Редакциямызға Отырар ауданының тұрғындары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Итен Алтынбеков, Сабден Бектұрсынов ақсақалдар бастаған бір топ оқырмандардан хат келді. Мәселенің мән-жайы түсінікті болу үшін бірден хат мәтінін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
«...Отырар ауданы Шәуілдір ауылының Шәуілдір негізгі орта мектебінің тағдыры қыл үстінде тұр. 11 жылдық тарихы бар бұл мектеп ашылғанда үлкен қуанышқа ие болған едік. Мектеп кәсіптік колледждің 1-қабатында орналасқандықтан 11 жылдан бері аренда ақысын төлеп келген. Осы мектеп жабылғалы тұр. Неге екені белгісіз. Бар сылтауы «қазіргі талапқа сай емес, санитарлық ережелер мен нормаға сәйкес емес» дейді. Ал облыстық білім департаментінің сол кездегі бастығы Б.Көмекбаева ханымға 7-шілде күні бір топ ата-аналар барған болатын. Ол кісі «ашылған мектеп қайта жабылмауы тиіс, біздің тарапымыздан мектеп жабылған жоқ» деп жауап берді. Аудан әкімінің қабылдауына қайта-қайта келіп жүріп, әрең кірдік. Жауап сол баяғы: мектептің оқу алаңы санитарлық ережеге сай емес. Бұл жауапқа біз қанағаттанған жоқпыз. Ал «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының өкілдері ауданымызға келгенде біз осы мәселені, яғни өз алдына қазіргі талапқа сай 11 жылдық мектеп ашып беруін тағы көтердік. Сол кезде аудан әкімі Б.Сыздық мектеп салып беруге уәде еткен болатын. Тағы да қуандық. Өкінішке орай, бұл қуанышымыз да ұзаққа созылмады. Жағдай керісінше сипат алып, 9 жылдық мектепті 4 жылдық мектепке айналдырып жіберді. Сөйтіп, 11 жылдық мектеп сұраймыз деп 4 жылдық мектепке тап болдық. Бұл мектепте 180 оқушы, 50-60 мұғалім жұмыс істейтін еді. Ендігі жағдай «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болғалы тұр. Мектеп директоры мен орынбасарлары ұжымға «хош» демей, жылы орнын тауып алған сияқты. Қалғандары не істерлерін білмей жүр. Біз, Шәуілдір негізгі мектеп оқушыларының ата-аналары бұл шешімге мүлдем қарсымыз және балаларымызды өзге мектепке бермейміз».
Міне, хаттың қысқаша мазмұны осы. Ата-аналардың арызына орай біз аудан әкімінің орынбасары Жақсыбек Асылбектен жауап алған едік. Оның да жауабын сол күйі беріп отырмыз.
- Біріншіден, ол мектептің өзінің ғимараты жоқ, кәсіптік техникалық мектептің ғимаратында арендада отыр. осы ғимаратқа орналасқалы бері бірде-бір реті күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Басқаша айтқанда, балаға да, мұғалімге де жағдай жасалмаған. Жылу жүйесі де нашар. Бұлардың барлығын ретке келтіру үшін қыруар қаржы бөліну керек. Екіншіден, мектептің материалдық техникалық базасы өте төмен, оқушыға, мұғалімге қажетті құрал-жабдықтар өз дәрежесінде емес. Үшіншіден, бұл мектептен онша қашық емес, шамамен 200-300 метр қашықтықта үлкен жалпы орта мектеп интернат бар. Оның барлық жағдайы жақсы, күрделі жөндеуден өткен. Арызда айтылып отырған мектептің балалары толық сияды. Оның үстіне қазіргі жаңадан салынып, пайдалануға берілген бастауыш мектеп онда оқитын балалардың, арызды жазып отырған ата-аналардың үйіне жақындай түсті. Бұл ауыл тұрғындары үшін балалардың мектеппен қамтылуына толық мүмкіндік бар. Қайшы тірлік жоқ, мұғалім жетеді. Осындай жағдай жасала тұрып арызданудың адамгершілік тұрғысынан да, заң тұрғысынан да томпақ келеді. Әрине, демократия керек, әркім өз ойын айтуы керек, бірақ, оны теріс пайдаланудың реті жоқ. Заң шеңберінен шықпау керек. Менің ойымша, мұғалімдер жұмыссыз қалып қоямыз деп уайымдап отырған болулары мүмкін. Түсінеміз, мүмкін үйреніп қалған жылы орындары болар, бірақ олардың барлығы да жұмыссыз қалмауы тиіс, - дейді Жақсыбек Асылбек.
Міне, екі жақтың уәжін қаз-қатар бердік. Бұған да келіспейтіндер болса газет бетінен тағы да орын беруге әзірміз.