті жерлерде тегін дәрілер ашық ұрлауға, талан-таражға көбірек ұшырайды. Ресми мәліметтерге сәйкес пациенттердің 20 проценті тегін дәрі-дәрмекті алмаған. Алайда жергілікті атқарушы органдар бәріне қолма-қол бердік дегенді алға тартады. Бұдан бөлек, науқастардың тағы 18 проценті дәрілерді толық ала алмаған. Ал ресми мәліметтегі 20 пайызыңыз республикаға тарайтын дәрілердің екі айлық көлеміне тең екен. Аз қаржы емес екені анық.
Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың сөзіне сүйнсек, былтыр бұл салаға барлығы 101 млрд теңге бөлінген. Аталған соманы он екі бөлсек, әр айға 8,4 миллиард теңгеден тиесілі болып шығады. Енді мұны екіге көбейтіп көрейік. Сонда жоғарыда айтылған 20 пайыз дәрінің құны – 16 миллиард 800 миллион теңге! Бұл – бюджет қаржысы. Қалай қолды болды? Комитет басшысы екі түрлі болжамды алға тартады. Біріншісі – біреулер сатылмайтын препараттарды ұрлайды да, саудалап табысқа кенеледі. Екіншісі – кей кезде науқастар өздеріне тиесілі препаратты алмай кетеді. Сол кезде пысықай «кәсіпкерлер» оны өз ақшасына сатып жібереді.
– Қазіргі кезде рецептер электронды түрде беріледі. Ауруxанадан ондай рецептер бірден дәріxанаға түседі. Алайда кей кезде науқастар дәріxанаға бармай қояды, я болмаса, препараттың маркасын ұнатпай, алмай кетеді. Бірақ дәріxанаға рецепт түсіп тұр ғой. Олар препаратты берілді деп есеп жасайды да, мына жақтан өздері сатып жібереді, –деді Л.Бюрабекова.
Бірақ, бұл болжамдағы мемлекет шығыны 16 миллиард теңгеден екі есе көп болуы әбден мүмкін екен. Өйткені «барлық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржы жетіспейді» деп қаржы тапшылығын алға тартудан шаршамайтын жергілікті билік өкілдері сөйте тұра өздері біраз препараттарға тапсырысты артығымен береді екен. Соның салдарынан кейбір аймақтарда артық жазылған дәрі-дәрмектердің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 50-60 процентке көп болып тұр. Сонда қалай? Не үшін жергілікті атқарушы органдар барлығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ақша жоқ дейді де, өздері артық препараттарға тапсырыс беріп отырады? Сатылымға шығып, шетел асып кеткен қазақстандықтарға тиесілі тегін дәрілер саудасының арғы жағында кім тұр? Оны алдағы уақытта ревизия кезінде анықталса, білетін боламыз.
Министр осы саладағы тексерісті бір айдың ішінде өткізіп, тегін дәрі-дәрмектерді жазып беруден бастап дәріханада беруге дейін барлық сатыларды қадағалап шығамын деді. Сол кезде халықтың дәрілерін ұрлаудың схемалары да анықталуы әбден мүмкін. Ведомство басшысына сенсек, бұған басқарма басшыларының қатысы бар екендігі анықталар болса, олар қатаң жазаланады, қызметтерінен босататылады.
Біртановтің бұлай бұлқан-талқан болатындайы да бар. Өйткені бүгінде халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заң бұзушылықтарға, дәрінің шарықтаған бағасына қатысты мәселе көп. Бұған елдің наразылығы да қатты. Оны Үкімет мүшелері де жақсы біледі екен.
– Халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты наразылығы әлі де басылмай тұр. Маған осы мәселе бойынша депутаттардан да, қоғамдық ұйымдардан да сауалдар жиі түседі. Соған қарағанда, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету әлі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Препараттар берілмесе де, қағаз жүзінде «берілді» деп жаза салады. Тегін дәрілерді ақшаға сату фактілері де бар. Сосын дәрігерлер пациенттерді дәрі-дәрмектерді сатып алуға міндеттейді екен. Ондай мекемелердің басшыларына қатысты қатаң шаралар қолдану қажет, – деді премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев.
Айтпақшы, министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде Елжан Амантайұлы жергілікті жердегі басқарма басшыларының жеке жауапкершілігін де еске салды. Оның сөзіне қарағанда, өз жұмысына салғырт қарағандар қызметімен қош айтысуы бек мүмкін.
– Бүгінде жергілікті жерде денсаулық сақтау басқармаларының басшылары тағайындалғанда министрлік өз келісімін береді. Бірақ біз ол келісімді кері қайтара аламыз. Мен стратегиялық департаментке арнайы тапсырма беремін. Осы жылдың нәтижелерін зерттеп, қай облыста тиісті жұмыс дұрыс жасалмаса, әкімдерге ұсыныс жібереміз, я болмаса, келісімді кері қайтарамыз, – деп сөзін министр нықтап жеткізді.
Қысқасы, тегін дәрі бизнесі талай адамның тағдырын өзгертуі бек мүмкін. Әрине, бәріне уақыт төреші... Күтейік.
Асыл ДОС