Шымкент қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Жангелді Махашев:
«Заңды тұлғалардың арасында жұмыс істейтінінен істемейтіні көп»
- Шымкент қаласының дамуында, бюджетінің артуында, жұмыссыздықты ауыздықтауда кәсіпкерлік саласның алар орны ерекше. Осы маңызды саланың бүгінгі хал-ахуалы қалай?
- Шымкент қаласын тұтас бір ағза деп алсақ, кәсіпкерлік сол ағзаның күре тамырларының бірі десе де болады. Тіпті, қаланың болашағын да тікелей осы саланың маңыздылығымен байланыстыруға болады. Кәсіпкерлік өркендесе, облыс орталығының да келбеті көркейіп, әлеуметтік ахуалы артады, мүмкіндік аясы кеңейеді. Бірінші сәуірге дейінгі цифрды сөйлетер болсақ, кәсіпкерліктен нәсіп іздеген тұлғалардың саны 49 746-ға жетіп, өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 4,9 пайызға өскен. Оның 3365-і заңды тұлғалар да қалғаны жеке тұлғалар. Сондай-ақ, 162 шаруа қожалығы есепте бар.
- Осы айтып отырған тұлғалар түгелдей тірлігін дөңгелетіп, табыс тауып отыр ма?
- Олай деп айта алмаймыз. Өкінішке қарай, санда бар да өмірде бар-жоғы белгісіз тұлғалар аз емес. Жоғарыда айтылған кәсіпкерлік субьектілерінің тұрақты жұмыс істейтіндерінің қатары 80 пайызды құрайды. Қалған 20 пайызы қызметін уақытша тоқтатқандар, ұзақ уақыттан бері жұмыс істемей келе жатқандар болып табылады. Бұл тізімнің қатарын негізінен заңды тұлғалар көбейтіп отыр. Мәселен, қазіргі кезде тіркеуде 12 564 заңды тұлға тұрғанымен, олардың 3365-і ғана тұрақты жұмыс істейді. Бұл жалпы есептегі заңды тұлғалардың 26,8 пайызы ғана. Міне, біздің алдағы уақытта жолға қоюды қажет ететін мәселеміздің бірі осы болып тұр. Тіркелген тұлға тұрақты жұмыс істеуі, жұмыссыздардың санын біреуге болса да төмендетуі, ортақ қазынаға салық түсіруі тиіс. Осы мақсатты жүзеге асыруды қолға алатын боламыз. Ал 49 179 жеке тұлғалардың 2980-інен өзгесі шаруасын дөңгелетіп, өмір көшімен ілесіп келеді.
- Осы аталған кәсіпкерлік нысандар жыл басынан бері қанша теңгенің көлеміндегі өнімдерді шығара алды?
- Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында орта және кіші кәсіпорындар 19 706,1 миллион теңгенің өнімін шығарды. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда аздап болса да өсім бар. Осы саланың арқасында бүгінде 96 928 адам жұмыспен қамтылған.
Айтылып отырған мерзім ішінде «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы 7 пайыздық өсіммен және 8 пайыздық лизингтік несие арқылы 181,3 миллион теңгені құрайтын 10 жоба мақұлданды. Несиені қайтару жоспары да толығымен орындалуда. Ал «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіпорынды модернизациялау мен кеңейтуге несие қажет ететін кәсіпорындарға өз бағдарламалары аясында жалпы құны 474,8 миллион теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданып, іске асырылуда.
- Өзіңіз айтқандай, кәсіпкерлік саласы қаланың күре тамырларының бірі десек, кәсіпкерліктің күре тамыры өнеркәсіп болса керек...
- Оныңыз рас. Өнеркәсіп саласын дамыту негізгі бағыттарымыздың бірі. Алғашқы тоқсанда қаламыздағы өнеркәсіп кәсіпорындарында 40 515,9 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл саладағы көрсеткіштерге талдау жасай отырып байқағанымыз, қазіргі кезде ағаштан жиһаз жасау кәсібінде үлкен қарқын бар. Нақты айтқанда, 5,1 есеге дейін артқан. Ал кернеуі жоғары электр аппаратын шығару ісі 3,5 есеге артса, ерлер жұмыс киімін тігу 51,5 пайызға дейін ұлғайған. Сол секілді өңделген сұйық сүт өнімдерін, сабын, трикотаж өнімдерін, тазартылған май және басқа да өнімдерді өндіру көлемі көбейген. Ал бидай ұны, алкоголь сусыны, сыра, мақта маталар, фосфор өндіру ісінде керісінше көрсеткіш кері кеткен.
Өнеркәсіп саласындағы алға қойып отырған негізгі мақсаттарымыздың бірі – тоқтап тұрған 4 кәсіпорынды, атап айтсақ, «Ютекс», «Меланж», Асбоцемконструкция» акционерлік қоғамдары мен «Шымкент тері аяқ киім зауыты» ЖШС-ын іске қосуымыз керек. Бүгінгі таңда екі жақты іс-шаралар жоспарын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатымызды ойдағыдай іске асырар болсақ, өнеркәсіп саласы үшін оңды өзгеріс болар еді.
Өнеркәсіпті сөз еткенде Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын айналып өтуге болмайды. Облыс әкімінің 2010-2014 жылдарға арналған өңірлік индустриаландыру картасына сәйкес, 2010 жылы 2, 2011 жылы 14, ал 2012 жылы 6 жобаны іске асыру жоспарланған. 2010 жылы жоспарланған 2 жоба іске қосылса, өткен жылы 14 жобаның нақты 8-і орындалды. 1 жоба биылғы жылға ауыстырылса, 3 жоба мерзімінде қосылмады. Экономикалық тиімділіктің төмен болуына байланысты екі жоба картадан алынды. Биыл іске қосылуы тиіс 6 жобаға тағы 9 жоба енгізілсе, 2 жобаның мерзімі 2013-2015 жылдарға ауыстырылды.
Елбасының өзі жіті назарда ұстап отырған «Оңтүстік» индустриалық аймақта өткен жылы құны 3,5 миллиард теңге болатын 8 жоба іске қосылды. Соның арқасында 668 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал үстіміздегі жылы құны 1,9 миллиард теңге болатын 10, келесі жылы 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
- Ұлы Жібек жолының бойындағы Шымқаламыздағы сауда саласы қалай дамып келеді?
- Дәл бүгінде Шымкент қаласының аумағында 2300-ден астам сауда дүкендері мен сауда үйлері, 984 қоғамдық тамақтандыру орындары, 34 базар мен сауда қатарлары халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл нысандарда нәпақа тауып жүргендердің саны 24 мың адамнан асады. Үстіміздегі жылдың өзінде «SABTEX», «Керемет», «Евромаг», «ДЕФИЛЕ» сауда үйлері және «Гаухар сарайы» тойханасы, «Кристина», «Пантера» секілді халыққа қызмет көрсету орындары ашылып, 400-ден астам адам жұмыспен қамтылды.
Алғашқы тоқсанда қала бойынша бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 27 361,8 миллион теңгені құрады. Ал көтерме сауда тауар айналымы 57 878,6 миллион теңгеге жетті.
- Шымкентте жабайы сауда жайы жиі ушығып жатады. Осы мақсатта қандай іс-шаралар қолға алынуда?
- Жабайы, яғни ретсіз сауданың жиі мазалайтыны рас. Ол негізінен базар басшылығының сауданы реттеуге құлықсыздығынан туындап жатады. Соның салдарынан базар біткеннің айналасы жабайы сауданың көрігін қыздырады. Мұның көлік қозғалысына тигізер кері әсері де орасан. Осы жылы ретсіз сауда орындарын жою іс-шарасы бекітілген. Қала әкімінің өткен жылдың мамыр айындағы өкімі бойынша қала аумағындағы үш аудан бойынша құрылған үш жұмысшы тобы жоспарға сай жұмыс істеулері тиіс болатын. Алайда, жұмысшы топтар өздеріне бекітілген міндетті дұрыс атқара алмай отыр. Бұл мәселеге байланысты қала әкімдігінің жиналысында да үлкен сын айтылды. Сол сыннан қорытынды шығаратын кез келді.
Шымкент қаласы аумағында орналасқан құрылыс және жиһаз базарларын қала сыртына көшіру іс-шарасының жоспары бекітіліп, қала аумағында жұмыс жасайтын құрылыс базарларына сараптама жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысына орай, құрылыс базарларын қала сыртына көшіру үшін жалпы көлемі 59,2 гектар жер телімінің қажет екендігіні анықталды. Жобаның сметалық құнын дайындау 3 ай мерзімде жүзеге асырылады.
- Ауылшаруашылық саласына да аз-кем тоқталып өтсеңіз...
- Шымкент қаласы бойынша ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі 14 331 гектарды құрайды. Оның 6051 гектары егістік жерлер. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын 183 шаруа қожалығы мен 15 өндірістік кооператив, 16 ЖШС бар.
Қала тұрғындарын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қоймалар салу көзделген. Өткен жылы сыйымдылығы 26,7 мың тонналық жеміс, көкөніс сақтау қоймасын салу тапсырылса, нақты іске қосылғаны 17,2 мың тонна. Үстіміздегі жылдың 1-қаңтарына осы қоймаларда 4,7 мың тонна азық-түлік тауарлары сақтауға қабылданған. Биылғы жылы қоймалар көлемін қосымша 19,2 мың тоннаға ұлғайту межеленіп отыр.
Әңгімелескен, Ш.Мекенбайұлы
Мұрағаттан, 31.05.2012 ж