Галина Морозова, Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының бастығы:
- Облыс бюджетінің жалпы көлемі 253 миллиард теңгені құрайтындықтан игерілмеген қаржыны көп деуге келіспеймін. Қаржының жұмсаусыз қалып отыруының түрлі себептері бар. Мәселен, былтыр мемлекеттік сатып алу конкурстарының жеңімпаздарына ақшаның 30 пайызы бірден аударылып берілетін. Қазір төленетін соманың мөлшері 15 пайызға дейін төмендеді. Бұл тендерге бір күндік фирмалардың қатысуын шектеп, қолынан іс келетін, қаржылық және техникалық ресурстары жеткілікті мердігерлерді тартуға бағытталған қадам. Тағы бір мәселе - қаржы аудару операциясы үш күнге созылады, кейде одан да кешігеді. Айдың соңына дейін қаржы аударылып үлгермей, келесі айдың алғашқы күндері төленіп жатуы да жиі кездесетін жайт.
Конкурстың қайта өткізілуі де әжептеуір уақыт алады. Құжатын түгендемей конкурсқа қатысатын әлеуетті өнім берушілер де ілгері басқан қадамды кері тартып жүр. Бірақ, басты кемшілік бюджет жоспарланған кезде жіберілген. Қаржы аудару мен жұмыс жүргізудің кестесі дұрыс ойластырылмаған. Мәселен, тендер жеңімпазына ақшаны наурыз айына аудару жоспарланса мемлекеттік сатып алу конкурсы қаңтар айында-ақ жариялануы тиіс еді. Ал іс жүзінде бұл талапты сақтамағандар жетіп артылады. Тендер ақпан, наурыз айларында жарияланып жатса жұмыс жоспары кешіктірілмей қайтеді? Шамаң келмесе «наурыз айында қаржы аударамыз» деп жар салып, жоспарға енгізіп нең бар? Сәуір мен мамыр айларына шегерсе болады ғой. Нәтижесінде алдын-ала жоспарланған жұмыс шиеленісіп, былығып кетеді.
- Сіздің тарапыңыздан айтылған сынмен келісіп, жұмысын өз деңгейінде атқара алмай отырғанын мойындаған шенеунікті көргеніміз жоқ. Барлығының айтар пікірі, ақталу себептері бар. Бұған не дейсіз?
- Мен ол уәждердің біреуін де қабылдамаймын, құлақ аспаймын. Өйткені менің қолымда нақты мәлімет, нақты құжат бар: жыл басынан бері 6 миллиардтан астам теңге игерілмей отыр. Олар қалай ақталса да қорытынды нәтиже әзірге осы. Олардың жұмысына кедергі келтіретін себеп, бәлкім, бар да шығар. Бірақ солай екен деп қол қусырып отыруға бола ма? Мәселен, жол жөндеу - Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұржігіт Қалмырзаевтың қарауындағы сала. Жол жөндеу жұмыстарына жауапты шенеунік ретінде неге жобалық-сметалық құжаттаманы дұрыстап жасамайды? Жөнделетін жолдың үстіне басқа нысандар түсіп кеткен. Сол проблеманы шешпей не істеп жүр? Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың да ақталатын жөні жоқ. Үкімет арнайы қаулы қабылдамапты деп қарап отыра беруге болмайды ғой. Астанамен хабарласып, жоспарлы төлем жүргізудің мерзімін ауыстырып, кейінге шегеруі тиіс еді. Жүгірсін, қамдансын. Құрылыс басқармасына келейік. Жарайды, 1 сәуірдегі ақпарат ескіріп кеткен екен, ал 1 мамырдың ақпаратын қайда қоямыз? «Асар» мөлтекауданы бойынша 1 миллиард 200 миллион теңгеге жуық қаржы игерілмеген. Білім беру нысандарының құрылысына бөлінген 570 миллион теңге әлі де жұмсалмастан шиеленіскен мәселе әлі шешілмей тұр. Бұған облыстық құрылыс басқармасының бастығы Альмира Орманчинаның өзі не дейді? Нақтылы көрсеткіштен ешқайда қаша алмайсың. Тендерді бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі, яғни, облыстық басқарма өткізетіндіктен аудан, қала әкімдіктері ғана емес қаржының уақтылы игерілуіне олар да жауапты. Аудан,қала әкімдіктері құжаттаманы дер кезінде өткізбейді, кешігіп жатыр деп қол қусырып отыруға болмайды. Бюджетті жоспарлауда қателік жіберіп, қаржының жұмсалмай қалуына жауапты қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылды, алдағы уақытта да тартыла бермек.
- Жыл соңына дейін жағдайдың түзелетін түрі бар ма?
- Мен оптимистпін, жақсылыққа үміт артамын. Былтыр бюджет қаржысының игерілуі 98,4 пайызды құраған. Биыл 99 пайызға жету керек, өзіме осындай мақсат қойдым. Бірақ ол үшін әрине, әркім жауапкершілікті сезінуі тиіс. Байқауымша, қазір мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, келісім-шарттар түзіліп жатыр. Қозғалыс бар. Бюджеттің қаржысын игермеген басшылар жоспарды мүмкіндігінше тез орындауға уәдесін беруде. Менің ойымша, мамыр айында барлық конкурстар аяқталып, мердігерлер маусым айында толыққанды жұмысқа кірісіп кетеді.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж