2002 жылы қабылданған мемлекеттік «Таза су» бағдарламасы биыл мәресіне жетті. 8 жылға созылған бұл бағдарлама елге не берді? Жетістіктері қандай? «Таза су» бағдарламасына бөлінген қыруар қаржы қаншалықты тиімді жұмсалды? Көпшіліктің көкейінде жүрген осындай сауалдарды көлденең тартып, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Ибадуллаевпен ой-пікір бөліскен едік.
- «Таза су» бағдарламасының орындалу деңгейіне қандай баға бересіз?
- 2002 жылдан бері осы бағытта 23 миллиард теңге жұмсалды. «Таза су» бағдарламасының халыққа пайдасы тигені сөзсіз. Себебі облыстағы 900 елді мекеннің 512-сі бүгінде құбыр арқылы су ішуде. Бұрын бұл көрсеткіш бірнеше есе аз болатын. Соңғы бес жылда атқарылған тірліктерге көз жүгіртсек, 127 елді-мекенде су құбыры жүргізіліп, 214 ауылдағы су құбырлары ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар су тазартқыш қондырғыларын орнату арқылы 215 елді мекендердегі таза су мәселесін шештік. 2011 жылы атқарылатын жұмыстар тізімі бекітіліп, 39 елді мекенде су құбырының құрылысы жүргізіледі. «Таза су» бағдарламасының орындалуы бойынша облысымыз еліміздегі алғашқы үштікке кіреді. Бұл біз үшін үлкен жетістік.
- Облыс бойынша ауыз су мәселесі толық шешілген аудан, қалалар бар ма?
- Ауыз су мәселесі тек Шымкент қаласында толық шешімін тапқан. «Су ресурстары-маркетинг» мекемесі жұмысты жүйелендіріп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандары және Түркістан қаласын атап өтуге болады. Мәселен, Сайрам ауданында оннан астам ауыл әкімдіктері 24 сағат бойы толық ауыз сумен қамтылған. Келесі жылы облыс бойынша барлық тұрғындарына тәулік бойы тоқтаусыз ауыз су беретін тұңғыш ауданға айналады. «Таза су» бағдарламасын орындауда Төлеби ауданы да айтарлықтай жетістіктерге ие. Айталық, былтыр Киелітас ауылына су құбыры тартылып, қазір мұндағы 1800 абонентке тәулік бойына сапалы су берілуде.
- Дегенмен, ауыл үшін аса маңызды мемлекеттік бағдарламаны ойдағыдай орындай алмай жатқан да аудан, қалалар баршылық. Биыл солардың мәселесі «майшаммен» қаралып, тіпті ауылға ауыз су жеткізе алмағаны үшін бірқатар жауапты шенеуніктер қызметтерінен босағанынан хабардармыз. «Таза су» бағдарламасының әркелкі орындалуының себебі неде?
- Мұнда бірнеше мәселеге назар аударғым келеді. Әуелі кадр мәселесі. Аудандарда су шаруашылығымен шұғылдана білетін мамандар тапшы. Білікті кадрларға ие аудандарда жұмыс жүріп жатыр. Ал енді кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде осы саланы жетік білмейтін, мамандығы бойынша заңгер, экономист, тіпті мұғалімдер қызмет атқаруда. Өз орнында бір жылдан артық жұмыс істемейтіндер де бар. Бұдан соң қандай тірлік болады? Жалпы, коммуналдық саладағы жұмысты жүргізу үшін адам шаруақор болуы керек. Ал басқа саладан кездейсоқ келген адам тірлікті тек қағаз жүзінде атқарып, нақты нәтиже болмайды. Кейбір аудандарда қай жерде қандай құбыр жатқанын да білмейтін шенеуніктер бар. Үстіміздегі жылы әкімдік тарапынан су шаруашылығындағы басқару жүйесіне бірінші рет көңіл бөлінді. Бұрын құрылысы аяқталған су жүйелерінің сапасы мен оны пайдалану деңгейінің жауапкершілігі аудан, қала әкімдерінен сұралмаған. Көптеген аудандарда «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру жаппай науқандық сипат алып, «әйтеуір құрылысты дүркіретіп бастап берсек болды» деген түсінік те қалыптасқан. Ал осы тірлікті соңына дейін жеткізіп, халыққа 24 сағат сапалы су берілсін деген нақты міндет қойылмаған. Қазір біз осыны талап етіп отырмыз. Екі мысал келтірейін. Созақ ауданындағы Аққолтық ауылына барсаңыз тәулік бойы құбырдан су ағып тұр. Автоматтандырылған жүйе орнатылған. Құрылысы биыл басталып, ойдағыдай аяқталған, халықтың игілігіне берілген жоба. Бұдан артық не керек? Есесіне құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өткен нысанды да іске қоса алмай әуре болып жүрген аудандар бар. Мәселен, былтыр желтоқсан айында мемлекеттік қабылдаудан өткен Ордабасы ауданындағы Қажымұқан-Қараспан топтық су құбырының құжаттамасы күні бүгінге дейін түгенделмеген. Жуырда топтық су құбырын «Оңтүстіксушар» мекемесі қабылдап алды. Ендігі мәселе – тарифті бекіту, абоненттерді анықтау, олармен келісім-шарт жасасу. Бұл жұмыстарға кемі бір ай уақыт кетеді. 10-желтоқсанға дейін осы жұмыс аяқталып, 27 мың халыққа ауыз су беріледі деп күтілуде. Сонда аудан әкімі 10 ай бойы тек құжат дайындаумен жүрді. Сондықтан, биылдан бастап барлық аудан, қала әкімдеріне қатаң талап қойылды. Яғни, құрылысы біткен нысанның құжаттандыруын толық аяқтап, басқаруға беру ісі бір ай мерзімнің ішінде бітуі тиіс.
- Халықты сапалы ауыз сумен қамтитын тірліктің көзін таппай қатаң сынға ілігіп, Мақтарал ауданының әкімі қызметімен қош айтысты...
- Сөзіңнің төркінін түсіндім. Мақтаралдың әкімі Серік Тұрбеков осы салада сараптама жасап, атқарылатын жұмыстардың іс-жоспарын бекіттік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Мақтаралдағы жағдай қандай? Жоспарда көрсетілген жұмыстардың барлығы атқарылып, бөлінген қаржы толық игерілген. Бірақ, ауылда су жоқ. Ұңғымадан шыққан су ішуге жарамсыз. Бұл келеңсіздіктің себебі - жобалау жұмыстарына кезінде 30 жыл бұрынғы мәліметтер пайдаланылған. Енді осы кемшілікті жою үшін бюджеттен қосымша 45 миллион теңге бөліп, тереңдігі 400 метр ұңғыманы қазу керек. Сонда ғана ауылдарға сапалы ауыз су барады. Ал енді осыны кезінде алдын-ала тексеріп алуға болатын еді ғой.
- Оңтүстіктің халқы ауыз сумен толық қашан қамтылады?
- Біз 2011-2015 жылдарға арналған Даму жоспарын жасап, облыстағы 900 елді мекенді толық сапалы құбыр суымен қамтамасыз етуге қажетті шаралар жоспарын тізіп шықтық. Оңтүстіктегі таза су мәселесін түбегейлі шешу үшін 388 елді мекенде су құбырын жүргізіп, барлық үйлерге су кіргізу керек. Оған шамамен 87 миллиард теңге шығын кетеді. Үкімет жуырда қолға алған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында бұл жұмысты 2020 жылға дейін толық атқарамыз деген сенім бар. Қазір жаңа жобаларға қойылатын талап күшейтілді. Бірінші кезекте судың геологиялық қоры анықталуы тиіс. Су жүйесі әр үйге кіруі қажет әрі барлық абоненттерге есептегіш құралдарын орнату керек. Осы үш талап орындалмаса су құбырының жобасы жоспарға кірмейді. Дегенмен, аудан, қала әкімдері әлі де болса алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға немқұрайды қарап отыр. «Жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржымыз жетпей жатыр» делінген соң биыл облыстық бюджеттен 140 жобаны әзірлеуге керекті қаражат бөлінді. Бірақ, күні бүгінге дейін бізге келіп түскен жобалардың саны 40-тан аспайды. Оның өзінде 14 нысанның жобасын кері қайтардық. Келесі жыл облысымызда «Ауыз су жылы» деп жарияланады деп күтілуде. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын күшейту қажеттігі анық.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж