Түркістанды түлеткен Қайрат Молдасейітов енді Шымкентті басқаруға келді

Screenshot_24.jpg

Облыста осы аптада болған ең үлкен саяси оқиға—Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбай қызметінен кетті. Сонау Амалбек Тшаннан бері есептегенде оныншы әкім—Арман Шәріпбайұлы Шымкенттің шежіресіне қаланы ең ұзақ басқарған әкім ретінде жазылды. Үш бірдей облыс әкімімен жұмыс істеген оның еншісіне қаланы бақандай төрт жылдан астам уақыт басқару бақыты бұйырыпты. 

Жетпісбайдың экс-әкімдердің ішінде ерекшелеп айтар жетістігі  осы ғана десек, мұнымыз тым қатты кеткендік шығар. Оныншы әкім қаланы жаманды-жақсылы, хал-қадірінше басқарды. Рас, кейінгі жылдары Шымкент облыстағы аудан-қалалардың рейтингісінде ең соңғы орындардан көрінді. Көптеген көрсеткіштер бойынша артта қалып, облыс әкімдігінде өткен жиындарда жиі сынға алынды. Алайда тірлігін ширата алмаған Арман Жетпісбай бар-жоғы білінбейтін әкімдердің қатарынан еді десеңіз қателесесіз.  Осы төрт жылдан астам уақыт ішінде әкім қоғамдық ұйымдармен соттасқанымен, мәслихат депутаттарының оған сенімсіздік жарияламақ болғанымен, ол мінген қызметтік көлік жол ережесін қайта-қайта бұзғандығымен есте қалыпты. Сол үшін оның «Рейтинг» газетінің ең сүйікті кеійпкерлерінің біріне айналғаны да рас. Бірақ сынды көп жазғанымызбен жетістігін де жұртқа жарнамалап жүрдік. Дегенмен Жетпісбайдың тұсында облыс орталығының көркін ашатын көптеген нысандар салынды, құрылыс қарқынды жүрді. Бұл жетістіктерде Жетпісбайдың қолтаңбасы жоқ деуге  де ешкімнің қақысы жоқ. Әкімдік қызметінде  Арман Шәріпбайұлы нендей тірліктерді атқарды, қандай «әттең-айларға» жол берді, мұны енді елеп-екшейтін, бағасын беретін халық. Бәрін уақыттың еншісінде қалдырдық.

Жетпісбайдың атқарған еңбегіне облыс әкімі Асқар Мырзахметов те пәлендей пікір білдірген жоқ. Ол қала активімен өткен жиында Арман Шәріпбайұлының қолына келгенше жұмыс атқарғанын, сонымен бірге  кемшіліктердің де кездескенін атап өтті. Осы жиында облыс әкімі Асқар Исабекұлы, әкімдердің ротация бойынша ауысуы заңдылық екенін тілге тиек етіп, «бәріміз де солдатпыз, күні ертең қайда жұмсаса сонда барамыз» деді. Кадрлық ауыс-түйістерге байланысты ел аузындағы әр алуан алыпқашпа сөз өрбіп кеткендіктен бе, бұдан саясат іздеу, болмаса басқа да теріс жорамалдар жасау жөнсіздігін қадап айтып «сенсеңіздер де, сенбесеңіздер осы» деген тұспалының  арғы төркінін жақсы түсіндік. «Мен әкім болайын, болмайын», «Әкім келеді,кетеді, ал ел қалады. Мені қынжылтатыны біздің облыста ауызбіршілік жағы жетіспей жатыр. Ауызбіршілігіміз болмаса бұл тек әкімге емес, елге де сын»деп көкейіндегі ренішін де жасырып қалған жоқ. Ал ауызбіршілік жетіспей жатса бұған қарапайым ел кінәлі ме, әлде сол елдің аманатын арқалап атқа қоған азаматтар кінәлі ме, мейлі шенеуніктер болсын, мейлі ел сайлаған депутаттар болсын.  Облыс басшысы мұны неге айтты? Соңғы апталарда әкімдерді допша домалатқан кадрлық ауыс-түйіске байланысты ма, әлде алда бұдан да үлкен өзгерістердің болатынын білдірді  ме?!...     

 Айтқандай, «қаланың әкімі әні кетеді, міне кетеді» деген әңгімелердің шыққалы қашан. Әлдебіреулер ындыны кеуіп, ұзақ уақыт күткен кадрлық өзгерістің дәл Арман Шәріпбайұлының туған күнімен сәйкес келгенін көрмейсіз бе? Жиында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов экс-әкімді 41 жасқа толған күнімен құттықтауды ұмыт қалдырған жоқ. Мәжілістен кейін журналистерге берген сұхбатына қарағанда, Арман Жетпісбай мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді жалғастырмақ. Әзірге қандай қызметке барары белгісіз. Әйтеуір, Жетпісбай мырза әкімдіктің дәмін татып көргеннен кейін тәттілігіне тәбеті ашыла түскен сыңайлы.  Қолда билік болса оның ел қызығатын бизнесі қайда қашар дейсіз, тәйірі?!  Ал оның орнына бұған дейін Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарған Қайрат Молдасейітов тағайындалды. Қалалық мәслихат облыс әкімінің бұл шешімін бірауыздан қолдады.

Қайрат Молдасейітов те билікке бизнестен келген. Әкімдік қызметке дейін кәсіпкерліктің тасын өрген домалатқан. 2009 жылы оған Ер Түріктің бесігі атанған Түркістан қаласының тізгіні сеніп тапсырылғанда облыс әкімінің бұл шешіміне көпшіліктің сенімсіздеу қарағаны да рас. Жалпы, кәсіпкерліктен әкімдікке келген азаматтарға көпшіліктің тек қалта томпайту, қарын тойдырудың қамымен жүргендей тосырқай қарауы заңдылық қой. Алайда көп ұзамай-ақ Түркістанның әкімінің артынан «алатын әкім емес, халыққа беретін әкім» деген сөз ерді. Қайрат Құсейінұлының іскерлік қабілетінің арқасында Түркістан қаласының бас жоспары қайта бекітілді. Табаны күректей жиырма жылдан бері жылуға жарымай келе жатқан қаладағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға арнап жаңа жылу қазандығы салынды. Бұдан бөлек Түркістанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көптеген спорт нысандары, мүгедектерге арнап тұрғын үй салынды. Киелі қаладан түлеп ұшқан спорт саңлақтары Бекзат Саттархановқа, Октябрь Жарылғаповқа, Әбідсалан Нұрмахановқа ескерткіш орнатылды. 

Әрине, таяу жылдары халқының саны миллионға жететін, Қазақстанда Астана, Алматыдан кейін  үшінші қала болады деген Шымкентті басқару оңай емес. Түркістанды түлеткен жаңа әкім Қайрат Молдасейітов Шымкентте де ел сүйсініп айтып жүрер қолтаңбасын қалдыра ала ма? Мұны уақыттың төрелігіне тапсырдық. 

Мұрағаттан: 26.04.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: