Шымкент көрші облыстардан көш ілгері тұр

Screenshot_16.jpg

Шынын айту керек, еліміздің Оңтүстігінде жатқан облыс орталықтарының ішінде Шымкенттің шырайы ерекше екенін, қазіргі заманға сай бейімделу жағынан басқаларға қарағанда әлдеқайда алдыға озып кеткенін жасыруға болмас. Әрине, бұл күні кеше еліміздің астанасы болған Алматы қаласын санамағанда... Оңтүстік астананың жөні бөлек қой. Қатар жатқан үш облыс -- Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының әрқайсысының өз ерекшеліктері, өз мінездері бар. Орналасқан аймағына қарай әр облыстың өз тіршілігі, өз байлығы, өз жетістігі бар. Жамбыл негізінен ауылшаруашылығымен айналысса, Қызылорда экономикасының негізгі өзегі -- жер асты байлығы. Ал, еліміздің картасында ұзынынан созылып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының қазаны үлкен. Облыс экономикасын мұнай өңдеу, мақта, дәрі-дәрмек және тағы да басқа салалар көтеріп тұр. Әйтсе де бар жаңалық осы Шымкенттен басталатын сияқты. Әсіресе, заманға сай техникамен жабдықталу жағынан Шым-қала бұл аймақта ешкімге дес бермей тұр. Мысалыға, осыдан 4 жыл бұрын Шымкенттің орталық көшелеріне жылдамдығын арттырған көліктерді түсіріп алатын фотоаппараттар қойыла бастады. Бұл жабдықтарға шымкенттіктердің көздері әбден үйренгені соншалық қазір оны техника жаңалығы деп есептемейді. Ал, Таразға мұндай фотоаппараттар биылғы жылдың қараша айынан бастап қойыла бастады. Араға төрт жыл салып Шымкенттен Таразға жеткен осы кішкентай ғана жабдықтар екі облыс орталығының даму динамикасының мүлдем алшақ жатқанын байқатса керек. Шыны керек, соңғы жылдары Шымкент нағыз іскерлік байланыстардың орталығына айналды. Еліміздің ірі кәсіпкерлерінің бәрі Шымқалаға инвестиция салғаннан ұтылмайтынын анық біледі. Соның бір көрінісі ретінде – «Мега» орталық, техно саябақ, «Кең баба» этно саябағы, 200-ден астам үй салынған «Нұрсәт» мөлтекауданы, түрлі гипер маркеттерді айтуға болады. Тараз бен Қызылорда қалаларының орталық саябақтары қараусыз қалып, жым-жырт, сүреңсіз күйде жатқанда Шымкенттегі Абай, Жеңіс, бұрынғы Комсомол, Пионер саябақтарын жергілікті кәсіпкерлер пышақ үсті бөліп алып, таласып-тармасып түрлі аттракциондар, ойын-сауық орындарын ашып, тіпті қыза келе саябақтың қақ ортасынан сыра зауытын салып жіберген қызықтарын көргенде Шымкенттің қазаны бүлк-бүлк қайнап жатқанын мойындауыңа тура келеді.

«Қатар жатқан үш облыс қосылып, бір аймақ болады екен» деген әңгіменің анда-санда бой көтеріп қоятыны бар.  Тіпті ел ішінде үш облыстың кәсіпкерлігін біріктіріп отырған «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының дүниеге келуі облыстардың біріктіріле бастауының алғашқы қадамдары деп жорамалдап жүргендер де бар. Әрине, бұл әңгіме шындыққа жанаспауы да мүмкін, бірақ, «Оңтүстік» корпорациясының Шымкенттен орын тебуінің де өзіндік ерекшелігі бар сияқты. Мұнда Шымкент қаласының қақ ортада, екі облысқа да ыңғайлы жерде орналасқаны ғана емес, Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы, кәсіпкерлігі кейінгі екеуіне қарағанда әлдеқайда әлеуетті, әлдеқайда қарымды екені де есепке алынғаны анық. Іскерлік байланыстардың орталығына айналып, сәт сайын түндігі желпілдеп отырған Оңтүстіктің халқы да жаңалыққа жаны құмар, бизнеске бейім екенін жасыруға болмас. Бір ғана мысал. Көрші жатқан Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасында Шақпақ ата және Шақпақ баба деген ауылдар бар. Екі облыстың шекара сызығында жатқан екі ауылдың арасы небәрі 5-7 шақырым ғана. Ары-бері өтіп жүрген жолаушы бұл ауылдарды бірден таниды. Арнайы бекеттен өтіп, Оңтүстік Қазақстан жақ бетіндегі Шақпақ баба ауылына кірсеңіз, көше жағалап алма, жаңғақ сатып жатқан адамдарға көзіңіз бірден түседі. Тіпті бұл кәсіппен ауылдың әрбір үйі айналысатын сияқты, өйткені көше бойы толған сауда сөрелері. Ал, Жамбыл жағына кіргенде Шақпақ ата ауылынан мұндай көріністі байқай алмайсыз. Әйтпесе, сол алма, жаңғақ бұл ауылда да самсап өсіп тұр ғой. Бірақ оны саудалау жағына келгенде жамбылдықтар тым жайбарақат. Міне, таяқ тастам жердегі екі ауылдағы осы бір көріністер бұл екі облыстағы бизнеске деген көзқарас, қамқорлық, қолдау, даму жағы мүлдем екі бөлек екенін аңғартады.

  Бір танысымның мына бір әңгімесі әлі күнге есімнен кетер емес. «Қайбір жылы өзбек ағайындарды жалдап, ауылдан қора соқтық, -- дейді танысым. Өзбектің төрт жігіті ауылда екі ай жатты. Аптасына бір-екі рет барып, соғылып жатқан қораның жағдайын көріп қоямыз. Сондағы таңқалғаным... Соншама қазақтың ортасында жүріп төрт өзбектің бір ауыз қазақша сөйлемеуі болды. Тіпті қазақша сөйлейін-ау деген ой мүлдем қаперлерінде жоқ. Есесіне ауылдың бәрі өзбекше сөйлеп жүр. Ағам да, ағайындар да құрылысшы жігіттермен сөйлессе де немесе бірнәрсені түсіндірсе де өзбекше шүлдірлей жөнеледі. Тіпті сексендегі әжеміздің өзбектерді шайға шақырғанда «шойға келинлер» дегенін естігенде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің». Осы бір шағын әңгімеден Оңтүстік халқының тілі майда, кішіпейіл, тым ақкөңіл, біреудің ыңғайына жығылғыш келетінін байқайсыз. Бірақ шынында Оңтүстіктің өмірінде көрші жатқан Өзбекстанның әсері өте мол екені рас. Еншімізді енді бөлісіп, шекарамызды шегелеп, екі елге айналғанымызбен Шымкент пен Ташкенттің арасында барыс-келіс, алыс-беріс еш тоқтаған емес. Шекараны тышқан өтпейтіндей етіп жауып қойды деген күннің өзінде ниет еткен ағайындар әйтеуір бір жол табады. Күн сайын ағылып жатқан соң ба шекараға жақын жатқан Сарыағаш, Мақтарал, Қазығұрт аудандары халқының осы елмен тірлігі ғана емес, тілі де байланып, шұбарланып кеткені жасырын емес. Оның үстіне шекара өтіндегі қазақ ауылдары күні-түні өзбек телеарналарын көреді. Және біреу емес, бірнеше телеарналары жұмыс істейді. Осыдан барып ол қазақ ауылдары Қазақстанның емес, Өзбекстанның жаңалығын жатқа айтып, сол елдегі оқиғаларды алдымен естиді. Рас болса, қазір біздің телеарналарда жүріп жатқан кәріс, түрік сериалдары бұдан бірнеше жыл бұрын өзбек арналарынан беріліп қойған көрінеді. Яғни, шекара маңындағы бауырларымыз қазақ телеарналарындағы сериалдарды қайталап көріп жүр деген сөз.

Бір елдің астанасы Ташкенттің таяқ тастам жерде тұруы Оңтүстіктің өмірінде үлкен роль атқарып тұрғаны анық. Әсіресе, жергілікті халықтың сауда-саттыққа араласып, әсіресе жеміс-жидек саудасының қызуына, құрылыс және ауылшаруашылық жұмыстарына қосымша күш қосуда ала тақиялы ағайындардың үлесі мол. Жалпы біз бұл мақаламызда Оңтүстік Қазақстан облысының соңғы жылдардағы даму үрдісінің қарқындап келе жатқанын айтқымыз келді. Ол үшін әрине, Шымкентті аспанға көтеріп, көрші жатқан екі облысты жерге ұрудың қажеті жоқ. Әр облыстың өзіне сай тірлігі бар. Десекте Оңтүстіктің бүйтіп алдыға түсіп кеткенін көбінесе халқының көптігінен деушілер де жоқ емес. Дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан екінші орын алатын Канада елінде бар-жоғы 38 миллион халық тұрады екен. Канада – ауылшаруашылығы дамыған, халқы өте бай, бақуатты тұратын санаулы мемлекеттің бірі. Әрине, халық көп болса салық та көп түседі. Бірақ барлық мәселе -- халықтың шаруаға деген икемділігіне, кәсіпке деген ынта-ықыласына келіп тірелетін секілді. Міне, Оңтүстіктің халқы осынысымен ерекшеленеді.

Оралхан Дәуіт,

Жамбыл облысы

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: