Кентауда үйленгенде 500 мың теңге, жөргекпұлға 100 мың теңге сыйақы береді

Screenshot_3.jpg

      Елбасы Қазақстан халқына арнап жүрген дәстүрлі Жолдауында әрдайым әлеуметтік қолдау ұмыт қалмауын қадап айтып жүр. Биылғы Жолдауда да  осы тақырыпқа тереңірек тоқталып әлеуметтік қолдаумен қоса елді, оның ішнде жастарды да жұмысқа қамтуға жіті назар аударуды, бұл үшін мамандық таңдауға, оны игеруге байыптылықпен қарау туралы әсерлі әңгіме қозғады. «Жас маман» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамында «Жастарға арналған әлеуметтік баспалдақ» деген тақырыппен дөңгелек үстелдің өтуі де Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерден туындаған оң қадам болатын. Жастар үшін маңызды жиынға ұйытқы болушылар  іс-шараны алдымен трансформатор зауытының тыныс-тіршілігімен таныстырудан бастады. Кентау қаласының бюджетіне түсетін кірістің негізгі бөлігін құрап отырған бұл өндіріс орнында бүгінде мыңнан астам адам еңбек етсе, соның 400-ге жуығы жас мамандар. Олардың орташа жалақысы 85 мың теңге.

      - 50 жылдық тарихы бар, 400-ге жуық өнім түрін шығаратын зауытымызда сапа мәселесіне ерекше мән беріледі. Бағасы күші мен кернеуіне қарай 100 АҚШ долларынан бастап, 50 миллион теңгеге дейін баратын трансформаторлар бар. Облысымыздан бастап алыс, жақын шетелдің тұтынушылары сатып алып жатыр. Әсіресе, ресейліктер мен түркімендіктер тарапынан сұраныс жоғары. Жақында ғана Әзірбайжанға 6 трансформатор жөнелттік, - дейді зауыттың атқарушы директоры Әнуарбек Әйтен.

       Трансформаторға қажетті жабдықтардың басым бөлігі шетелдерден жеткізіледі екен. Сапалылары ғана таңдап әкелінеді. Трансформатор құрастыруда да сапаға деген талап жоғары. Әрине, сонысына қарай жұмысшылардың да жалақысы жоғары. Салыстырмалы түрде алғанда дәнекерлеушілердің жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Мәселен, тамыз айында зауыт 1 миллиард 30 миллион теңгенің өнімін шығарса, тек жалақының өзіне ай сайын 140 миллион теңге жұмсалады екен.

Зауыт басшыларының алға қойып отырған мақсаты да жоғары. Алға қарышты қадам жасау үшін де қомақты ақша керек. Әсіресе, өндіріс саласы үшін. Осы мақсатта биыл 750 миллион теңге несие алыпты. Көршілес Қырғызияда жариялаған тендерде 14 үміткердің ішінен жеңімпаз атанып, 450 миллион теңгенің өнімін өндіруге тапсырыс алыпты. Мұны үлкен жетістік деп қабылдауға болады.

    «Жас маман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов жүргізген дөңгелек үстелге «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, белгілі журналист Ардабек Солдатбай, «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов, кәсіпкер Ермек Абасов, Кентау трансфарматор зауытының атқарушы директоры Әнуарбек Әйтен және зауытта өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген студенттер қатысты.

    - «Әлеуметтік баспалдақтың» негізгі мақсаты – кез-келген қазақстандық жас маманға өз ісінің кәсіби шебері болуға, қызметтік өрлеуге, әлеуметтік  жағынан қолдау көрсетуге мүмкіндік жасау. Бүгінде  кадр экономиканың ең сұранысқа ие ресурсына айналды. Ал өзімізге керекті кадрды өзіміз жасақтауымыз керек. Ол үшін мамандардың, әсіресе, жас мамандардың жағдайын жасауды қолға алу қажет. Жастар үшін бірінші кезекте баспана, екінші жалақы мәселесін шешіп, үшінші олардың ой-өрісін дамыту үшін түрлі көрмелерге, шетелдерге жіберу арқылы мүмкіндігін арттыруға қол ұшын берген жөн. Біз осындай тәжірибені қолданысқа енгіздік. Соңғы екі жылдың өзінде 48 жас маман пәтерлі болды. Әрине, ол су тегін берілген жоқ, дегенмен, оған төленген қаржы жеңілдетілген бағамен маманның еңбек ақысынан біртіндеп ұсталып отырады. Енді осындай тәжірибені республиканың өзге де кәсіпорындарына енгізсек деген жоспарымыз бар, - дейді Еркебұлан Ілиясов.

     Жастарға деген қолдау мұнымен шектелмейді екен. Мәселен, зауытта еңбек ететін екі жас отау құрса, оларға  алдымен үйлену тойларына 500 мың теңге, ал балалы болғанда жөргекпұл ретінде қолма-қол 100 мың теңге сыйақы санап береді. Бұл жастардың шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітуге деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.  Зауыт өздеріне кәсіби кадр даярлау мақсатында  еліміздің әр тарабындағы бірқатар жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Зауыт басшылығының ұсынысымен Қ.Ясауи атындағы  халықараралық қазақ-түрік университетінің Кентау бөлімінен арнайы энергетика факультеті ашылып, қазір 100-ге жуық шәкірт даярлануда. Ондағы студенттердің барлығы аптасына бір күн зауытта тәжірибеден өтсе, жазғы демалыс кезінде 40 мың теңге жалақымен жұмыс істей алады. Ал биыл бірінші курсқа қабылданған 60 студент толығымен мамандық алып шығатын болса, олардың барлығын жұмысқа қабылдауға даярмыз дейді зауыт басшылары. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік.

    - Қазіргі жастардың мамандық таңдауында түсініксіз тұстар бар. Көпшілігі сот, прокурор немесе әкім, банкир болғысы келеді. Алайда, сондай мамандықтарды бітіргендерімен  барлығы мұндай жұмыстарға орналаса алмайды. Сол себепті де қалтасында қос-қостан, тіпті, қызыл дипломы бар жас мамандар жұмыстың жоқтығынан базарға шығып, арба сүйреуге мәжбүр. Әрине, бүгінде жастарды мемлекет тарапынан қолдау жағы жақсы, десек те, олардың мүддесін қорғайтын, әлеуметтік ахуалын көтеретін мәселелерге әлі де тереңірек зерттеу жүргізуіміз керек. Елбасының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті жаңадан бастаған кәсіпорындар 3 жылға дейін түрлі тексерулерден құтылады. Енді ондай кәсіпорындарды 3 жылға дейін салықтан да босату жағын ойластырған жөн. Олардың жастарды жұмысқа қабылдауының өзі оларды қолдау деп білеміз, - дейді Азат Тұрлыбекұлы.

     Дөңгелек үстел басында әркім өз ойын ортаға салды. Дәурен Бабамұратов жастарды ауылда,  шағын қалаларда ұстап қалу үшін нақты жүйенің, жастардың жағдайымен айналысатын арнайы министрліктің керек екенін, парламентте өздерінің мәселелерін көтеретін өкілдердің бару керектігіне тоқталды. Ал өндіріс орнының жас мамандары атынан сөз алған Айжан Жаңабайқызы зауыт өздерінің екінші үйіндей болып кеткендігін мақтанышпен айтты. Ендігі жерде кәсіпорын жұмысын жандандыру жолында жұмыс істейтіндіктеріне сендірді. Жиын соңында Еркебұлан Ілиясов жастар мәселесін көтеріп жүрген Азат Перуашевке «Жастар кілтін» табыс етіп, жастардың жолын ашуға септігіңізді тигізіңіз деген тілегін білдірді.

    Сөзімізді Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевтың жүрегі отқа оранған жалынды жастарға арнаған жыр шумағымен түйіндесек:

  Арыстандай айбатты,

  Жолбарыстай қайратты,

   Қырандай күшті қанатты,

    Мен жастарға сенемін!..

Ақынның сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Өйткені, қашан да болашақты жасайтын жастар. Жастар жайы  қай дәуірде болмасын күн тәртібінен бір сәтке түскен емес.

Мұрағаттан, 13.10.2019 ж,

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: