Оңтүстік Қазақстанда кадрлар ауысып жатыр, ауысып жатыр

Screenshot_2.jpg

     Жасыратын несі бар, Оңтүстікте «жақын арада бірқатар аудандардың әкімдері қызметтерінен кетеді екен» деген әңгіменің шыққанына біраз уақыт болған-ды. Оңтүстік жұртының Оразаның алдында оңды-солды шашылып той жасайтыны сияқты, облыс әкімі Асқар Мырзахметов те Рамазанда ешкімді ренжітпейін деді ме, кадрлық ауыс-түйісті қасиетті айға жеткізбей, өткен аптада  жасап тастады. Сонымен бұл жолғы ауыс-түйіс Бәйдібек ауданынан басталды. Осы ауданның әкімі Садық Кенжебаевтің орнына Райымбек Жолдасов отырды. Бұл азаматты Бәйдібектің жұрты жақсы таниды. Бұған дейін аудан әкімі аппаратының жетекшісі, сондай-ақ аудан әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі, одан идеология саласындағы орынбасары қызметтерін атқарған Райымбек Жолдасов биліктің біраз баспалдақтарынан өткен тәжірибелі маман екені сөзсіз. Әйтсе де жергілікті жұрттың бірқатары  Жолдасовтың мінезі жұмсақ  екенін де жоққа шығармайды. Қалай айтсақ та, бұған дейінгі жұмысын жұп-жұмыр  атқара білген Жолдасовқа жаңа қызметі күш-қуат беріп, қат-қабат шаруалар оны қайта ширатады деген үмітіміз бар.

Сондай-ақ, біраз жылдан бері облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып, облыстағы «ең тұрақты» кадрлардың біріне айналған, денінің саулығында, күш-қуатының барлығында  жемісті еңбек еткен  Ынтықбай Тұрғынбаев зейнеткерлік демалысқа шықты. Осы Ынтекеңді қоспағанда басқаларына кеңесші деген қызмет -- қосымша «аэродром», яғни, қызметінен босап қалғандарға қолайлы жұмыс табылғанша  уақытша тұрақтайтын «бас панасына» айналып кетті ғой. Мұны неге айтып отырмыз? Бәйдібек ауданын басқарып, тәп-тәуір тірліктерімен халықтың ризашылығына бөленген Садық Кенжебаев та кеңесші болып тағайындалғандықтан оны да бұл жұмыста ұзақ тұрақтап қалмай, жуық арада бір қызметке ілігеді деген ойдамыз. Неге екенін қайдам, келген әкімдердің бәрі Бәйдібек ауданының басшысын ауыстыруға құмар.Жылқышиевтің тұсында бұл ауданды Нұрмахан Жолдасов, одан Ұласбек Сәдібеков, Шөкеевтің тұсында  Байсейіт Түймебаев, Әшімовтің тұсында Садық Кенжебаев басқарса, енді міне, Мырзахметов аудан халқын тағы жаңа әкіммен таныстырып отыр.

    Кентау қаласының әкімі Көктембек Табылдиев те қызметін ауыстырды. Әрине, Кентау сұлу қала болғанымен мұндағы үлкен проблема -- жылу, коммунальдық мәселе екені бұрыннан белгілі. Әйтсе де, К. Табылдиевтің Кентауда көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, осы қаланың ыстығы мен суығын әбден көрген, осы саланың проблемасын бес саусағындай білетін маман екенін мойындауымыз қажет. Алайда шағын қаланың шырайын кіргізіп, қысын көктем қылады деген Көктембек Табылдиев нағыз сыналар тұста облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылды. Табылдиевтің «тағына» Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нұржігіт Қалмырзаев отырды. Н. Қалмырзаев саясат сахнасына сонау Түлкібастан облыстық мәслихаттың депутаттығына ұмтылып жүрген кезінен бастап шыға бастады. Кейіннен Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының әкімі қызметін де қайырып тастағаны бар. Бірақ, бір қызығы, шырайлы қала әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде Қалмырзаев облыс әкімі А. Мырзахметовтің сынынан көз ашпады. Бәлкім, бұған қаланың ең проблемалы салалары Қалмырзаевтың қарамағында болғаны да әсер еткен шығар, әйтеуір, облыс әкімі оны үлкен жиындарда жиі түйрейтін. Енді міне, допты ұрған сайын қатты секіретіні сияқты, сыннан көз ашпаған Қалмырзаев Кентауға әкім болып жоғарылап кете бар-ды.  

Мақтарал ауданының әкімі Хаметовтің де соңғы кездері қызметінде қалт-құлт етіп зорға жүргені ел арасында жиі айтылатын. Әсіресе, оның әкімдік мансабынан айрылуын аудандағы ауыз су проблемасының да біраз жылдамдатқаны рас. Мақтаралға әкім болып бұған дейін «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Тұрбеков тағайындалды. Жалпы алғанда С. Тұрбеков биліктің үзеңгісіне ерте аяқ артқан азаматтардың бірі. Облыс әкімінің орынбасары, одан ұзақ жылдар бойы Ауылшаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық басқармасы бастығы болды. Оның бұрынғы атқарған жұмыстарына қатысты жұрт аузында әрқилы алыпқашпа сөз көп. Асқар Мырзахметов облыс әкімі болғанға дейін «Оңтүстік» корпорациясының тізгінін ұстағанда өзі сияқты Мәскеуде оқыған Серік Тұрбековті өзіне бірінші орынбасар етіп алды. Енді міне, облыстың ең үлкен аудандарының бірі, жыры да, сыры да бітпейтін Мақтарал ауданын әкім етіп апарды. Оны әкімдікке тағайындауына байланысты жергілікті тұрғындар тарапынан туындап жатқан қызу пікірталастар алдағы кезде өз алдына қозғалатын бөлек тақырып. Ал экс-әкім Қасымбек Хаметовке қандай қызмет берілгені жайлы әзірге нақты ресми ақпарат жоқ.

Басқарма бастықтарының ауыс-түйісі де аудан, қала әкімдерінен асып түспесе кем соқпай тұр. Бұған дейін Жетісайда колледж басқарған, түбі түлкібастық Мырзабек Туғанбаев облыстық білім басқармасына су жаңа бастық болды. Жер қатынастары басқармасының бастығы Өскенәлі Панзарбек Сайрам ауданына әкімнің орынбасары қызметіне ауысты. Ауылшаруашылық басқармасының бастығы Қанат Ыдырысов бүгін-ертең облыстық әкімдікке  бөлім меңгерушілігі болып ат ауыстырады деген ел аузындағы әңгіме шындыққа айналуы әбден мүмкін. Егер бұл да расқа айналса, онда Асқар Мырзахметов Оңтүстіктің тізгінін қолға алғалы бергі 1 жыл 4 айда облыстық 20 басқарманың ішінде ауыспағаны енді 2-еуі ғана қалып тұр. Ал 15 аудан, қала әкімінің 12-сі жаңадан тағайындалды.  Арысын айтпай-ақ, осы облысты басқарған Бердібек Сапарбаев, Болат Жылқышиевтің билігі кезінде кадр мәселесіне қатаң талап қойылып, сол жылдары қызметке үлкен еңбек жолынан өткен тәжірибелі мамандар келгенін жасыруға болмас. Сол ескі көз кадрлардың бүгінде қызметте қылтиып жүргенін санайтын болсақ, бір қолдың саусағы әрең жетеді. Аспаннан екі аяғы салбырап, дайын түскен кадр жоқ. Басшы адам оларды тәрбиелеуі керек. Түсінеміз, ешкімнің басыбайлы сатып алған қызметі жоқ, уақыты келгенде бәрі мансабын береді. Қызметтен кету, жұмысын ауыстыру, төмендеп қалу – бұл өмірдің заңы. Дұрыс қой, Мырзахметовке дейінгі әкімдердің барлығы өз командасына кадрлар іріктеп өз командасын жасақтады. Бірақ дәл осындай жаппай ауыс-түйіс жасалмағаны анық. Ендеше осынау жаппай ауыс-түйістер қандай қажеттіліктен туындап отыр? Сіз қалай ойлайсыз, аса мәртебелі оқырман! 

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: