Шүменов әділетсіздіктің құрбаны болды

Screenshot_20.jpg

Тамыз айының қақ ортасында Астанадағы спорт кешенінде өткен Кампильо-Шүменов кездесуін спорт сарапшылары «жыл жекпе жегі» деп алдын ала атап жатуы бекер емес. Өйткені,  Бүкіләлемдік бокс ассоциациясының 90-жылдық тарихында  WBA чемпиондық атағы  тұңғыш рет Қазақстанда сарапқа салынды. Кәсіпқой боксқа келгелі Кампильо жеңілістің ащы дәмін екі рет татып үлгерді, соның бірі нокаутпен. Бейбіт болса жеңіліс түгілі тең түсіп көрмеген. Екеуінің шаршы алаңдағы өнерлерін жіті бақылап жүрген сарапшы мамандар   Кампильо-Шүменов кездесуінде мамандар жеңісті  қазақ жігіті еншілейтініні көбірек үміт артқан болатын. Бұл жорамал бекерге айтылмағанын дәлелдеуге белін бекем буған  Бейбіт ә дегеннен-ақ әлем чемпионын бұрышқа тықсырып соққыларын қарша  жаудырды. Өкінішке қарай кездесудің қорытындысы бойынша  төрешілер жеңісті шетелдік спортшының пайдасына шешті. Дегенмен, қазір  Кампильоның жеңісіне күмәнмен қарайтындардың қатары көбейіп келеді. Олардың арасында қарапайым жанкүйер ғана емес, шетелдік беделді спорт сарапшылары да бар. Испаниялық кәсіпқой боксшы допингтің көмегіне жүгінген деген күдік күн санап күшейіп келеді. Кампильо тыйым салынған дәрі-дәрмектерді қабылдағаны дәлелденсе, әлем чемпионы атағы қайтадан сарапқа салынуы мүмкін.  Осы мәселенің  анық-қанығын  білу үшін кездесудің басы-қасында жүрген Бейбіттің інісі әрі промоутері Шыңғыс Шүменовпен әңгімелестік.   

- Әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекті Астанада ұйымдастыру қиын болды ма?

- Бізді қатарынан бірнеше мәселе мазалады. Ең бастысы, Кампильоның өзі келісім бергенімен, араға немістің «Универсум» атты промоутерлік компаниясы килігіп, «Кампильо бізбен келісім-шартқа отырған,  Қазақстанға бармайды. Тек біз айтқан боксшымен қолғап түйістіреді», деген қисынсыз талап қойды.  Онысымен қоймай, неміс промоутерлері Испанияның жоғарғы сотына арызданған. Кампильоның менеджерлері  «Универсуммен» арада ешқандай келісім-шарттың жоқтығын алға тартқанымен нәтиже шықпады.  Неміс компаниясының өкілдері Кампильоны қалай да қайтармақ ниетте Астанаға келіп, жекпе-жекті болдырмауға әрекеттенді. Сондықтан спорт сарайына қарулы күзет орнатып, Бейбіт пен Габриельдің жанына оққағарларды қосуға мәжбүр болдық. Бейбітті кездесудің алдында мазалаған тағы бір мәселе -   жаттықтырушы мәселесі. Кездесуге үш күн қалғанда біраздан бері Бейбітпен жұмыс істеп келген американдық бапкермен қош айтыстық. 

- Не себепті?

- Біз Кампильоның жекпе-жектері жазылған дискілерді алдырып, қарсыласты мұқият зерттедік. Солақай екен.  Мұндайда Бейбіт сол қолмен жанына және оң қолымен тіке соққы беруі тиіс. Алайда, «бапкер сол қолыңмен тіке ұра берсең болғаны» деп кеңес беріп, тактиканы осы бағыта әзірлеуге көшті. Біз күмәндана бастадық. Күдігімізді кезінде Холифилдті жаттықтырған бапкер Джон Полнер растай түсті. Жекпе-жектің күні жақындай түскенде Полнер  Бейбіттің жаттығуына келіп, әлгі  жаттықтырушының қитұрқы әрекетін әшкере етті. Кейін білдік, ол бұрын Кампильоның қазіргі промоутерімен бір командада жұмыс істеген екен. Амал жоқ, бокс кешіне үш күн уақыт қалғанда тактиканы өзгертуге кірістік.  Әрине, осы жағдайлардың барлығы Бейбіттің кездесуге толыққанды дайындалып, жинақталуына кедергі келтіргені анық. 

- Кампильо-Шүменов кездесуін екі кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы алты раундта Бейбіт ерекше белсенділігімен көзге түскенімен, 7-ші раундтан бастап қарқыны бәсеңдей түскендей көрінді. Оны немен түсіндіресіз?

-  Бейбіт қарсыласын 5-ші раундқа жеткізбей нокаутқа түсіруді жоспарлады. Алғашқы сәттерден-ақ Кампильоға лап қойып, бұрышқа тығып, соққыларын қарша боратқаны да содан. Мұндай қысымға төтеп беру өте қиын. Ал Кампильо тіптен шыдай алмайды...

- ... бірақ, шыдады ғой?

- Біздің бейнежазбада көрген Кампильоны айтып отырмын. Бұған дейін ол екі кездесуде жеңіліс тапқан, бір рет нокаутқа да түсіп үлгерді. Бейбіттің тегеурінді соққыларына Кампильо төтеп бере алмас еді. Бүйрекке тиген соққыларда соң оның қан айналымы дұрыс жүрмей, тынысы тарылуы тиіс болатын. Испаниялық былғары қолғап шебері тек допингтің арқасында аман қалды. 

- Мұндай мәлімдеме жасауға не себеп? 

- WBA-ның қатаң талабы бойынша әр кездесуден соң жеңімпаз міндетті түрде допинг-тестілеуден өтуі тиіс. Бірінші кезекте, зәрін өткізуі керек. Оның құрамында тыйым салынған дәрілік заттар табылса, демек, спортшының допингке жүгінгені. Кездесу барысында Кампильоның кемі 4 литр су ішіп тауысқанын өз көзіммен көрдім. Алайда, жекпе-жектен соң ол 5 сағат бойы  тесттен өте алмай жүрді. Бұл мүмкін емес. Оның үстіне, промоутері екеуі жуынатын бөлмеге қашып тығылды. Тіпті Кампильоның орнына промоутері өзінің зәрін өткізуге де тырысты. Дегенмен, ойлағандары жүзеге аспады. Енді зертхананың нәтижесін күтіп отырмыз. Қалай болғанда да Кампильодан Бейбіт жеңілген жоқ, бұл кездесуде әділіетсіздік жеңді. Мұны мен ғана емес мүйізі қарағайдай мықты сарапшылар да осындай баға беріп отыр.

- Бұдан не өзгереді?

- Егер Кампильоның допинг қабылдағанын дәлелдей алсақ, ол әлем чемпионы атағына айырылып, бұл орын бос қалады. Одан соң 120 күннің ішінде Бейбіт басқа үміткермен кездесу өткізіп, чемпиондық тәжіні сарапқа салуға мүмкіндік алады. Меніңше, бұл жағдайда біз украиналық Узелков деген боксшымен жолығуымыз ықтимал.  Кампильомен қарымта кездесудің де өтуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын.  Егер Габриель  чемпиондық атағын сақтай алса, күзде Бейбіт Америкада рейтингтік кездесу өткізеді. Кезекті қарсыласы – аты аңызға айналған Рой Джонс болмақ. Себебі, Джонстың өнерін миллиондаған жанкүйерлер тамашалағысы келгенімен, көптеген боксшылар онымен шарыш алаңда беттесуге жүрексінеді. Ал, Бейбіт одан қорықпайды. Осыны сезген Рой Джонстың өзі Бейбітті жекпе-жекке шақырды. 

- Бар-жоғы 8 кездесуден кейін әлем чемпиондығына таласу - бұған дейін болмаған жетістік. Осыны алға тартқан  кейбір мамандар «Бейбіт чемпиондық атаққа  тым ерте таласты» деген пікір айтып жатты. Бұған келісесіз бе?

- Жоқ. Бейбіт чемпион болуға қай жағынан алғанда да дайын. Психологиялық, физикалық даярлығы өте жоғары деңгейде. Оның үстіне, еліміздің тарихында бірде-бір  боксшы бұған дейін WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа әлі таласып көрмеген. Тіпті Василий Жировтың өзі алты жыл бұрын IBF -  халықаралық бокс федерациясының тұжырымы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл тұжырымның дәрежесі төмендеу. Жировтың WBA-ға шамасы келмеді. Қазақ боксшыларының арасында осы биікті алғашқы болып Бейбіт бағындыруға тырысты. Және осы мақсатымызға жететінімізге сенімдімін. Арманымыз - қазақ боксын әлемге танытып, еліміздің намысын қорғау. Анық білетінім, Бейбіт - әлем чемпионы болуға лайық бірден-бір боксшы. 

- Лайым ел мерейін асқақтатын сол жеңісті, жемісті күнде ертерек жолығуды жазсын!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: