Мақтаралда бәрі тамаша! Алайда, қағаз жүзінде ғана...

Screenshot_21.jpg

Редакциямызға Мақтарал ауданынан «ашулы» хат келді. Авторы Зиядин Ахмет. Аудандық мәслихаттың депутаты. Айтқандары кісі таңқаларлық. Алдымен сол хаттан қысқаша үзінді.

«...Жергілікті жерлерде коммуналдық қызмет көрсету істеріне аудандық және облыстық бюджеттен 1 миллиард 556 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл өте мол қаржы. Бұған 500 үйлік бір ауыл тұрғызуға болады. Аталған қаражат «Жасыл желек», «Жетісай мемлекеттік кәсіпорын», «Мақтарал сервис» коммуналдық қызмет көрсету мекемелері арқылы игерілген. Мақұл, игерілді делік, бірақ, атқарылған жұмыстың сапасы қандай? Мәселе сонда. Халық риза болмаған жұмыс кімге керек? Игі істің игілігін халық көру керек қой...» дей келе өзі депутаттық сауал жолдау арқылы алған мәліметтерін тізіп шығады. Хаттың соңына «менің осы айтқандарымды өзгертпей бассаңыздар екен. Фактілердің дұрыстығына өзім жауап беремін» деп өтініш етіпті. Алайда, құлақпен естіген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек. Осы ұстаныммен арнайы Мақтарал ауданына табан тіредік. Әрине, Зиядин Ахмет жолдаған хатта өте көп мәселелер қозғалған. Алайда, біз көзбен көргендерімізге ғана тоқталып өткенді жөн көрдік. 

«...Көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарына былтырғы жылы 148 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, игеріліпті. Аудан бойынша 69 гектар абаттандырылды делінген, мәліметте. Бұл дегеніңіз кішігірім орман. Сол 69 гектар жерден қазіргі таңда көгеріп тұрған 6 ағаш таппайсың...». Депутат осылай деп шырылдайды. Оған көз жеткізу үшін бүкіл ауданды шыр айналып шарлап шығудың қажеті жоқ. Мұхит суының дәмін білу үшін бір жұтымы да жеткілікті. Басқа жақты емес, аудан орталығына бастайтын негізгі, күре жолдың бойына былтыр шаншылған шыбықтарға назарымыз түсті. Шынында да отырғызылған көшеттердің арасынан бірен-сараны болмаса көгеріп тұрған көшеттерді көрмедік. Қурағаны қураған, қурамағанын мал жеп, сындырып тастапты. Сонда, шыныда да бұл қаржыны желге шашу болмағанда не болды?! Тағы да әлгі хаттан үзінді келтірейік. 

«...Жергілікті тұрғындарды тәулігіне 12 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында миллиондап қаражат бөліпті. Қаражаттың бөлінгені жақсы, өкінішке қарай ауыз су 12 сағат бойы беріліп жатқан жоқ қой. Кейбір елді-мекендерде бар болғаны бір-ақ сағат беріледі. Осы мерзімде үлгерсең ауыз су аласың, үлгермесең күні бойына сусыз қаласың...». Бұл айтылғанға көз жеткізу үшін де аудан орталығы – Жетісайдан алысқа ұзаудың қажеті болмады. Жетісайға жапсарлас жатқан Құрбан ата ауылының тұрғындары ауыз су сапасы мен оның берілуіне келгенде өкпелері қаза қазандай екен. 

- «Жылағанның көзі жаман, айтқанның аузы жаман»дейді ғой қазақта. Бірақ, үндемей отыруға тағы болмайды. Ауыз су күніне бар болғаны 2-3 сағат қана беріледі. Оның өзі у су. Бір кесе суға бір уыс тұз салғандай ащы. Адам іше алмайды. Малдың өзі жиіркеніп, әзер сіміреді. Кішкентай балалардан обал болды. Ертеңгі денсаулықтары қалай болар екен деп алаңдаймыз. Ал мұны ойлап, амал жасап жатқан ешкім жоқ. Қазір көлігі барлар тіршілік нәрін тасып ішеді, көлігі жоқтар осы суды қанағат тұтудан басқа амалдары жоқ. Бізге су жіберетін «башняның» айналасы кішігірім көлшікке айналған. Жан-жағында әжетханалар да бар. Сол сасыған су жерге сіңіп, мұнараға қайта көтеріліп, ауламыздағы құбырдан ағып жатпасына кім кепіл? Ал біз соны ішіп отырмыз. Судың ақшасын төлер кезде мұның себебін сұрағымыз келеді, сондағы жауаптары «электр энергиясына ешкім ақша төлемейді» дейді. Онысын ай сайын төлеп отыр емеспіз бе? - дейді осы ауылдың тұрғыны Қынакүл Бегалиева.

    Кәдірбай Отарбаев ақсақал да осы ауылдың байырғы тұрғыны. Ауылдағы жағдайды бес саусағындай білетініне сенімді. «Ауылға өкіметтің құрып берген ештеңесі жоқ. Барлығын ауыл тұрғындары өз күштерімен жасап жатыр. Жарықты да, газды да, - дейді ол.--Естуімізше қалтамызға күнделікті салып жүрген «сотканың» өзі денсаулыққа зиян екен. Ал оның толқын қабылдап, жөнелтіп отыратын үлкен антенасын су беретін мұнараның қақ төбесіне қойып қойғанына бірнеше жыл болды. Оны алып таста деген талабымызды тыңдар құлақ жоқ. Алдыңғы жылы ауыстырған, яғни жаңа деп қойған мұнараның төрт-бес жері тесік. Оған су толған сәтте сол тесіктерден сорғалап тұрады. Айналасы су басып, оның ішінде бақылдап бақалар секіріп жүр. Мұны көріп-біле тұра тиісті мекемелер неліктен жөндемейтінін түсінбеймін. Мұнараны ауыстыру үшін ортақ қазынадан қаншама қаражат жұмсалды, күтіп ұстау үшін де жыл сайын қаражат қаралады. Оның қарапайым халыққа пайдасы қане? Ал ауыз суымызды тұп-тұнық етеді деген «Омега» қондырғысының істегенінен істемейтін уақыты көп. 

Сейіт Бекмұрзаев дәл су мұнарасының түбінде тұрады. Әлгі айтқан көлшік оның бауына да жайылып, қабырғасы зәктелген сарайы құлапты. Биыл енді бау егу де қиын болып қалғандығын айтып қиналады. Ал ауыз су сапасы өте төмен болғандықтан, бала-шағаның аузынан жырғандай болып, екі мың долларға фильтр орнатыпты. «Фильтрден өткеннен кейінгі судың жарамсыз бөлігін көрсеңіз, өз көзіңізге өзіңіз сену қиын. Өте лас. Сол суды ішіп жүр екенбіз. Қазір фильтр де толып қалды. Енді тазалату үшін де біраз қаражат керек. Осының барлығын арызға түсіріп, әкімшілікке тастап кеттім, әзірге ләм-мим деген ешкім болмай тұр», - дейді С.Бекмұрзаев. 

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы М.Абибуллаевтың есебін тыңдаған адамның бақыттан басы айналып, шенеуніктерге мың алғыс айтары сөзсіз. Сенбесеңіз, сіз де тыңдап көріңіз. 

«...182 елді-мекеннің 152 елді мекеннің халқы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл 99,53 пайыз...2011 жылы аудан көлеміндегі 13 елді мекендерінің ауыз су жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 183 миллион 573 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда ол толық игерілген. Жергілікті бюджеттен 150 миллион 695 мың теңге бөлінген. Оның 80 миллион 550 теңгесі ауыз су жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген. «Омега» су тазартқыш қондырғыларын күтіп ұстауға 28 миллион 665 мың теңге бөлінген. Тұрғындарға тәулігіне 24 сағат ауыз су беру мақсатында 7000 дана ауыз су есептегіш құралдарын орнату жоспарланған. Жергілікті бюджеттен ауыз су есептегіш құралдарына 9 миллион теңге бөлініп, толық игерілді...». Осылайша жағымды ақпарат  жалғасып кете береді. Аудан орталығына ең жақын орналасқан ауыл арасын аралап жүріп байқадық, көшені жарықтандыратын лампаларды бағаналарға әркім өздері орнатып алған. Ол үшін ай сайын төлемақы да төлеп отырады. Ал шенеуніктердің есебінде қандай?

...2011 жылы аудан елді мекендерін жарықтандыруға жалпы бөлінген қаржы 41 миллион 686 мың теңге. Оның 23 миллион 879 мың теңгесі түнгі шамдар орнатуға бөлінген...

Жоғарыда айтқанымыздай, көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына 148 миллион 742 мың теңге бөлінсе, оның 22 916,9 мың теңгесі жаңа көпірге жалау және аудан бойынша көрнекті жерлерге баннерлер (билборд) орнатуға қаралыпты. Ал Жетісайға кіре беріс тас жолдың бойына орнатылған баннерлер депутат Ахмед Зиядиннің айтуынша, қатты соққан желге шыдас бермей, шетінен сынып құлапты. Сапасыздығынан. Ал күн сәулесінен қуат алады деген жарық шамдары дұрыс жұмыс істемейді. Ал бұл үшін 15 миллион 372 мың теңге бөлініп, игерілген.  

Айтқандай, Жетісай қаласын мерекелерге қарсы безендіруге қаралған қаражаттың өзі 31 995,4 мың теңгеге тең. Не деген жомарттық десеңізші! Ол да толық игеріліпті. Игерілуінде мін жоқ, ал сапасында ше?

«Ауданның елді мекендері ауыз сумен толық қамтылмаған. Көптеген елді мекендерде ауыз судың сапасы төмен. «Омега» су тазартқыш қондырғылары орнатылғанымен, олардың көпшілігі іске қосылмай тұр. Бюджеттің қаржысын желге ұшырмай, құрылғыларды тұрғындар игілігіне пайдалану керек. 2011 жылы «Жасыл аймақ» бағдарламасына сәйкес 65 гектар жерге түрлі көшеттер егу жоспарланып, 69,874 гектар жерге 109048 дана көшет отырғызылған. Бірақ, көгеріп, өсіп, көзге көрініп тұрған жасыл желек жоқ. Егілген көшеттер өнбей, сындырылып, қурап қалған. Көшеттерге қарайтын және егелік жасайтын жауапты мекеме белгіленбеген». Бұл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына қатысты аудандық мәслихаттың бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның қорытындысы. 

    Байқайсыз ба, Мақтаралда бәрі тамаша! Алайда, қағаз жүзінде ғана...Мұны редакциямызға «ашулы» хат жолдаған аудандық мәслихаттың депутаты Ахмед Зиядиннің жанайқайын жерде қалдырмай сол өңірге журналистік зерттеу жүргізу үшін арнайы ат басын бұрғанымызда өз көзімізбен көріп қайттық. Ал осының барлығын үйлестіріп, қадағалау жасап, нәтиже шығарып, керек кезінде қатаң шара көріп отыруы тиіс аудан әкімі Серік Тұрбековтың «көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрған келеңсіздіктерді  байқамағаны ма? Әлде басқа себебі бар ма екен? Сонда әкім Серік Тұрбековтің сенімді ақтаған сиқы осы ма?  

Мұрағаттан: 19.04.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: