Қолы қалт етсе, біреудің кем-кетігін түгендеп, жоғары жаққа арызды қарша борататын «қаламгерлерден» Құдайға шүкір кенде емеспіз ғой.Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының әкімі Даныш Маннатовтың үстінен осындай арыздар қазір жоғары жаққа дүркін-дүркін жөнелтіліп жатыр. Бір-екі емес 120-дан астам адам қол қойған арызға қарағанда, әкім Даныш Маннатов ауылдағы ақсақалдар алқасы мен әйелдер кеңесін таратып жіберген. Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арнап орнатылған ескерткіштің қоршауын кесіп алып, үйіне әкеткен, аудандық әкімшіліктен Ескі Иқанға деп бөлінген қаржылар тиісті мақсатына жұмсалмаған, жер бөлуде заңсыздықтарға жол берген, ауыл тұрғыны Алишер Муслимов жергілікті жастардың басын қосып, атқарып жатқан игілікті шараларына кедергі жасап баққа... тағысын тағылар. Президент әкімшілігінің жетекішісі Аслан Мусиннен бастап, «Нұр Отан» партиясының басшыларына, облыс әкіміне және жергілікті, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына жазылған арыздың соңына қол қоюшылар «Жақын күндері Ескі Иқанда қан төгілу қаупі бар, ауылдағы жастар мен әкім Даныштың адамдары арасындағы жағдай азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін» деген үрейлі сөздерді жазады. Өткен аптада біз осыған байланысты Ескі Иқандағы қалыптасқан жағдайды көзбен көріп, қарапайым ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайтқан болатынбыз.
Алдымен турасын айтайық, Иқан төңкерістің алдында тұрған жоқ. Ауылда сол баяғы мамыражай тіршілік. Мұны бір деңіз. Екіншіден, арыздағы көрсетілген мән-жайлардың барлығы дерлік шындыққа сәйкес келмейді. Бұл бойынша Түркістан қалалық әкімдігі, облыс әкімінің аппарат қызметкерлері тексеру жүргізіп, кезінде арызданушылардың өздеріне тиісті жауаптарын берген екен. Бірақ ауылдағы әкімінің соңына шам алып түскен топ бұған риза емес, әрине.
Ауыл әкімі Даныш Маннатовтың сөзіне қарағанда, Ескі Иқандағы қалыптасқан ахуал 1 ақпан күні ауыл тұрғындарының жалпы жиналысынан бастау алған сияқты. Жиналыста мал ұрлығының алдын алу үшін жергілікті тұрғындардан ерікті «Сарбаз» тобын құру туралы мәселе қойылады. Осыған орай сөз алған Алишер Муслимов деген жергілікті азамат топқа өзі басшылық жасайтынын айтады.
--Мен бұған бірден қарсылық білдірдім. Себебі Муслимов Алишер осы ауылда туғанымен Өзбекстанда өскен. Сонда жүріп қылмыс істеп, біраз жыл түрмеде отырған. 1998 жылы бостандыққа шыққан соң Ескі Иқанға келді. Осыдан кейін ауылдағы қылмыстық ахуал қиындай берді. Алишер өзін осы ауылдың «положенцымын» деп жариялаған көрінеді. Осы ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келді. Тіпті, ауылдық әкімдіктің де жұмысына араласуға құлшыныс білдірді. Алишердің жергілікті кәсіпкерлерді қорқыту, ақша талап ету жұмыстарымен айналысқанын бүкіл ауыл біледі. Есірткі саудасына қатысы барлығы да жиі айтылатын. Мұндай адамның әрине, «Сарбаз» тобына басшылық жасауы ақылға сыймайды ғой. Бірақ Алишер көнбеді. Тіпті, өзбілермендікке салынып, сол жиналысқа қатысқан полиция қызметкерлерін шығарып жіберіңдер, жаңадан құрылатын топтың атын «Сарбаз» емес «Бірлік» деп атау керек деді. Өйткені қылмыстық әлемнің жазылмаған заң бойынша «положенцтер» тәртіп сақшыларының алдында есеп бермейтін көрінеді,--деді Даныш Маннатов.
Осыдан кейін Алишер Муслимов өзіне ешқандай биліктің, өкілеттіктің берілгеніне қарамастан ауыл жастарының басын қосып игілікті, сауапты істермен айналыса бастаған. Ерекше белсенділік танытқан жігіт тағы да өзінің ескі әдетіне басады. Ол мола тазалауға кіріседі.
Алишер зират тазалауды 2000 жылдары –ақ қолға алған екен. Ол сол жылдары ауылдағы «Ақ әулие» моласының айналасындағы темір қоршауларды бұзып, оған кесектен қорған құйдырған. Бұған кеткен қаражатты сол жылдары Түркістан қаласынан Парламент сайлауына түскен бір азамат көтерген көрінеді. Ал, метталл қоршаулардың қайда кеткенін ешкім білмейді.
Алғашқыда Алишер ауылдағы бір топ жігітті алып, «Жүсіп ата» қорымын» тазалауға кіріскен. Ауыл жастары бұл шараға алғашқыда өз еріктерімен қатысады. Бірақ қорымдағы 30-40 жыл бойы жайқалып тұрған ағаштарды кесу басталған соң халық сеніп жүрген «көсемдерінің» таза еместігін біліп, одан теріс айналған.
Тарихи деректерге қарағанда, Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауаи бабамыздың нағашысы көрінеді. Дін жолына түскен Жүсіп ата аталған кесенеге баласы және бір топ шәкірттерімен бірге жерленген. Халық ерте кезден-ақ әулиені тәу етіп, оны қасиет тұтқан. Осындай қастерлі орындарға егілген ағаштарды кесу адамгершілікке сия ма?!
«Жүсіп ата» кесенесінің шырақшысы Сабритдин Эшанов біге осы кесілген ағаштарды апарып көрсетті. Сол кезде жасалған акті бойынша қорымдағы қалыңдығы 14-70 сантиметрді құрайтын 667 дана ағаш кесілген екен. Оның біразы сол қорымның аумағына жатыр, ал негізі бөлігі (шамамен 10 текше метрі) Ескі Иқан ауылындағы ағаш кесетін қондырғыға апалырып, тілдірілген. Тақтайлар қазір сонда қат-қат болып жинаулы тұр. Алишер өте беріктігімен ерекшеленетін қара ағаштарды (акация) мұнда не үшін жинатты, не үшін тілдіртті, ол жағы белгісіз. Біреулер сатпақ болды дейді, біреулер бартер жасамақ болды дейді, біреулер ауылдағы спорт мектебінің еденін жаңалап бермек болды дейді. Бірақ бір анығы, осыншама дүниеден «Жүсіп ата» қорымына бір тиын да пайда түспеген. «Жүсіп ата» қорымындағы ағаштардың кесіліп жатқанын қорым қызметкерлері және ауыл әкімі құқық қорғау органдарына хабарлаған соң, Алишер сабасына түсіп, өзінің қателігін жасырып-жабуға тырысқан көрінеді. Ол зират ішіне жеміс көшеттерін отырғыза бастаған. Көшеттерді суару үшін арық қаздырып, каналдан су әкеледі. Бұл тағы да ауыл тұрғындарының орынды ренішіні тудырады.
Ескі Иқан орталық мешітінің имамы Сұлтан Хамраев былай деді:
--Қорымда су салу мұсылманшылыққа жатпайды. Өйткені онда мәйіт жатыр емес пе? Осыны ауыл ақсақалдары Алишерге айтып, «мұның дұрыс емес» десе керек. Ал, Алишер маған қоқан-лоқы жасай бастады. «Сен неге шалдарға қой демейсің» дейді. Мен сол кезде оның ағасы Митайға барып «Тез арада Алишерді ауылдан алып кеткенің дұрыс. Болмаса ол бірдеңеге ұрынуы мүмкін» дегенмін».
--Алишердің ауыл жастарының басын қосып, мола тазалау, ағаш кесу сияқты істерге жұмылдыруын халық кейін түсінді. Оның мақсаты елге жанашырлық жасау емес пайда табу. Өйткені мола тазалауды сылтау етіп, Алишер халықтан ақша жинаған, кәсіпкерлерге салық салған. Жиналған 2 миллион теңгеден астам ақшаны Алишер өзінің қалтасына баспаса қайда жіберді. Өйткені зират тазалауға ешқандай шығын жұмсалмаған.
Алишердің биыл Наурыз тойын өткізу ісіне белсене араласқаны да осы пайдакүнемдіктен туындаған. Ауылда жылда Наурыз тойы әр көшеде жеке-жеке өтетін. Бірақ Алишер биылғы Ұлыстық Ұлы күнін бір жерде-- ауылдағы стадионда өткізбек болды. Біздің, ауыл ақсалдарының қарсылығына қарамастан Наурыз сонда өтті. Бұл шараға тағы да халықтан қаншама қаражат жиналды, кәсіпкерлерге салық салынды. Сол ақшаның бәрін Алишер жеке бас пайдасына жаратты-ау. Бәлкім жалғыз өзі ғана жей бермей, түрмедегі бауырларына да жіберген шығар. Өйткені ол кәсіпкерлерден ақша аларда оны түрмеге «греф» ретінде жіберетінін үнем айтып жүретін,--дейді Даныш Маннатов.
Айта берсе Алишердің елді жазылмаған заңдармен басқарып, өктемдік жасауы бұл бір емес екен. «Оны тым есіртіп жіберуімізге өзіміз де кінәлі шығармыз» дейді ескіиқандықтар.
--Осыдан бірнеше жыл бұрын Алишер мені ұрып, тісімді сындырды. Ұнамаған адамын сабап кету, пышақпен қорқытуға ол әбден машықтанып алды. Соның бәріне кешіріммен қарап келгенбіз. Қазір ойлап отырсам бәрі бекер болған екен. Оны тым дандайсытпай, о бастан жуасыту керек екен.—деді ауыл әкімі.
Ақыры шілде айының 27-сі күні имамның айтқаны дөп келді. Алишер сол күні ауыл тұрғыны С.Хаджиев деген азаматты ұрып-соғып, істік темірмен бірнеше жерінен жаралаған. Бұдан кейін Б.Аппазов деген азаматы ұрып-соғады (себебі, олар Алишердің құрған «Бірлік» тобынан ажырап қалған екен). Бұдан кейін ауылдық әкімдікке келіп Даныш Маннатовты іздейді.
--Сол күні мен үйде болатынмын. Алишер келіп, «тез арада 20 мың доллар» тауып бер деп қоқан-лоқы көрсете бастады. Бұдан кейін маған құқық қорғау органдарына арызданудан басқа амал қалмады. ...Алишердің маған қастасуының артында жоғарыда арызданып жүрген азаматтардың жатқанын сеземін. Арызданушылардың бар мақсаты мені орнымнан алып, өздерінің адамдарын қою екен. Топтың құрамында қалалық мәслихатқа жергілікті жерден сайланған екі депутат бар. Солар ықпал етіп менің қыр соңымнан қалмады. Мәселемді мәслихатта қаратты, алты айлық есебемді қабылдатпай тастауға күш алды. Ақыр аяғында Алишер сияқты бұзақыны маған қарсы қойды. Арызға қол қоюшыларды да алдап соққан. «Ауылға жайылымдық жер аламыз» деп тұрғындарға таза параққа қол қойдырып ала берген. Арызға қол қойғандар қазір маған осы жөнінде түсінік жазып беріп отыр. Қолдың біразы жалған. Қол қоюшылардың арасында бес және сегіз жастағы бүлдіршіндер де бар,--дейді Даныш Маннатов.
Қазір Алишер қамауда отыр. Жасаған қылмысы үшін жауап беріп жатыр. Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Серғазы Кенжебековтың айтуынша, Алишер Муслимовтың үстінен жәбірленушілер Б.Аббасовтың, С.Хаджиевтың және Д.Маннатовтың арыздары бойынша бұзақылық және бопсалау деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары аяқталып, іс соттың қарауына берілгелі жатқан көрінеді.
Айтқандай, біз арызданушылармен де ой-пікірін білгенді жөн көргенбіз. Бірақ олардың көңіл-күйлерінің онша еместігін байқадық. Арызға алғашқылардың бірі болып қол қойған Исқақов Хурсанбек қажымен хабарласқанбыз. Жасыратыны жоқ, бізбен кездесуге оншалықты ықылас таныта қоймады «Қазір Түркістанға кетіп бара жатыр едім, сіздер Набихан Мубараковпен сөйлесіңіздер» деді. Бірақ бұл азамат та кездесуден бойын аулақ ұстады. Расы-өтірігі белгісіз, ол да жолға шығып бара жатыр екен.
Ескі Иқандағы осы оқиғалардан қандай ой түюге болады? Біріншіден, арызданушылардың аттандауына халық оң қабақ танытып отырған жоқ. Ауылдағы ақсалар алқасының төрағасы Аиниддин Абубакиров:
-- Ескі Иқанда әлі күнге шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер жетіп артылады. 15 мыңнан аса халқы бар елді мекенде балабақша жоқ. Халықтың тек 5 пайызы ғана ауыз суды құбыр арқылы тұтынады. Ішкі жолдардың ешқайсысы асфальттелмеген. Мектеп жетіспеушілігі қатты сезіледі. Ескі Иқанда осыдан 20 жыл бұрын басталған мектеп құрылысы осы уақытқа дейін аяқталмаған. «Сақалды» құрылысқа биыл Түркістанның қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов көңіл бөле бастады,--деді.
Егер халықтың шын жанашыры, имангершілігі болса, Хурсанбек қажының, әлгі екі депутаттың осы мәселеге неге назар аудармайтынын түсіне алмадық. Жоқ, әлде өзінің жеке бас мүдделеріне қатысты емес мәселеге бас ауыртқылары келмей ме?
Екіншіден, Алишердің мола тазалауға неге соншалықты ықылас танытқаны туралы ескіиқандықтар арасында әртүрлі әңгімелер айтылады. Соған қарағанда Алишер Наманганда түрмеде отырған кезінде әлдебір түсініксіз бір діни ағымның жетегіне ерген көрінеді. Ол ағымды ұстаушылар ел арасында молаларды тазалаумен аты шыққанға ұқсайды. Пәкістанда, Өзекстанда осындай діни ағымдардың барын ауыл ақсақалдары мен имамдары да растап отыр. Ауылдағы жігіттердің айтуынша, Алишер жастардың басын қосып, олардың барлығына мешітке баруды талап еткен, намазға жығылу туралы ант қабылдатқан. Осының бәрі де күдікті жайттарды меңзейді емес пе? Алишердің құрған ұйымының «Бірлік» деп аталуын да ескіиқандықтар кездейсоқтық емес дейді. «Бірлік» Өзбекстанда бұған дейін тыйым салынған, оппозициялық қоғамдық қозғалыстың аты. Бұл қозғалыс мүшелерінің діни фанатизмге де бүйрегі бұратыны туралы әңгімелер көп айтылғанға ұқсайды.
Әрине, Алишер Муслимовтың қаншалықты қылмысты екендігін енді сот анықтайды. Сондықтан оның ісінің немен аяқталғанын алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.