«Алдау үшін...»
Жұртты жаппай нәтижелі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікті дамытады деп Үкімет үміт артқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы көптеген келеңсіздік пен сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай келеді. Ең қызығы – мемлекеттік органдар бұл бағдарламаның жетістіктеріне де еңбек нарығындағы жағдайларды бұрмалау арқылы қол жеткізіпті. Яғни, заңбұзушылықтар орын алған. Кешегі аптада «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес осындай ортақ қорытынды шығарды. Осыған байланысты Омархан Өксікбаевтың төрағалығымен өткен кеңес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Әбілхатинді, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановты, Түркістан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваны, Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевты партиялық және тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының ресми сайтында жарияланды.
Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы қолға алынған 3 жыл ішінде 88 жемқорлық қылмыс тіркеліп, сотқа 56 қылмыстық іс жіберілген. Сонымен қатар, бағдарлама аясында 180 несиеге бөлінген, соммасы жарты миллиард теңгеге жуық қаржыны бағдарламаға қатысушылар жеке басының мақсатына пайдаланған. – 6 миллиардқа жуық теңге нарықта сұранысқа ие емес мамандықтарға оқытуға жұмсалған. Бағдарлама аясында оқыған 80 мың адамның бар-жоғы 23 мыңы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Кәсіпкер ретінде тіркелмеген және салықтық төлемдер бойынша қарызы бар азаматтарға соммасы 1,3 млрд. теңге болатын несие бөлудің 750 дерегі анықталды, – деді депутат. Аталған кеңес талдау жұмыстарының нәтижесі ретінде аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында орын алған сыбайлас жемқорлықтың негізгі үш себебін атап көрсетіпті. Біріншісі – уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың ұйымдастырушылық қызметі төмен.
Екіншісі – нормативтік құқықтық актілерде жемқорлыққа жол беруге мүмкіндік беретін талаптардың болуы. Үшіншісі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басшылығы тарапынан тиісті ведомстволық бақылаудың болмауы. Бір қарағанда бәрі түсінікті сияқты. Бірақ, нормативтік құқықтық актілерде жемқорлыққа жол ашуға мүмкіндік беретін талаптардың болуы мүмкін бе? Сөйтсек, басқа өңірді қайдам, Түркістан облысында мүмкін екен. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 15 қаңтарда Түркістан облысына келгенде көзімізді жеткізіп кеткен болатын. Министр сол сапарында Түркістан, Кентау қалаларының жұмыспен қамту орталықтарына барып, дәл осы «Еңбек» бағдарламасының орындалуын көзбен көріп, 100 әйелдің мұңын тыңдаған еді. Сонда облыс орталығындағы қалалық Мәдениет үйінде адамдар Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін зейнетақы қорына өздері 2500 теңге аударып, құжат туралап жатқандарын жасырмай жеткізді. Бір әйелдің «құжат қабылдайтындар 2500 теңге төлеп кел» деп айтатынын басқалары да растады. Бұл – осылай жұмыссызды жалған жұмысбасты азаматқа айналдырып, соның негізінде отбасындағы жан басына шаққандағы табыс көлемін 20 мыңға да жетпейтін етіп көрсетіп, бюджет қаржысын жымқыру. Заңбұзушылық толық дәлелденсе, соңы мемлекетті тонау қылмысы болып шықпақ. – Қашан адам өзі барып пенсионныйға ақшасын құяды? Алдау үшін! «Мен жұмыс істеп жатырмын» дейді. «Жұмыс істемейді екенсің» десе, «Енді қандай жолы бар?» деп сұрайды. Сосын бір пысық айтады, «2500 теңге құйып келсең, сенің айлығың 25 мың деп есепке шыға келеді» деп. Сонда сіздер заңды бұзып отырғандарыңызды айтып отырсыздар ма? Бұл дұрыс емес қой! Бүйтетін болсаңыздар, Атаулы әлеуметтік көмекті де алмайсыздар. Болмайды ондай, шынайы жұмыс істеу керек, – деп Біржан Нұрымбетов Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға заңсыздықтарды анықтап, тоқтатуды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың (суретте) көзінше тапсырған болатын. Тіпті сол жиында ашынған аналар қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерін жаппай жұмыстан босатуды да өтінген еді. Осының өзі-ақ Тәжібаевтың тәжірибесіздігі салдарынан ол жетекшілік ететін күрмеуі көп саланың бармақ басты, көз қыстымен жұмыс істеп, сыбайлас жемқорлықты туындатып отырғанының бірден-бір дәлелі бола алады.
Oinet.kz