Жұмағали Исмаилов басқаратын облыстық денсаулық сақтау саласындағы әбден ушыққан шиеленіс бұған дейін бірқатар республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты өткір сынға ілігіп келсе, енді, міне, даулы мәселеге Елбасы саясатының дұрыс жүзеге асуын кеңінен насихаттайтын қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, еліміздегі ең көшбасшы басылым «Егемен Қазақстан» да тікелей араласуы талай жайтты аңғартады. Басылымның 26 мамыр күні жарық көрген санында «Нүктесі қойылмайтын дау» атты мақала жарияланып, онда облыстьың медицина саласындағы былықтар, мемлекеттік сатып алу саласындағы қайшылықтар тақырыбы қозғалды. Астанадан арнайы тілішінің оңтүстікке әдейі келіп, журналистік зерттеу жүргізіп, өте көлемді мақала жазуына бірқатар шымкенттік кәсіпкерлердің редакцияға келіп түскен арызы негіз болған.
Қаңтар айында медициналық техника мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға байланысты тендер жарияланған кезде-ақ тұтанған дау-жанжалдың жалыны басылар емес. Біліктілік талаптарына сай емес деген желеумен конкурсқа қатыстырылмаған бірқатар фирма басшылары әділдік іздеп сотқа да жүгінді. «Аптека-5» ЖШС мен «ЭКО-БАРС» ЖШС директорлары қол қойған арызда тендер өткізуде байқалған заңсыз әрекеттер мен бұра тарту фактілері егжей-тегжейлі баяндалған. Екі фирма басшылары тендердің хаттамасын жарамсыз деп тануды, сондай-ақ басқарманың әлеуетті жеткізуші компанияларымен келісім-шартқа қол қоюға тыйым салуды талап етіп, сотқа арызданды. Осы секілді келеңсіздіктер онсыз да жағдайы мәз болмай тұрған Оңтүстіктегі медицина саласын тіптен тығырыққа тіреп тастағаны хақ. Дауға арқау болған негізгі жайттарға тереңірек үңілейік.
«Аптека-5» ЖШС және «ЭКО-БАРС» ЖШС ұсынған құжаттарын қараған тендерлік комиссия тауарларды жеткізу мерзімі сөзбен емес, санмен көрсетілгеніне шүйлігіп, кемшілік ретінда алға тартыпты. Әділетсіздікке ұшыраған фирма өкілдері сотқа жүгінуіне тура келді. Оның үстіне, басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың өзі де кезінде тауарларды медициналық мекемелерден келіп түскен тапсырыстар кестесі негізінде жеткізу қажеттігі жайлы бұйрыққа қол қойғаны анықталды. Істің мән-жайын қараған сот тендерлік комиссияның жұмысында кемшіліктерді анықтап, шағымданушылардың талап-арызын қанағаттандырды. Кішігірім ұсақ-түйекке қадалатын денсаулық сақтау басқармасының басшылығы есесіне бюджеттің қыруар қаржысын үнемдеуге құлықсыздық танытатыны да әшкере болды. Басқасын былай қойғанда бұл Елбасы саясатына қарсы әрекет екенін Жұмағали Исмаилов білмейді дегенге сену қиын-ақ. Әлде биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы министрліктер мен ведомостволарға бюджеттің қаржысын 20 пайызға дейін үнемдеуді тапсырғанын білмей ме?
Қалай болғанда да конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз болып танылған компаниялардың ұсынған бағасы тендерден шеттетілген «ЭКО-БАРС» ЖШС-ның ұсынысынан әлдеқайда жоғары болып шықты. 43 лот бойынша конкурсқа құжат өткізген бұл фирма ең төменгі бағаны ұсынғанына қарамастан шеттетілді. Бірер мысал келтірейік. №129 лот бойынша «ЭКО-БАРС» ЖШС қажетті көлемдегі дәрі-дәрмекті 17 миллион 450 мың теңгеге жеткізіп беруге келіскен. Алайда, комиссия мүшелерінің бүйрегі 31 миллион теңге көлемінде, яғни екі есе қымбат баға ұсынысын алға тартқан «Зерде» ЖШС-на бұруының астарында не жатыр? №132 лот бойынша «Дана Эстрела» ЖШС 8 миллион 79 мың теңге баға ұсынысымен жеңімпаз атанған, ал «ЭКО-БАРС» ЖШС дәл осы көлемдегі қызметі үшін 6 миллион 730 мың теңге ұсыныпты. Сот барысында анықталғандай, осы лоттар бойынша «ЭКО-БАРС» ЖШС жеңімпаз деп танылғанда мемлекеттік қазынаның 127 миллионнан астам қаражаты үнемделер еді. Бюджеттің қыруар қаржысын үнемдеу мүмкіндігіне мән бермей, оның орнына құжаттардағы мардымсыз кемшіліктерге қадалған комиссияның әрекетіне сот негізсіз әрі заңға қайшы деген баға беріп, талапкерлердің арызын қанағаттандырды.
Денсаулық сақтау саласындағы былықтар тіптен көбейіп кеткендіктен облыс әкімдігі тарапынан да қызметтік тексеру жүргізілді. Облыс әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы Ж.Дайрабаевтың баяндамасында бірқатар кемшіліктер келтірілген. Мәселен, тендерлік комиссия конкурсқа қатысуға ниет танытқан 29 фирманың арасынан тек 2 өнім беруші – «Қазмедприбор» ЖШС және «ЭКО-БАРС» ЖШС ұсынған медициналық техниканы өндірушінің сенімхаттарына күмәнданып, өндіруші зауыттың өзінен құжат алдыртуды талап еткен. Қалған қатысушыларға ондай талап қойылмапты. Оның үстіне, тендерге қатысушы жалғыз отандық тауар өндіруші болса да, «Қазмедприбор» ЖШС осы желеумен конкурстан шығарылды. Сатып алынатын заттардың сипаттамасына да қатысты түсініксіз әрекеттер жүзеге асырылғанын атап өткеніміз абзал. Мемлекеттік сатып алудың Ережесінде дәрі-дәрмектердің халықаралық патенттелмеген атаулары көрсетілуі тиіс деп жазылған. Алайда, денсаулық сақтау басқармасы бұл талаптан аттап өтіп, нақтылы өндірушілер шығаратын, «фирмалық атауы» бар дәрілік заттарды көрсеткен. Айталық, «ВЕКТОР-БЕСТ» жабық акционерлік қоғамы шығаратын нақты тауарлардың атаулары келтіріліп, осы фирманың мүддесін күйттеген. Тағы бір әшкере болған кемшілік – басқарма жылдық сатып алу жоспарында мүлдем қаралмаған заттарды сатып алған. Арызда жалпы сомасы 3 миллиард 694 миллион теңгені құрайтын медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалар биылғы мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізілмеген және веб-порталда жарияланбағаны келтіріліпті. Ал заң талабы бойынша мемлекеттік сатып алудың бекітілген жылдық жоспарында көзделмеген тауарларды сатып алуға жол берілмейді.
Сатып алынатын дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттардың бағасын белгілеуде де көптеген кемшіліктер орын алды. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, сатып алынатын медтехниканың басым бөлігінің құны нарықтағы бағадан әлдеқайда жоғары. Айталық, ультрадыбыстық диагностика аппаратының 1 данасының бағасы 23,1 миллион теңге көлемінде белгіленіпті. Ал «Медтехника» ЖШС ұсынған баға 12 миллион теңгеден аспайды. Конкурс арқылы осындай 14 құрал сатып алу жоспарланғанын назарға алсақ, бюджеттің 155,4 миллион теңгесі үнемделмей қалатыны түсінеміз. Және бір қымбат қондырғы – электрокардиографтың бюджеттегі құны 11 миллион теңіге көлемінде бекітілсе, «Медтехника» АҚ дәл осы аппаратты 2,1 миллион теңгеден жеткізіп бере алады екен. Былтыр лазерлік офтальмологиялық жүйе 11,9 миллион теңгеге сатып алынған болса, биылғы осы мақсатта 22,8 миллион теңге қаралыпты. Бір жыл ішінде бағаның екі еседей өсіп кетуі күдік тудырмай қоймайтыны рас. Жеңімпаз компанияларыдң бірі - «Аркау Инновейшенз» ЖШС 6,2 миллион теңге тұратын өкпені жасанды желдету аппаратын 11,7 миллион теңгеге, нарықта 7,5 миллион теңгеге бағаланатын нәрестелер үшін жасанды желдету аппаратын 16,2 миллион теңгеге жеткізіп беретін болды. Тағы бір назар аударарлық жайт – жеңімпаз фирмалардың барлығы дерлік Алматы мен Таразда тіркелген. Күлесіз бе, жылайсыз ба, жүздеген миллион теңгенің тендерін ұтып алған «Ерсаймед», «Медилюкс», «Жеңімпаз-Мед», «TND», «Қазевромед», «Атон-Диагностика», «В.Е.К», «Алтын-Мед», «Аркау Инновейшенз» секілді фирмалар өздерінің баға ұсыныстарында мемлекет қаржысын бар-жоғы 0,01 пайыз көлемінде үнемдейтінін көрсетіпті. Бұл – тендерде жеңетіні алдын-ала келісіліп қойған компаниялардың тірлігі. Ал тендерде ұтылып қалған жергілікті фирмалар болса қаржы 5-15 пайызға дейін үнемдеуді ұсынған болатын. Мәселен, 42 лот бойынша конкурсқа қатысқан «Қазмедприбор» бюджетте қаралған 577,7 миллион теңгенің орнына 421,8 миллион теңге ұсынған. Осының арқасында мемлекеттің 156 миллион теңгесін үнемдеуге болар еді.
Мақалада денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың да уәжі келтірілді. Көптен бері баспасөз беттеріндегі сыннан көз ашпай келе жатқан, сыналғаны үшін бірқатар басылымдарға өкпелеп жүрген Исмаилов үшін бұл өзінің пікірін жеткізудің, позициясының дұрыстығын білдірудің тамаша мүмкіндігі емес пе? Алайда, басқарма бастығы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісінен бұл мақаланы жарияламауды ауызша да, жазбаша да өтініпті. Бұл не, «сезікті секіредінің» кері ме? Әйтеуір, амалдың жоқтығынан Исмаилов мырза қарсы уәждерін айтқансыған. Содан ба, сөздері сенімсіздеу шығыпты.
«Аптека-5», «ЭКО-БАРС», «Қазмедприбор», «Фитофарм» ЖШС арыздарында баяндалған фактілерді тексеру бойынша ФМҚБКД 13.04.2012 жылдың актісіне сәйкес басқарманың тендерлік комиссиясының көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдерін қабылдамауы, сондай-ақ тұтас сатып алудың іске асырылуы сияқты заңды және негізді деп танылды, өткізілген тендерлердің нәтижесіне әсер етуі мүмкін болатын ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады. Бұл пайымдаулар негізсіз және шындыққа қайшы келеді» дейді Исмаилов. Сондай-ақ, өз жауабында басқарма бастығы тендерге 30 лот бойынша қатысуға тілек білдірген барлық әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдеріне сенімхаттары қоса тіркелген медициналық техниканың ресми дистрибьюторлеріне көрсетілген әлеуетті өнім берушілерге сенімхаттарды беруді растауды өтініп, ресми сауалдар жолданғанын айтады. Сонымен, сауалдар тек «Қазмедприбор», «ЭКО-БАРС» ЖШС-іне қатысты емес, осы лот бойынша қатысқан «Пром-ЕА» ЖШС-іне де қатысты жіберілген екен.
Тағы да Жұмағали Исмаиловтың келтірген уәжіне құлақ түрелік: «Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша материалдарды басқарма тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберді. Сонымен, арыз иелерінің дәлелдері, сондай-ақ тендерлік комиссия мүшесі – облыс әкімі аппаратының қызметкері Ж.Дайрабаевтың басқарманың мұндай сауалдарды жіберуге және медициналық техниканың өндірушілерден жазбаша растау алуға құқығы жоқтығы туралы ерекше пікірі негізсіз және заңсыз. Ереженің 17 тармағына сәйкес сатып алу кезінде халықаралық патенттелмеген атауларды көрсету дәрілік заттарға қатысты, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қатысы жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы өткізген тендерлеріне барлық дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары көрсетіліп отырған. Хатта көрсетілген «Вектор-БЕСТ» АҚ өндіретін тауарлар медициналық мақсаттағы бұйымдарға жатады. Сол себепті, тендерлерде «Вектор-БЕСТ» АҚ өндіретін тауарлардың атауын көрсету заңдылыққа қайшы келмейді. Біріншіден, 2011 жылы лазерлік офтальмологиялық жүйе сатып алынбаған, сатып алынған құрамдастырылған лазерлік қондырғының құны 20 580 мың теңгені құраған, сатып алуды ұйымдастырушы «СК-Фармация» ЖШС-і. Сол себепті 2 есеге дейін өсу туралы мәлімет шындыққа сай келмейді. Екіншіден, техникалық сипаттамаларын көрсетпей әртүрлі медициналық қондырғылардың бағасын салыстыру дөрекі болып саналады. Мысалы, хатта көрсетілген өкпені жасанды желдету аппаратының Қазақстан Республикасына он шақты түрін бес-алты өндіруші жеткізеді. Оңтүстік Қазақстан облысының медициналық мекемелері сұранысын және туылған нәрестелердің жағдайларын ескере отырып ең тиімді және қазіргі заманғы Еуропа елдерінің өндірушілерінің жабдықтарын сатып алу көзделген».
Исмаиловтың ақталып айтқандағы сөзі осы. Денсаулық сақтау басқармасы мен медицина саласында қызмет етіп келе жатқан фирмалар арасындағы бұл даудың соңына нүкте қою әлі ерте. Тендердегі шикіліктердің ушығып кеткені сонша, алдағы уақытта әлі талай сот отырыстары болатынын ішіміз сезеді. Тендерден де маңызды мәселелердің күн тәртібінен түспей тұрғаны белгілі. Бас дәрігерлер арасындағы өзара талас-тартыс күшейді. Жыл басынан бері Оңтүстікте ана өлімінің күрт көбейгенін көзіқарақты оқырман қауым жақсы біледі. Бірақ, басқармадағылар мұны трагедия емес, тек қалыпты жағдай ретінде қарастырып, алдыңғы жылдармен салыстырмалы түрдегі деректерді алға тартумен әлек. Қалай болғанда да, медицинадағы даулы мәселелердің өршуі ең әуелі басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың кінәсі екенін ешкім жоққа шығара алмас. Бұл жайында баспасөз беттерінде бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері ашық пікірлерін білдірген болатын. Түйіндеп айтсақ Жұмағали Исмаилов тізгін ұстап тұрғанда Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласы оңала ма? Қанша сынға іліксе де, денсаулық салсындағы былық-шылық, дау-дамай қанша ушықса да «отқа салса жанбай, суға салса батпай жүрген» Жұмағали Исмаиловты жауапты басшылар отставкаға жіберсе, орынтағынан жылжытса оңтүстікте таң атпай, күн шықпай қала ма? Оңтүстіктіктің жұртшылығына осы жағы түсініксіздеу болып тұр...
Мұрағаттан, 31.05.2012 ж