Бұл білместік пе, әлде әдейі облыс әкіміне қыр көрсету ме?
Қаңтардағы сайлауда партияның шешіміне келіспей, мәслихат депутаттығына праймеризден тыс өзін-өзі ұсынғаны үшін бірқатар елге танымал, абыройы жоғары азаматтар «Нұр Отанның» мүшесі болу құқығынан айырылған еді. Алдымен партиядан «ит қосып» қуып, артынан бәрібір жеңіске жеткен оларды сайлаудан соң іле-шала қайтадан «Нұр Отанға» қабылдағанына қайран қалған жұрттың бұл саяси шоуға күлмеске амалы қалмаған болатын. «Нұр Отанның» басшылары ұрандатып жүріп ет қызумен өздеріне мүшелікке тіркелмегендерді де «құрбандыққа шалып» жібергені де кеңкілдеген күлкіге тамызық болды. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты сұрақ қойғанына жазықты болып «Нұр Отанның» бір мүшесіне шара қолданылғаны жайлы қалам тартқанымызда да езуімізге еріксіз күлкі үйрілгені есімізде. «Күлсең «Нұр Отанға» күл» дескенбіз. Енді міне...
«Нұр Отан» партиясының өңіріміздегі филиалының басшысы Асқар Мырзахметов өзінің бірінші орынбасарлығына Сұлтанбек Сүгірбаевты ұсынған екен. Мәссаған, не дейсің, бұл ұсыныс Астанадағы орталық аппаратта қаралып жатқан кезде «Нұр Отанның» Абай аудандық филиалы Сүгірбаевты партия қатарынан шығарып жіберіпті» деген гу-гу әңгіме қазір ел арасында қызуы күшті ең қызық тақырыптың бірі болып тұр. Сенейік десек, «төрағаның өзімен, оны айтасыз анау-мынау емес облыс басшысына ерегіскен әреткетке әдейі барып, аудандық филиалдағылар ақылынан адаспаған шығар» деп әр алуан ойдың жетегіне ердік. Сенбейік десек, «Нұр Отанның» Шымкент қаласы Абай аудандық филиалы Саяси кеңес Бюросы мәжілісінің 13 наурыз 2012 жылғы №6 хаттамасы қолымызда. Хаттаманың қаулысында партия қатарынан шығарылған тоғыз азаматтың арасында Сүгірбаев Сұлтанбек Шойынбайұлы үшінші болып тұр... Апырай,ә «Талай кедейді көріп едім, бірақ тақия жамаған кедейді көргенім осы» ілгеріде біреу осындайды көріп таңданған болар, сірә?!
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Есімхан Бертаевтан біз осы мәселенің мән-жайын тереңірек түсіндіріп беруді сұраған болатынбыз.
--Сүгірбаевтың бірінші орынбасарлыққа ұсынылғанын білеміз. Бірақ бұған дейін емес, осы дау-дамай туғаннан кейін білдік. Сүгірбаев партия қатарынан 13 наурызда шығарылған. 3-4 жыл бойы жарнасын төлемеген екен. Праймеризден өтіп жатқан кезде де оған осы жөнінде 2-3 мәрте ескертіліпті. Оның осы уақытқа дейін де партиямен ешқандай байланысы болмаған. Партияның жарғысы бәріне ортақ деген қағидаға сүйене отырып ол «Нұр Отанның» қатарынан шығарылған. Шығарғандар оның бірінші орынбасарлыққа ұсынылғанын білмеген, —деді ол.
Қазір Сүгірбаевтың партиядан шығарылуы қаншалықты заңды екенін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіліп жатыр. Партия белсенділерінің Сүгірбаевтың ойда-жоқта облыстық «Нұр Отанға» бірінші орынбасарлығына келуі мүмкін екенін білмей қалатын да жөні бар сияқты. Өйткені бұған дейін осы қызметті атқарған Ұласбек Сәдібеков қаңтардағы сайлаудың нәтижесімен Мәжіліс мандатын иеленген соң оны алмастыруға Сүгірбаевтың емес, Алмасбек Мамытбековтың баратыны туралы әңгіменің шеті әлдеқашан шыққан. Облыс әкімінің баспасөз қызметіне жетекшілік жасап жүрген Мамытбековтың әжептәуір жұмысын тастап, партияның атынан депутат атанғаны да осы болжамның түбі дәл келетінін білдіріп еді. Шенеуніктік карьерасында аудан әкімінің иделогия жөніндегі орынбасары, ішкі саясат басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған Мамытбековтың партия жұмысында да, идеология саласында да жинаған тәжірибесі жетерлік. Кезінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасарының да шекпенін киіп көрген. Қазір облыстық мәслихатта «нұротандықтардың» фракциясына жетекшілік етеді. Төраға Мырзахметовтың өзі де ақпан айында бірінші орынбасарлыққа Мамытбековты тағайындайтыны жөнінде партия мүшелеріне алқалы жиында айтып салған болатын. Бірақ Мамытбековтің кандидатурасын облыс әкімінің қалап жарияға жар салғанымен ұсынысының Астанадағы аппаратқа өтпей қалғаны ұят-ақ болды. Онда Алмас Мамытбековті облыстық мәслихаттың депутаты ету, оған қоса партияның мәслихаттағы фракциясының жетекшілігіне сайлау не үшін қажет еді? Алмасбек Мамытбековтің өзге депутаттар сияқты мәслихаттың мандатын пайдаланып, қорғайтын, қолдайтын бизнесі де жоқтығын жұрттан естиміз.Ендеше екі ортада тәп-тәуір жұмысынан айырылып үйіне қамалып отырғаны ойланатын-ақ жайт. Ал облыс әкімі, филилал төрағасы Мырзахметовтің Сүгірбаевқа не себепті аңсары ауа қалуынан бейхабармыз. Әйтеуір ел аузындағы рас-өтірігі белгісіз «Мырзахметов Сүгірбаевты мәслихат хатшылығына өткізбек болған. Алайда бұл жоспарына депутаттар қырын қараған соң «Нұр Отанның» бірінші орынбасарлығына ұсыныпты» дейтін сыпсың сөзді біздің де құлағымыз шалды.
Өзге жұрт не десе, о десін, бірақ Сүгірбаевтың бірінші орынбасарлыққа ұсынылғаны партия ішіндегі қазіргі ахуалды айқын аңғартып берді. Партиялық жарнасын бірнеше жыл төлемеген, өздерінің айтуынша бұған дейін «Нұр Отанмен» титтей де шаруасы жоқ Сұлтанбек Сүгірбаевтың өткен сайлауда праймеризден өтіп, мәслихат депутаты атанғанын қалай түсінуге болады? Сайлаудың додасына қосуға партиямен тонның ішкі бауындай араласып жүрген өзге кандидаттың табылмағаны ма? Сол сайлаудан кейін аты-жөнін көпшілік біле бермейтін талай кандидаттың жеңіліс тапқаны да партияның беделіне әжептуір сын болды емес пе? Бұған дейін Мәжілістен ойып тұрып 10 орын алып жүрген оңтүстікқазақстандықтардың биылғы сайлауда бар-жоғы 3-ақ депутатпен шектелуі талай жайттан хабар береді. Мәжіліске кімдердің ұсынылып, кімдердің өтпей қалғаны не себептен екені алдағы уақытта қозғалатын бөлек тақырып.
P.S. Айтқандай, осы мақаланы жазу барысында Сұлтанбек Сүгірбаевтың өзімен де тілдескенбіз. Ол «ешнәрседен хабарым жоқ, бәрін партияның облыстық филиалынан сұрай беріңіз. Маған ешкім шақырып ұсыныс айтқан жоқ, мен қазір жұмыссыз әрі зейнет жасындағы адамммын, облыстық мәслихаттың депутатымын» деді. Сонда қалай, Мырзахметов шешім қабылдарда Сүгірбаевтың өзімен де ақылдаспағаны ма, әлде бірінші орынбасар боламын деп оңбай сүрінген Сүгірбаев шамадан тыс сақ сөйлеп «сезікті секіредінің» керін келтіріп отыр ма? Қалай десек те партиямен еш байланысы болмаса, 3-4 жылдан бері жарна төлемей жүрсе Сүгірбаевты басқа кезде емес дәл осынау сын сағатта сүріндіру расында да аудандық филиалдағылардың шешім қабылдаудағы білместігі ме, әлде әлдекімдердің облыс әкіміне әдейі қыр көрсету үшін сәтті ойластырған сценарийі ме? Сіз қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман!
Сіз не дейсіз?
Сұлтан Атыхаев, Сүгірбаевтың партиядан шығарылуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан комиссияның жетекшісі:
«Тексеру аяқталған жоқ»
--Осындай оқиғаның болғаны рас. Біз тексеру жұмысын әлі жүргізіп жатырмыз. Тексеру аяқталған жоқ. Қандай қортынды шығарылғанын тексеруді бітірген соң айтамыз.
Әбілқасым Досболов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси Бюро мүшесі:
«Екеуі де тура келмейді»
--Хабарым жоқ, білмеймін... Сүгірбаевты ұсынып па, қой. Сізден естіп отырмын.
--Сүгірбаевты төрағаның бірінші орынбасары болуға лайықты деп ойлайсыз ба?
--Енді, ұсынған соң лайықты деп санаған шығар.
--Төраға бұған дейін бұл орынға Алмас Мамытбековты ұсынған екен. Қалай ойлайсыз екі кандидаттың қайсысы өтеді?
--Мамытбековты ұсынған рас. Бірақ екеуі де өтпей қалды ғой. Екеуі де тура келмейді.
--Анық келмей ме?
--Мен қайдан білейін. Бүгінде «көрдің бе, көрген жоқпын, естідің бе естіген жоқпын» деген дұрыс. «Тек жүрсең, тоқ жүресің».
Мұрағаттан: 19.04.2012