Шыны керек, бұл күндері волейбол жанкүйелері Октябрь Жарлығаповты сағынып жүр. Сағынатындай жөні бар. Тәуелсіздік алғалы қазақ волейбол мектебі құлдырап келеді. Рас, ұлттық командаларымыз бір-екі рет әлемдік чемпионаттарға жолдама алып, көзге түсе білді. Алайда, Азия мен Еуропада шеберлігі жағынан бізді он орап алатын мықтылардың барын мойындау керек. Бар «жетістігіміз» - олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңілістен көз ашпай, азулы қарсыластардан оңбай жеңіліп келеміз. Ал кезінде кәрі құрлықта волейболдан қазақтарға тең келер команданың болмағанына сенесіз бе?
«Қазақ волейболының атасы» атанған Октябрь Жарылғаповтың есімі отандық спорт тарихына алтын әріппен жазылды. «Доп ойнаған тозады» деген халықты волейболға баулып қана емес, оны әлемдік деңгейге көтерген ақберен Октябрьдің ғұмыры қамшының сабындай қысқа болса да нағыз аңыз адамға айнала білді. Жарылқаповтың есімін әлемнің үздік волейболшылары «Октябрь төңкерісі» деген тіркеспен тығыз байланыстырады. «Буревестник» атты Алматының қатардағы волейбол клубының КСРО чемпионы атанып, Еуропа чемпиондар кубогын жеңіп алуы волейбол тарихындағы ең үлкен сенсациялардың бірі саналады. Орта азиялық аутсайдер команда қысқа мерзім ішінде әлемнің ең мықты клубтарымен тайталасатын деңгейге қалай жетті?
Октябрь Қыдырбайұлының өмірі қиыншылықтарға толы болды. Әкесі 1937 жылы халық жауы атанып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, ағасы Палмахан 16 жасында соғысқа аттанып, ұрыс даласында қаза тапты. Бұл кезде Октябрь небәрі 8 жаста еді. Бес баланың анасы Айнагүлге жәрдемдесу үшін жастайынан жалданып жұмыс істеп, отбасының сүйенішіне афналған Октябрь Түркістандағы орта мектепті бітірген соң Алматыға аттанады. Волейболға деген қызығушылығы жоғары оқу орнына түскен соң пайда болды. Алматыдағы мал дәрігерлік-зоотехникалық институттың оқушысы волейбол алаңына жиі барғыштап, кәсіпқой спортшылардың ойынын сырттан қызықтап тұратын. Осы спортқа деген құлшынысы күшейе беріп, ақыры волейбол секциясына жазылды. Күнделікті жаттығулар барысында шеберлігін шыңдауға бар күш-жігерін жұмсап, әуе добы ойынының қыр-сырын меңгере бастайды. Алматының жоғары оқу орындары арасында өтетін жарыстарда алдына жан салмайтын болды. Жастар арасында талантты ойыншыларды іздеп, іріктеумен жүретін жаттықтырушылар Октябрьдің шаршы алаңға шыққанда өжеттеніп, қайсарланып кететінін байқады. Осылайша жас талант «Буревестник» командасының құрамына алынды. Асқан шеберлігімен танылған Жарылқапов сонымен қатар қоса мықты ұйымдастырушылық қасиеттерін де байқатты. Сондықтан көп ұзамай «Буревестниктің» капитаны әрі жаттықтырушысы атанды. КСРО чемпионатының төменгі лигасында өнер көрсетіп жүрген «Буревестниктің» 21 команданың ішінен 19-орынға тұрақтауына жаттықтырушылар шүкіршілік етіп жүрген. Алайда, Октябрь Жарылғаповтың көкейінде команданы КСРО ғана емес, әлемдегі ең мықты клубқа айналдыру арманының болғанын олар қайдан білсін?!
«Октябрь төңкерісі»
Мықты ұжым жасақтау үшін Октябрь Алматыдағы барлық оқу орындарын аралауға кірісті. Бойында таланты, волейболға деген ынтасы бар жігіттерді іріктеді. Жарылқаповтың шәкірттері бірте-бірте шеберлігін шыңдай берді. Оның себебі, команда жаттықтырушылары ойынға тың тәсілдерді енгізіп, жаңашыл тактиканы пайдаланды. Жоғары жетістікке жету үшін команданың бапкері бұрын-соңды болмаған қадамға барды. Барлық клубтар аптасына үш рет 2 сағаттан жаттығу өткізсе, «Буревестниктің» ойыншылары аптасына 10 рет 3 сағаттан жаттыға бастады. Жарылқаповтың бұл қадамын бірде-бір адам құптамай, сынды қарша боратты. Бұған жауап ретінде Октябрь «біз КСРО-дағы ең азулы клубқа айналамыз» деп жауап беріп жүрді. Тәжірибесі аз жас жаттықтырушының бұл сөзіне ешкім сене қоймады. Жарылқапов сондай-ақ жаңа тактикалық әдіс терді қорықпай енгізді. Бұл «төңкерісшіл» қадамдар көп ұамай нәтижесін бере бастады. «Буревестник» командасы қысқа мерзім ішінде одақ көлеміндегі маңдайалды командаға айналды. 1955-60 жылдар аралығында республикада тең келетін команда табылған жоқ. Шаршы алаңда Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаев бастаған команда тегеурінді ойын өрнегімен ерекшеленсе, командалық тактиканы айқындап отырған Жарылқапов КСРО-ның азулы комнадаларына қарсы ойнауға дайындыққа кірісті. Ел біріншілігінде топ жарған соң 1960 жылы Кеңес Одағы чемпионатының элиталық «А» тобына жолдама алды. Ол жылдары волейбол спортында Ресей, Украина, Белоруссия және Балтық жағалауындағы елдердің командалары атой салып жүретін. Ортаазиялық ұжымның қатарға қосылғаны алғашында тіптен елеусіз қалды. Алайда, уақыт көрсеткендей азуын айға білеген командалардың мұнысы бекер болып шықты.
Жылдан-жылға клубтың табыстары жоғарылап, «Буревестник» азулы қарсыластарын тізе бүктіре бастады. Бұны енді ешкім күтпеген болатын. 1966 жылғы чемпионатта «Буревестниктің» төртінші орынға, келесі жылы үшінші орынға табан тіреуі мәскеуліктерді кәдімгідей сескендіріп тастады. 1968 жылғы біріншілікте «Буревестник» күміс жүлдені иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Эстониялық «Калев» командасы қарсыластарын шақ келтірмей, 76 ұпаймен бас жүлдені жеңіп алса, 74 ұпай жинаған қазақ волейболшылары күміс жүлдеге қол жеткізді. Бағы мен бабы келісіп тұрған «Буревестник» енді чемпион атануға қай жағынан болса да тас түйін дайын болған. Алайда...
Алайда, тағдырдың жазуына амал жоқ, 1968 жылы қазақ ұлтының мақтанышына айналған Октябрь небәрі 37 жасында кенет дүниеден өтті. Қазақ спорты, Оның ішінде қазақ волейболы өте ауыр жағдайға тап болды. Жарылқаповтың орнын ешкім баса алмайтынын барлығы жақсы түсінді. Бапкерді соңғы сапарға шығарып салып тұрып оның шәкірті Ж.Сауранбаев «біз сенің жолыңды, жетістігіңді жалғастырамыз, арманыңды орындаймыз. Биыл 1969 жылдың шілдесінде Кеңестер одағының біріншілігінде қалайда жеңіп шығамыз», деп ант берді. Октябрьдің шәкірттері даңқты жаттықтырушының артқан үмітін толық ақтап, уәдесінде тұрды.
1969 жылғы одақ біріншілігінде айрықша бәсекелестік орын алды. Чемпионаттың қорытындысы бойынша Риганың «Радиотехнигі», Мәскеудің «ЦСКА»-сы мен Кивевтің «Локомотиві» 71 ұпай иеленіп, 2-4 орындарды өзара бөлісті. Алайда, солардың бірде-бірі қазақ волейболшыларының тегеурінді шабуылдарына шыдай алмай, тізе бүкті. 73 ұпай жинаған «Буревестник» тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Қазақ волейболшыларының бұл жеңісі бүкіл алып мемлекетті дүр сілкіндірді. Спорт сарапшылары «Октябрь төңкерісі» деп атап кеткен бұл
Еуропа құрлығында «Буревестниктің» тегеурінді шабуылдарына қарсы тұра алатын клубтың табылмай, 1970-71 жылдарда «Буревестник» қатарынан екі рет Еуропа кубогының жеңімпазы атанды. Тарихтағы аты аңызға айналған волейболшылар әуе добы спортының қыр-сырын Жарылқаповтан үйренгенін бір ауыздан мойындайды. Қазақ волейболының бүгінгі табыстары Октябрь Жарылқаповтың қалдырған іздері деп толық айтуға болады. Октябрь Қыдырбайұлының қол астында жаттыққан Есенбек Иманғалиевтің ұлы Марат соңғы он жылдағы ұлттық құраманың ең талантты ойыншысы ретінде мойындалды.
Волейбол ойнап, ЗАГС-ке кешіккен
Октябрь Жарылғаповтың волейболға деген ынтасын мына жайттан ақ аңғаруға болады. Бойдақ жігіттер көбіне ҚызПИ-ді жағалайтын. Октябрьдің қатарлас курстастары да бұдан қалыспай, сабақтан қолдары босаған сәтте-ақ сол жаққа беттейтін. Алайда, Октябрьдің ойы тек волейбол еді. Қыз-қырқынмен шаруасы жоқ. Сабақ аяқталысымен жаттығу алаңына асығатын. Институттың төртінші курсында оқып жүргенде Октябрь Дильяра есімді бірінші курста оқитын қызбен танысады. Октябрь бір ауыз орысша , Дильяра бір ауыз қазақша білмейтін. Бойжеткеннің ұлты тәжік болатын. Бірақ, соған қарамастан екеуі тез тіл табысып кетіп, көп ұзамай өзара сөз байласты. Махаббат, қызық мол жылдарды Дильяра апай бүгінде былай еске алады:
- Ол кезде мен екінші курста, Октябрь соңғы курста оқитын еді. Екеуміз неке қиятын жерге барып, уақытты белгіледік. Қазіргідей үлкен той жасау қайда – мен де, ол да ауқаты төмен отбасынан едік. Октябрьдің әкесі 1937 жылы халық жауы атанып қуғын-сүргіннің құрбаны болған, үлкен ағасы Палмахан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Жалғыз анасы мен төрт бауырының қамқоршысы болған Октябрьдің сол кезде жөні түзу киімі де жоқ болатын. Сонымен не керек, сағат түскі 14.00-де ЗАГС-тің қасында кездесетін болып келістік. Бір сағаттай кешігіп жетті-ау ақыры. Қатты терлеп кеткен, үсті-басы шаңшаң. Тіптен үстіндегі киімін де ауыстырып үлгермеген. Мен оның волейбол ойнап келе жатқанын түсіндім. Алайда, ештеңе деп тіс жармадым. Бірақ, оның волейболға неге соншалықты құмар екенін түсіне алмай-ақ қойдым. Ең болмағанда сол күні ойнамай-ақ қойса қайтер еді, - деп Дильяра апай езу тартты.
oinet.kz мұрағатынан