Мархабат Байғұттың 7 томдығының тұсаукесері өтті

Oinet.kz 24-01-2020 1706

Screenshot_1.jpg

Бүгін Түркістан облыстық Пушкин атындағы кітапханада тек Түркістан облысы, Шымкент қаласы аумағында ғана емес, бүкіл республикаға кеңінен танымал, әдебиет пен журналистикада кәсібилігімен, туа бітті дарынымен талайларды мойындатып, бастарын шайқатып тастаған жазушы-журналист Мархабат Байғұт ағаның 7 томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 7 томдық шығармалар жинағы Мәдениет және спорт министрлігің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен өткен жылдың соңында жарық көрді. Оның тұсауын кесу орайы бүгінге - қасиетті жұмаға түсті. Бұл рәсімге Мархабат Байғұт ағаның жора-жолдастары, қаламы қарымды, сөзі уытты ақын-жазушылар және оның шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандар қатысты. 

Screenshot_5.jpg

Тұсаукесер рәсіміне оқырмандар өте көп жиналды. Кітапхана ішін жағымды аура жайлап, келген қонақтар көтеріңкі көңіл-күйде болды. Себебі, барлығы дерлік өз еркімен келді десек болады. Оқырмандар бір-бірімен арқа-жарқа болып, жайраң қағып жүрді. «Аққа күйе жұқпайды» демекші, Мархабат Байғұт аға жасандылықты жек көретінін көпшілік біледі. Махаң «Менің кітабым шықты, бірдеңе ұйымдастырыңдар» деп әркімді бір қыстап ығыр ететін кісі емес. Осыны білетін Пушкин кітапханасының ұжымы Мархабат ағаның өзіне өтінішпен шығып, тұсаукесерді өткізуге көндірген екен.   

Сонымен, сағат тура 15:00-де әдеби кеш басталды. Жас кітапханашылар Махаңның мектеп оқушыларының туралы жазған «Тоғызыншы сынып» пьесасын қойып, келген қонақтарды терең ойға батырды. Бұл қойылымда тоғызыншы сынып оқушыларының өмір өткелінде тура жолдан тайып, нашаға елітіп жас өмірін қор еткен оқушылардың өмірі туралы баяндалады. Әсерлі шыққан қойылымға разы болған көрермендер ризашылықтарын білдірді.  

Screenshot_2.jpg

Кеш барысында Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев бастаған делегация ортаға шығып, Мархабат ағаға жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ерлан Күзембаев кеш иесінің әдебиетке сіңірген еңбегі мен жастарға жол ашуда атқарған жұмыстары туралы тарқатып айтты.  

– Мархабат Байғұт әрқашан жастарды қолдап жүреді. Себебі, жастар – мемлекет болашағы. Осы орайда, шығармашыл жастарға қол ұшын созу мақсатында 2013 жылы Түлкібаста Мархабат ағаның мұрындық болуымен «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылған болатын. Аталған қор осы уақытқа дейін көптеген игі істерді жүзеге асырды. Аудандықтан бастап халықаралық деңгейге дейін әдеби байқаулар өткізілді, жас ақын-жазушылардың кітаптары шығарылды. Жастардың халық алдына шығып, шыңдалуына жол ашты.  «Мархабат оқулары», «Шырайлым-Шұбайқызылым» байқаулары көптеген таланттардың танылуына септігін тигізді. 

Ауданда «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» фестивалі өтті. Мұнда жас суретшілер, қолөнер шеберлері өз туындыларын көпшілікке көрсетті. Мархабат ағаның туған жері – Пістелі ауылында өтетін «Таупістелі тағылымы» жобасы қос буын арасында ұрпақтар сабақтастығының орнауында үлкен рөл атқарып келеді.  

Туған жерді түлетуде Мархабат ағаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қай істе болмасын, біз әрқашан Мархабат ағаға арқа сүйеп жүреміз. Мархабат аға – руханият саласының жүгін зор абыроймен көтеріп жүр,  - деген аудан әкімінің орынбасары жазушыға ұзақ ғұмыр тілеп, үстіне шапан жауып сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, түлкібастық ақын, Мархабат ағаның құлын-тайдай тебісіп өскен сыныптасы Әбдібек Аралбайұлы құрдасына арнау өлең оқып берді. 

Ал, танымал марқасқа ақын Нармахан Бегалы оқырмандар неліктен Мархабат Байғұтты сүйіп оқитынын түсіндіре кетті.

– Мархабат Байғұтты жұрттың бәрі жақсы көретін себебі – оның мінезі көркем. Егер оның мінезі көркем болмаса онда ол көркем сөз тудыра алмас еді. Ол Тіл комитетінде жұмыс істеп жүріп тіл үшін күресті. Бірақ, ол бұл ісін «мен мынаны жасадым» деп жарнамалады. Ол жұмысын үндемей жүріп істеді. Оның шығармалары да сондай. Ол шығармаларында «мен» деген сөзді қолданбайды. Ол шығармаларында не кейіпкердің, не басқаның атынан сөйлейді. Осы тұста менің ойыма орыстың классик жазушысы Андрей Платоновтың «А без меня народ не полный» деген сөзі еске түседі. «Менсіз халық толық емес» дейді. Осы секілді Мархабат болмаса қазақ прозасы толық емес. Қазақ прозасы Мархабатсыз көп олқылыққа ұшырайды. Қазақтың жыры қалай Абайсыз қалса, қазақ прозасы да Мархабатсыз қалады. Бейшара күй кешеді, - деп Мархабат ағаның әдебиеттегі орны зор екенін айтты. 

Ал, ардагер журналист Байдулла Қонысбек Мархабат Байғұтпен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде етене жақын араласқанын айтты. «Оңтүстік Қазақстан» газетіне Әмірсейіт Әлиев редактор болып тағайындалған кезде ол жанына мықты команда жинаған екен. Әлиев мырза Мархабат Байғұтты Түлкібастан аттай қалап шақырып командасына қосқан. Махаң келген кездері «Оңтүстік Қазақстан» газеті шарықтау шегіне жетіп, ел іздеп жүріп оқитын газетке айналған.  

Screenshot_3.jpg

Мархабат Байғұт келген қонақтарға ризашылығын жеткізіп, қазіргі оқырмандар туралы ой қозғады.

– Қазір біздің жазғандарымызды ешкім оқымайтын шығар деп ойлайтынмын. «Оқымайды» деп те ренжімеймін. Бірақ, олай емес екен. Іздеп жүріп оқитындар бар секілді. Былтыр Ақтөбеден Әлихан деген 23 жастағы жігіт мені Шымкентке келді. Ол менің бір мақаламды оқып қалып содан мені іздепті. Кітап сұрап келген оған мен үйдегі 3 томдық кітабымды беріп жібердім. Осындай оқырмандар бары қуантады, - деген жазушы кітап сатуға, жалпы саудагерлікке жоқ екенін айтты. Ол Тіл саясаты комитетіне 5 мың таралыммен шыққан 7 томдық кітабын еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға тарату туралы өтінішін айтып, үйіне 3 комплектін ғана алдыртыпты.      

Screenshot_4.jpg

Кеш соңында оқырмандар Мархабат Байғұт ағамен естелік суретке түсіп, аз-кем тілдесіп қалуға тырысып жатты.

Тоқаев: Жекеменшік оқу орындарынан біржолата құтылу керек
Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара жабылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу