Жібек Арапбаева: «Жаттығудың бірінші күні-ақ үйге қашқанмын»

c0949148479c3b2be8921a4dfb9fa204.jpg

Жуырда аяқталған Қысқы Азия ойындарында жұртшылықты тамсандырып, жүлделі орыннан көрінген спортшылардың арасында Жібек Арапбаева айрықша орын алады десек, қателеспейміз. Оңтүстік Қазақстан  облысының  өкілдері қысқы спорт түрлерінде жүлде алады деп кім ойлаған? Алайда жанкүйерлер әу бастан-ақ жерлесіміз Жібек Арапбаеваға сенім артты. Қаршадай қыз жұртшылықты былтыр-ақ қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алып, таңқалдырған.  Азиададан үлкен табыспен оралған Жібекпен тілдесудің сәті түсті. 

- Ең алғаш 6 жасар кезімде екі ағама ілесіп, каратэ үйірмесіне  бардым. Алғашында үйірмедегілердің  жаттығуына сырттай қарап отырып қана қайтатынмын, - дейді ол. - Кейіннен жаттықтырушы Борис Алыков менің каратэге ептілігімді байқап «спорттың бұл түрімен шындап шұғалдансаң қайтеді?», дегенді айтты. Бірақ жаттығудың бірінші күні-ақ «мен спортшы болмаймын» деп үйге қашқанмын. Артынан ондағы қиындыққа көндіктім. Шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын тез-ақ меңгердім. Арада екі ай өткен соң каратэден ел чемпионатына қатысып,  бірінші орынды иемдендім. Спортқа деген талпынысымды оятқан спорттағы ең алғашқы жеңісім».

 Спорттағы алғашқы қадамын осылай жасаған Жібек Арапбаева үш жылдан соң каратэмен қош айтысып,  гимнастика үйірмесінің табалдырығын аттады. Алдына биік мақсат қойған спортшы қыз  көп ұзамай республикалық және халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Жүлделі орындарға ілігіп, болашағынан үлкен үміт күттірген шеберге айналды. 

- Сол кезге дейін каратэ және  гимнастикамен қабат шұғылданып жүрдім. Бірақ екі жаққа бірдей жүгіру қиындық тудыра бастады. Каратэ Олимпиадалық ойын түрі болып есептелмейтіндіктен таңдауым гимнастикаға түсті. Шыны  керек гимнастика маған өте ауыр тиді. Өйткені мұнда төрт түрлі снарядты меңгеруің тиіс. Оның үстіне  гимнастика жарақат алу қаупі жоғары  спорт түрлерінің бірі болып саналады. Бірақ, соған қарамастан гимнастика  өзінің әдемілігімен өзіне баурап алды,-дейді Жібек. 

Қайсар мінезді қыздың қорқынышы бекер болмай шықты. Осыдан екі жылдай бұрын жаттығулар кезінде бірнеше рет қатты құлаған Жібек құйымшағы мен омыртқасын зақымдап, жарақат алды. Алайда, мұндай қиындық оның спортқа деген ұмтылысына бөгет бола алмады. 

«Ең алдымен ішіңдегі қорқынышты жеңу керек»

- «Қанша жерден іштей  қалап, жақсы көргеніммен, жарақатыма байланысты гимнастикамен де  қоштасуға тура келді. Екі айдай үйден шықпадым.  Әйтсе де гимнастикаға деген сағыныш күн сайын күшейе берді. Бірақ, бұл спорт түрімен бұдан әрі шұғылдана алмайтынымды білдім. Осы кезде мектебіміздегі жаттықтырушы Мұрат Аблятифовтың бұрынғы суреттеріне көзім түсті. Жас кезінде фристайлмен айналысқан екен. Ол сөз арасында біздің мектепте фристайл бөлімін ашқалы жатқанын айтты.  Содан таңдауым шаңғы акробатикасына тоқталды. Жаттықтырушылар бұған қарсылық танытқан жоқ». Бастапқыда  биіктен шаңғымен түсіп келе жатқанда жүрегім аузымнан шығып кете жаздайтын. Бірте-бірте оған да бойым үйренді. Әрине гимнастикаға қарағанда фристайл оңай. Бірақ, қорқынышты. Фристайлда ең алдымен іштегі өз қорқынышыңды жеңе білу керек. Жалпы алғанда, гимнастика мен фристайлдың көп элементтері ұқсас. Әсіресе бланж, винт деген акробатикалық қимылдар екі спортта да бар. Айырмашылығы -орындалу техникасында».

«Спорттың осы түрін таңдағаныма өкінбеймін.» 

Қысы жылы, кейде жылдың ең суық маусымын қарсыз өткізетін  Оңтүстіктің өзінде бүгінде фристайлмен  шұғылдануға шындап бет бұрғандардың қарасы көбейіп келеді. Тіпті кейде гимнастикада бағы жанбағандар қысқы спорттың тап осы түрін таңдап жатады. 

-Қазір менімен бірге  Гүлмира Дәлмұхан және  Ақмаржан деген қыздар жаттығып жүр.  10 жасар Әсия деген қыз да бар. Бірақ, шынын айту керек, қазақтың қыз-жігіттері қысқы спорт түрлерімен айналысуға онша құмар емес. Әйтпесе елімізде жаттығатын орындар, мұз айдындары жеткілікті», деген Жібектің ендігі мақсаты әлем чемпионаттары, дүниежүзілік деңгейдегі жарыстарға қатысып, бақ сынау. Әсіресе, еуропалық спортшылардың деңгейіне көтерілу. Ол үшін құласаң да, жыласаң да тынбай еңбектену керектігі анық. 

- Бұрын өзіме онша сене бермейтінмін. «Жеңе алмайтын шығармын. Дұрыс секіре алмай қалармын», деген ой болатын. Елімізде өткен Азия ойындарындағы жеңісімнен кейін қазір өзіме деген сенім пайда болды. Әрине, бас жүлдені жеңіп алу арманым болатын. Бірақ, күміс жүлдеге де қанағат. Қарсыластарым – өте тәжірибелі спортшылар. Халықаралық жарыстарға бұрыннан қатысып жүр. Әсіресе, қытайлық екі қызды басты қарсыласым санадым. Оның үстіне Азиадаға дайындықты  жарысқа небәрі бір апта қалған кезде ғана бастадық.  Әлбетте, жүлдеге ілігуге бар өнерімді көрсетуім керек болды. Өз-өзімді жігерлендіріп, жинақылық таныттым. Сәтін салса, жүлдеге ілігерімді білдім. Бұл мен үшін соңғы дода емес. Алда әлі талай жарыстардың күтіп тұрғаны анық.  Сондықтан әлі талай жарыстарда еліміздің көк байрағын желбіретемін деген ойдамын», дейді Жібек ағынан жарылып. 

Қалипа Арапбаева, Жібектің анасы:

«Қызымның күміс алатынын түсімде көрдім»

- Негізі, әу баста Жібекті спортшы болады деп ойламадық. Қызымыз    кішкентайынан өжет, қайтпас әрі бұзық болып өсті. Тіпті  қыз балаға тән емес  қылықтар жасайтын. Спортты өзі таңдады. Алғаш каратэге барған да өзі балаларға ілесіп. Кейіннен  гимнастикаға, одан фристайлға ауысқанда да таңдауды өзі жасады.   Қызымыздың Азия ойындарындағы өнерін тамашалау үшін отбасымызбен Алматыға бардық. Айтулы дода басталмай тұрып   Жібек дайындығым жақсы емес деп жүрексініп жүрді. Сондай қобалжуда жүргенде «бұйыртса, алтын аласың», деп жұбату айттым. Негізі, Жібек соңына дейін күресетін қыз ғой. Жаттығу жиындарында аянбай тер төкті. Бірақ, шынымды айтсам, қызымның Азиадада алтын  емес күміс жүлде алатынын алдын ала білетінмін.  Азиада басталмай жатып түс көрдім. Жібекті ойлап, қатты қиналып жүрген кезім. Түсімде әлдебіреу маған жақындап келіп: «неге сонша қиналасың, қызың күміс алады» деді де  күміс медальдің бетін тумен жапты. Бірақ, бұл туралы жарыс өткенше ешкімге тіс жармадым.  

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: