Дерби - футболдағы ең тартысты да ымырасыз бәсекелестіктің көрінісі. Реал-Барселона, Челси-Арсенал, Милан-Интер, Лацио-Рома, Селтик - Рейнджерс, Спартак-ЦСКА... Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Дербиді анықтайтын негізгі екі белгі бар. Біріншіден, бұл байырғы қарсыластардың арасындағы бәсекелестік. Айталық, «Реал» мен «Барселонаның» арасындағы ойындар дүниежүзінде қызығушылық туғызатын нағыз дербиге айналғалы қашан. «Эль-классико» аталып кеткен бұл ойындарды әлемде жүздеген миллион фанат тағатсыздана күтеді. Дербидің екінші түрі географиялық фактормен айқындалады. Көбінесе бұл бір қаланың екі командасы арасындағы тартыспен ерекшеленеді. Спорт тарихшыларының пікірінше, тұңғыш дерби Англиядағы «Ливерпуль» мен «Эвертон» командаларының арасында өткен екен.
Дербиде әсіресе жанкүйерлердің делебесі қозады. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын фанаттар осы ойындарға тас-түйін дайындықпен келеді. Сүйікті командасы сырт алаңда өнер көрсетсе соңынан ілесіп, қонаққа барғанда да барынша қолдау танытады.
Дерби ұғымы қазақ футболында да жоқ емес. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы тұңғыш дерби сонау 50-жылдары пайда болған. Республиканың маңдайалды командасы есептелетін «Қайрат» футбол клубына қарағандылық «Шахтер» жасыл алаңда барынша қарсылық көрсетуден тайсалмады. Әуелі қос команда КСРО чемпионатының Б тобында бақ сынады. «Қайраттың» «Шахтерге» есе жіберген кездері болды. Ал 1965 жылғы жағдайға тіпті ел басшылығының араласуына тура келді. Турнирлік кестеде көш бастап, жоғары лигаға шығуға жақсы мүмкіндік алған «Қайрат» үшін әр ұпай маңызды еді. Сондықтан, біріншіліктің соңғы турларының бірінде Қарағандыда өтетін кездесудің алдында «Шахтер» клубына жоғарыдан «қалайда ұтылуларың керек» деген тапсырма келіп түседі. Алайда, кеншілер оған құлақ аспай, алматылықтарды 3-0 есебімен ойсырата ұтты. Бұл жайттан соң қос команда арасындағы ымырасыз күрес тым өрши түсті. Тіпті тәуелсіздік алған соң да бұл клубтардың өзара бәсекелестігі басылар емес.
Қазіргі таңда елімізде дербидің бірнеше көрінісі бар. Айталық, ұлттық біріншіліктің ең азулы командалары - «Ақтөбе» мен «Тобылдың» арасындағы тартыс өрбіді. Соңғы 7 маусымда осы клубтардың әрқайсысы 5 реттен чемпионаттың жүлдегерлері атанды. «Ақтөбе» мен «Тобылдың» арасындағы тартыстың барған сайын күшейе түскенін осыдан-ақ білуге болады. Тіпті ең салмақты да сабырлы дейтін ойыншылардың да кейде жасыл алаңда жүйкесі сыр беріп жатты. Өз кезегінде фанаттардың қақтығыстары да жиілей бастады. Сондықтан, осы командалардың қатысуымен өтетін кездесулерде полиция күштері көптеп жұмылатын болды. Сондай-ақ, «Ақтөбе» мен «Атыраудың» бір-біріне деген көптен бергі қыжылы бар. Бұл ойындарда да полиция стадионды жіті қадағалауға алады.
Дәл осындай сақтық шаралары «Ордабасы» мен «Тараз» клубтарының ойындарында да қолға алынады. Қос команда арасындағы бәсекенің басталғанына көп жыл өтті. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда «Тараз» ел чемпионы атанса, Оңтүстіктің намысын қорғаған «Жігер» клубы қатарынан бірнеше рет жүлдегер атана білді. Көршілес облыстардың бас командалары үшін кейде чемпионаттағы алған орнынан негізгі қарсыласынан қайтсе де жоғары орналасудың маңызы жоғарылау болатын. Әлбетте, мұның жанкүйерлердің де көңіл күйіне тікелей әсер ететіні анық.
Қаламызда бұған дейін фанаттар арасында ашық түрдегі қақтығыс болған емес. Бірақ, алдыңғы жылы облысымызға «Астана» клубы келгенде шымкенттік бір топ жанкүйерлер қарсылас команданың фанаттық шарфын өртеп жіберген. Әйтеуір, тәртіп сақшыларының араласуымен бұл жанжал тез арада басылды. Айта кетерлігі, өз жанкүйерлерінің ашуын кейде «Ордабасының» ойыншылары да сезеді. Жасыл алаңдағы жігерсіз ойын көрсетіп, жеңіске жету жолында жанкештілікке бармаған кезде көрермендер жергілікті футболшыларды қатты сынға алады. Бүгінде «Ордабасы» командасының өз фан-клубы бар. Оған мүшелікке тіркелгендер арнайы әндерді жаттап, командасын барынша қолдап отырады. Сырт алаңда өтетін ойындарға ілесіп барады.
Соңғы кезде елімізде фанаттық қозғалыстың жаңа түрі пайда болды. Өздерін «ультрас» деп атайтын олар шетелдің жанкүйерлік тәжірибесіне сүйеніп, «өркениетті фанатизмге» бет бұрды. «Өркениетті» дейтініміз - біздегі жанкүйерлер мен Англия, Голландия, Түркия секілді футболы мықты дамыған елдердегі фанаттарды салыстыруға келмейтіні рас. Трибунада жайғасқан мұндай фанаттар пиротехника мен баннерлер пайдаланып, түрлі шоу-акцияларды ұйымдастыратын «ультрастарды» фан-клубпен шатастырмаған жөн. Олар сүйікті командасы сүреңсіз өнермен көзге түсіп, жеңіліп жатса да барынша қолдау танытады. Оның тағы бір себебі - әдетте фан-клубтарға команда басшылығы қаржылай көмек көрсетеді. «Ультрас» болса футбол клубының демеушілігінсіз әрекет етеді, өз пікірін ашық түрде білдіруге ерікті.
Сіз не дейсіз?
Құрал Өкшебаев, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның директоры:
Сақтық шарасы жасалмаса жанкүйерлер қақтығысып қалады
- Футболдағы жанкүйерлердің дені жастар мен жасөспірімдер. Бұл ойындарда үнемі тәртіпті қадағалап отыру керек. Бұл бағыттағы жұмыс әлдеқашан жолға қойылған. Әр кездесуге қанша көрерменнің келетіні белгілі. Тараздың автобустарын алдын ала құқық қорғаушылар арнайы күтіп алады, стадионға бөлек есіктен кіргізеді, ойын біткен соң шығарып салады. Екі жақтың фанаттары екі түрлі секторда жайғасады. Бұл сақтық шаралары жылына екі рет болады. Шымкенттік жанкүейерлер Таразға барғанда да солай болады. Әр ойынға орта есеппен 500-600, қажет болған жағдайда 800-ге жуық тәртіп сақшылары тартылады. Мұндай шара қабылдамай, бетімен жіберсек қызу қанды жанкүйерлер бірімен-бірі қақтығысып қалуы әбден мүмкін. Тек тараздық жанкүйерлермен шектелмейміз. Айталық, былтыр Астанадан әжептеуір көлемде фанаттар кеіп, бір сектордың жартысына жайғасты. Сондықтан, сақтық шараларын әрдайым қабылдаған жөн.
Бекбол Қалдыбек