Қазіргі қазақстандық спорттық гимнастика тығырыққа тірелгелі қашан. Халықаралық жарыстарға қатысып жүрген отандық гимнастшылардың айтарлықтай жетістіктерге жете алмай келе жатқаны өкінішті. Осы тұрғыда атақты Нелли Ким секілді олимпиаданың бес дүркін чемпионын шығарған мемлекеттің бүгінгі халі неге мүшкіл деген заңды сауал туындайды. Бұл сұрақтың жауабын табу үшін сол Нелли кимнің жүріп өткен жолына үңіліп жатсақ жеткілікті.
Бір ғана мысал. Нелли Кимнің есімі Америкадағы спорттық гимнастикадан халықаралық Даңқ залында алтын әріппен жазулы тұр. Осыдан үш жыл бұрын спортқа сіңірген ерен еңбегі үшін Ресейде Қаһарман Жұлдызы атты орденмен марапатталды. Біле білсек, бұл марапатқа ресейлік атақты спортшылардың өзі де қол жеткізе алмай жүр. Енді мынаған назар аударыңыз, Нелли еш уақытта Ресейдің азаматы болмаған. Сөйте тұра Қазақстан тарапынан Неллиге медаль былай тұрсын, тым құрығанда құрмет грамотасы да берілмепті.
Шын мәнінде, Нелли Ким әлемдік спорт тарихындағы аты аңызға айналған бірден-бір спорт шебері. Оның жетістігін қайталаған спортшы кемде-кем. Халықаралық деңгейде Нелли тұңғыш рет 1974 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысты. Бұл додаға шымкенттік жас спортшы жеңіс үшін ғана барған. Алайда жаттығуларыдң бірінде аяғынан ауыр жарақаттанды. Соған қарамастан намысқа тырысқан Нелли жарысты жалғастырып, финалға жолдама алады. Бұл кезде аяғы тіпті көгеріп кетіп, спортшының жүруге де мұршасы болмай қалған. Бірақ ақтық сында бойындағы бар күш-жігерін жинап, жаттығуын орындауға шешім қабылдайды. Тиісті элементтерін сәтті орындаған ол төрешілер тарапынан жоғары баға алады. Әлем чемпионатындағы тұңғыш қола медаль осылайша келді.
1975 жылғы әлем чемпионатында румыниялық Надя Комэнеч жасындай жарқылдады. Нелли оған есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтуға мәжбүр болды. Әлем чемпионатында кеткен есесін Нелли 1976 жылы Монреаль олимпиада ойындарында еселеп қайтарды. 3 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алған Нелли Кимнің бұл жетістігі нағыз сенсацияға теңелді. 70-ші жылдарда жасындай жарқылдаған Надя Комэнеч, Людмила Турищева және Ольга Корбут секілді гимнастика жұлдыздарының өзі Неллидің шеберлігін мойындап, жол беруіне тура келді. Алайда, бұдан соң Неллиді үлкен сынақ күтіп тұрды. Монреальдағы жұлдызды сәтінен соң олимпиаданың үш дүркін чемпионына спорттан мүлдем кетуі қаупі төнгенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді.
1976 жылдың екінші жартысында Нелли кенеттен қатты сырқаттанды. Бірнеше ай бойы ауруханада емделіп, гимнастикадан жарты жылға дейін қол үзуге мәжбүр болды. Мұндайдан соң кез-келген спортшының бұрынғы биігіне қайта оралуы өте қиын. Әсіресе гимнастикада. Осыны жақсы білетін спорт саласының басшылары Нелли Кимнен үмітін үзе бастады. Дәл осы кезеңде КСРО-да Елена Мухина деген талантты жас гимнастшының жұлдызы жарқырап жана бастаған. Оның үстіне Кеңес одағының құрама командасында Нелли жасы ең үлкен спортшы еді. Сондықтан 1977 жылы оның жаттығу залына оралуы елеусіз қалды. 1978 жылғы әлем біріншілігінде қатысқан Нелли бірнеше жаттығу бойынша алтын жүлде жеңіп алғанымен, негізгі бәсекеде Елена Мухинаға есе жіберді. Мамандар бір ауыздан «бұл Неллидің соңғы жарысы шығар» деп алдын-ала тон пішуге көшті. Бірақ Ким күтпеген жерден «мен әлі де абсолютты чемпион атағын жеңіп алатыныма сенімдімін. Ол үшін жаңа комбинацияларды игеріп, бұрын ешкім орындамаған элементтерді енгізуім керек» деп мәлімдеме жасады. Алдағы уақытта Мәскеу олимпиадасы жақындап келе жатқан еді. Құрама командадағы бәсекелестікке шыдас беріп, өзінен әлдеқайда жас қарсыластарымен күресу үшін Ким жаңа элементтерді игеруге көшті. Нелли жаттығу залынан шықпайтын болды. Бұл еңбекқорлық қасиет әлем біріншілігі мен олимпиада ойындарында толық ақталды.
1979 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында көпсайыста алтын медаль жеңіп алып, Нелли өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеп, айды аспанға шығарды. Неллидің жеңіс жолы 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында да жалғасын тапты. 2 алтын медаль олжалап, олимпиада ойындарының тарихындағы ең көп медаль олжалаған спортшылардың қатарына қосылды. . Сонымен қатар, Нелли Ким олимпиадада ең жоғары баға - 10 балл алған тұңғыш спортшы ретінде танымал.
Тағдырдың жазуы болар, Нелли Ким екі рет үйленіп, ажырасқан. Бірінші күйеуі белорус гимнастшысы Владимир Ачасовпен отбасын кұрға нсоң Нелли Белоруссияның азаматтығын алды. Алайда кейіннен онымен ажырасып, украиналық велоспортшы Валерий Мовчанға қосылды. Алайда бұл жолы да отбасылық өмірі сәтсіздікке ұшырады. Қазір Америкадағы Миннеаполис қаласында тұрады. Нелли есімді қызы бар.
Спорттағы карьерасын аяқтаған соң Нелли Ким Корея республикасы, Италия, Белоруссия елдерінің ұлттық құрамаларын жаттықтырды. Халықаралық деңгейдегі төреші атанып, барлық дерлік олимпиада ойындарында төрешілік қызмет атқарды. 2004 жылы бері Халықаралық гимнастика федерациясының техникалық комитетінің президенті болып сайланды. Қайбір жылдары Нелли өзінің отаны – Қазақстанда гимнастикадан дәстүрлі турнир өткізіп, өз қалтасынан қаржыландырып келген. Алайда, шенеуніктер тарапынан ешқандай қолдау болмаған соң бұл жарыстар да тоқтады. Әрине, Неллидің Қазақстанға әлі де берер пайдасы мол. Бірақ оны біздегі спорт саласының тізгінін ұстаған шенеуніктер құнт қылмай отырған секілді.
Нелли ким 1957 жылы Тәжікстандағы Шураб қаласында дүниеге келген. Әкесі - Сахалиннен қоныс аударған ұлты кәріс Владимир Ким, анасы Альфияның ұлты татар. Қазір екеуі де Шымкентте тұрады. Неллидің жұмысы қауырт болған соң елімізге ат басын сирек бұрады. Сондықтан, ата-анасы қызына кейде қонаққа барып қайтады. Альфия Ғазизқызымен телефон арқылы хабарласқанымызда жолға жиналып жатқанын білдік. Нелли жайлы пікір сұрағанымызда Альфия апа былай деді:
- Нелли кішкентайынан өте белсенді болып өсті. Бойында энергиясы мол, нағыз көшбасшыға тән қасиеттер бар еді. Балалармен бірге аулада футбол ойнағанда ешкімге дес бермейтін. Гимнастика спорт залына тұңғыш рет 10 жасында барды. Алғашында өмірін үлкен спортпен байланыстыру ниеті жоқ еді. Алайда жаттықтырушысы Владимир Байдин оның бойынан үлкен талантты байқады. Нелли өз айтқанына қайтпайтын, өзгенің сөзіне ере бермейтін тік мінезді адам. Ал жаттықтырушы Байдин ондайларды ұнатпайтын. Ол өте қатал болған әрі темірдей тәртіптің болғанын қалайтын Екеуінің арасында ұрыс-керіс жиі орын алған. Бірақ, неллидің болашағына 1972 жылы Украинадағы Запорожье қаласында өткен жастар арасындағы ел біріншілігі әсер етті. Бұл додада Нелли-орынға тұрақтады. Айтарлықтай жоғары көрсеткіш болғанына қарамастан жүлделі орындарды иеленген бәсекелестеріне қарай отырып, қызым намыстана бастады. «Олардың бағындырған биікті мен бағындыра алмаймын ба?» деп сұрады. «Бағындыра аласың, ел құрамасына да кіресің, әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарын да бағындырасың. Тек аянбай еңбектену керек», деді оған Владимир Байдин. Бұл сөз Неллиге қатты әсер етіп, осы оқиғадан соң қызым биіктерге самғай берді».
Оinet.kz мұрағатынан