Ұлын әскерде өлтіріп тастады

Screenshot_3.jpg

Екі ай  бұрын жалғыз ұлын әскерге аттандырған Сламқұловтар отбасы бүгін қайғыдан қара жамылып отыр. Отан алдындағы борышын өтеу үшін сонау Маңғыстау облысына аттанған  Ерлан Сламқұлов әскердегі әлімжеттіктің  құрбанына айналып, өзі қатарлы жауынгерлердің қолынан қаза тапты. Алайда, тепсе темір үзетін сарбаздың өліміне кінәлілер тиісті жазасын алу-алмауы екіталай болып отыр.  Қайғыдан қан жұтқан ата-ананың алаңдатып отырған сауалдар аз дейсіз бе?  Екі айлық дайындықтан өтіп, Ақтау қаласынан 400 шақырым  қашықтықта орналасқан Бейнеудегі 2095 әскери бөліміне аттанған күні-ақ соққыға жығылып, қаза табуы қалай?  Мұның себебі кім түсіндіріп бере алады? Тергеу әділ жүргізіліп, кінәлі адамдар жауапқа тартыла ма? Сананы мазалаған  сан сауалдар әзірше жауапсыз қалып отыр.      

 -  Ұлым  әскерге баруға бұрыннан армандайтын, - дейді 21 жасында қыршын кеткен Ерман Сламқұловтың әкесі  Ертай. -  Былтыр әрекет жасап еді, облыстық  әскери комиссариаттағы комиссиядан  өте алмады.  Биыл да үмітін үзбей, құжаттарын және өткізді. Сөйтіп, 23 мамыр күні әскерге  шақырылып, Ақтауға жіберілді. 13-шілдеде ант қабылдады. Осы аралықта телефон арқылы хабарласып тұрдық. Соңғы рет қоңырау соққанда  әскери-жаттығу жиындарында жүргенін, бірнеше күннен соң Бейнеудегі шекара заставасының 2095 әскери бөліміне аттанатынын айтып, қуанышын жасыра алмаған. Ал 24-шілде күні ұлымның көз жұмғаны жайлы суық хабар келді. 

Медициналық сараптаманың қорытындысында жазылғандай,  Ерман Стамқұлов «рефлекстік жүректің тоқтауы. Мойын аймағының жұмсақ тіндерінің қанталауы. Мойын аймағының тұйық жарақатынан» қаза тапқан. Оған «тұйық затты қолданып шабуыл жасалғаны, содан ауыр жарақат алғаны»  да тайға таңба басқандай көрсетілді. Яғни, соққының аясуыз әрі  жан-жақтан берілгені анық.     

- Ұлымның денесін өз көзімізбен көрдік,  сау жері жоқ. Аяқтарынан   дымы қалмаған, тізесінде қанталаған дақтар тұр. Тырнақтарының асты көгеріп кеткен.  Оны езгені не  ұрғаны анық көрініп тұр. Қабағы мен тамағының асты жағы  көгерген. Ұлымды әбден азаптап, соққыға жыққаны көрініп тұр. Мойын  омыртқасы үзілген. Осыны бір адам жасады дегенге сенесіз бе? Мен сенбеймін. Алайда әскери қызметкерлер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Ерман осы әскери бөлімдегі басқа сарбазбен төбелесіп қалған» деп бой бермейді.  

Screenshot_4.jpg

Жағдайдың қалай болғаны жайлы көз жұмған жауынгердің ағайын-туыстары ептеп біледі. Себебі, Ерман  ата-анасы ғана емес,  жора-жолдастарымен де телефон арқылы хабарласып жүрген. Шілденің 23-күні сағат 16-00 шамасында Ерман ауылдағы досымен сөйлескенде былай депті: таңғы сағат 10-дарда  2095 әскери бөліміне  жаңадан шақырылған 20 жауынгер болып келдік. Қазір бізді қатарға тұрғызып  шетімізден ұра бастайды. Менің кезегім келе жатыр». Бұдан түсінгеніңіздей,  жаңадан келген сарбаздарды жергілікті «дедтер» осылайша доқ көрсетіп, соққыға жығу арқылы айтқанына көндіргісі келген. 

Ақтаудан суық хабар алған соң қаза тапқан жауынгердің әкесі Ертай Сламқұлов әскери бөлімдегі бірнеше адаммен телефон арқылы хабарласып, оқиғаның қалай болғанын сұрастырған. Білгені мынау.  

Screenshot_5.jpg

- Әлімжеттікпен айналысатын  сарбаздардың талабына  жаңадан келген  жауынгерлердің арасынан менің ұлым ғана мойынсұнбапты.  Соған жазасын беру үшін кейін бөлек жерге шығарып алып, барлығы жабылған. Естуімше 5-7 жауынгер. Кеңірдекке қатты соққы тигендіктен ұлым демала алмай қалып, өзінің қанына өзі тұншыққан. Желкесінен ауыр  затпен соққы тигендіктен омыртқасы үзіліп кеткен. Жерге құлаған соң жан-жақтан тепкілей бастаған.  

Ерман Сламқұловқа медициналық жәрдем уақытылы көрсетілмегенін айғақтайтын дәлелдер бар. Жарақат алған Ерманға әскери бөлімде медициналық жәрдем көрсететін фельдшер табылмағандықтан  оны аудан орталығындағы ауруханаға жеткізу жайлы шешім қабылданады. Жарты тәулік бойы медициналық жәрдем алмаған  сарбаз ауруханаға жетпей-ақ жан тапсырады.   

Алайда, Ертай сламқұловтың пікірінше, әскерилер шындықты жасырып отыр. Әскери бөлім қызметкерлерінің  айтуынша топтық қылмыс болмаған. Ерман Сламқұловтың  өліміне оның осындағы бір сарбазбен төбелескені себеп болыпты-мыс. 

- Маған әскерилер түсіндіргендей,  Ерман  әскери бөлімдегі басқа жауынгермен тіл табыса алмай, арада төбелес орын алған, - деп пікір бөліседі Ертай Сламқұлов.  Лақап аты  «Шомпол» дейтін сарбаз боксшы екен, қазір қамауда отыр екен. Өзі де бар кінәні мойындап отырған көрінеді. Бірақ, мен бұған сенбеймін. Қолдан ұйымдастырылған сияқты. Менің білгім келетіні,  осы оқиға орын алғанда әскери бөлімдегі қызметкерлер қайда болды? Ұлымның денесін алып келген штаб бастығы, әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен лейтенант сол күні бөлімде болмағандарын айтып ақталды. Сонда қалай?  Командир мен  дәрігердің де, тіпті кезекшілікте тұрған қызметкердің де жауынгерлер келген алғашқы күні әскери бөлімнен  жеке шаруаларымен шығып кеткеніне сенесіз бе? Сарбазжардың жаңа тобы келген күні бөлімде бірде-бір жауапты адамның қалмауы мүмкін емес. Оның үстіне мына қайшылыққа қараңыз. Менімен әңгімелескенде әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әлімжеттіктің барын мойындады. Бірақ кейіннен 2095 әскери бөлімінде жаңа жауынгерлер тобы келгенге дейін бар-жоғы 4 сарбаздың болғанын айтты. Осыны штаб бастығы да алға тартып отыр. Бұлардың сөзі рас па, өтірік пе, онысын білмедім.  

Біз осы оқиға жөнінде Маңғыстау облысындағы 2095 әскери бөлімінің штаб бастығы Талғат Тілеумағамбетов пен әскери-тергеу басқармасындағы осы іспен шұғылданып жүрген тергеуші Қайрат Заировқа хабарластық. Алайда екеуі де мәлімет  беруден үзілді-кесілді бас тартып,  «қазір тергеу жүріп жатыр» деумен шектелді.  Әділдік іздеген Ертай Сламқұлов енді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, басқа да орган басшыларына  арызданып, қылмыстың ашылуын талап етіп отыр. «Естуімше, Ақтаудағы мұндай оқиғалар бұрын да болған. Менің артымнан ерген тұяғым, жалғыз ұлымнан айырылып отырмын. Отанын қорғауға кеткен ұлымның шекара қызметінде тұрып емес, өзі қатарлы сарбаздардың, құрдастарының қолынан қаза табуы қалай? Мен сияқты ата-аналарға не деп жауап береді олар?», дейді жалғыз ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан әке. 

Ел арасында әскердегі әлімжеттік жайлы әңгіме аз айтылып жүрген жоқ. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған тепсе темір үзетін жас жігіттердің арада көп ұзамай қаза тауып жатуының бірден-бір себебі әскердегі әлімжеттік екені даусыз.  Әскери өмірдің көлеңкелі тұстарын, сарбаздардың адам төзгісіз азаптауларға душар болған жайттарды естігенде төбе шашыңыз тік тұрады. Қорғаныс министрлігі бұл жайында беретін ақпараты  некен-саяқ. Ресми дерекке жүгінсек, 2008 жылы  38 сарбаз әскерде жүріп  көз жұмған. Қарулы күштер саласында біршама реформа жүргізіліп, әлімжеттікке тосқауыл қойылды деген мәлімдемелерге қарамастан бұл мәселе қайта барған сайын өрші үстінде. Мемлекет тарапынан әскерге қыруар қаражат бөлініп, әскерилердің жағдайы бұрынғыдан анағұрлым жақсара түскені белгілі. Алайда, жағдай оңалар емес.  Мамандардың айтуынша, әлімжеттік әсіресе құла дүзде орналасқан әскери бөлімдерде жиі көрініс береді. Қазір жас сарбаздарға үйіне қоңырау шалғызып, ұялы телефонға бірлік салуға мәжбүрлеу сәнге айналғаны  жасырын емес. Мұндай қысымның арты жас жігіттердің өліміне әкеліп тірейді. Дегенмен, қорғаныс саласындағы шенді-шекпенділер қызметтерінен айырылып қалмасы үшін мұндай жайттарды «жабулы қазан күйінде қалдырғанды» жөн тауып отыр. Әскерде орын алған қылмыстардың көп жағдайда ашылмай қалып кете беретіні де содан. Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанып,  қыршын кеткен Ерман Сламқұловтың ісі де осындай тағдыр құшпасына кім кепіл?

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: