Бірден айта кету керек, әңгімеміз Жамбыл облысы жайлы болғанымен, бұл – Жамбылға ғана емес, жалпыға ортақ мәселе. Өйткені, біздің елде барлық жол мектепке апарады. Біздің елде осы бір киелі шаңыраққа бас сұқпаған, білім алмаған, қоңырауының сыңғырын есітпеген адам кемде-кем. Бәлкім жоқ та болар... Осыдан кейін кеше өзіңді оқытқан, ал бүгін балаңның, немерелеріңнің бойына білім нәрін құйып жүрген ұстаздардың төзімділігіне, сабырлығы мен шыдамдылығына қайран қалмай көріңіз. Сондықтан білім саласының мәселесі, мектеп пен мұғалімнің жағдайы, мұңы, жанайқайы бәрімізге ортақ, бәрімізді алаңдатуы тиіс. Үкімет тарапынан білім саласын дамытуға арнайы бағдарлама қабылданғаны да осыдан. Біз осы мақаламызда білім саласының бірқатар мәселелерін ортаға салуды жөн көрдік.
Алдымен, ауылдың білімі туралы... Әрине, білімнің биігі, шыңы үлкен қызмет, мансаппен өлшенбейді. «Бүгінгі заман – білімдінің заманы» деп бұрын да айтылатын, қазір де айтылады. Бірақ, шетелге барып, жақсы оқып келгені үшін бірден лауазымды қызметке тұрып жатқан жастарды көріп, білімдінің заманы осы екен ғой деп ойға қалатының анық. «Жас келсе – іске» деген, мектептің сөмкесін министрліктің портфеліне айырбастаған өрімдей жастардың тасы өрге домалағанына қуанасың. Әйтсе де сол жастардың арасында қазақшаны қайырып тұрып сөйлейтін ауылдың қарадомалақ баласының жоқтығы қынжылтады. Барлығы қала мектебінде орысша оқыған жастар. Сонда бұл қазақтың алтын құрсағы – ауылдағы білім ошақтарының базасы нашар, ауылдың білім саласы ақсап жатыр деген сөз бе, қалай ойлайсыз?! Рас, соңғы жылдары Жамбыл облысының білім саласы бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Соңғы үш жыл қатарынан жамбылдық өрендер республикалық жалпыға білім беретін пәндер олимпиадасынан екінші орын алып келеді. 2008 жылы түрлі зияткерлік байқауларға қатысқан жамбылдық оқушылар 15 медаль иеленсе, биылғы 8 айдың өзінде 11 медальге қол жеткізіпті. Мемлекет аралық бақылау қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 8 мектебі еліміз бойынша ең үздік 100 мектептің қатарына ілікті. Биыл қала мектебін бітірушілердің ҰБТ қорытындысы орташа балы 79,4-ті құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Бірақ, байқап отырсыз, мұның барлығы дерлік қала мектептерінің жетістігі.
Ал, ауыл балаларының білімі әлі түзеле алмай жатыр. Неге? Қаладағы баладан ауылдағы баланың дарыны кем деймісіз. Жоқ, мүлде олай емес. Дарын қаладағы баланыікі, даладағы баланыікі болып бөлінбейді. Мәселенің төркіні тереңде жатыр. Қазір баланың білімін тест арқылы тексереді ғой. Соңғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Жамбыл облысындағы ауыл мектептерін бітірушілердің орташа балы 65,60-ты құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен 5,99 балға төмен деген сөз. Әрине, дала мен қаланың білім беру жүйесінде бұрыннан айырмашылық болатын. Сол «дерт» бүгінде мүлдем асқына түскендей. Оның бірнеше себептері бар. Жамбыл облысындағы 466 мектептің 386-сы ауылда орналасқан. Оның 215-і шағын жинақталған мектепте, 187-сі ыңғайластырылған ғимараттарда отыр. Шағын жинақталған дегеніміз оқушыларының саны аз, кейбірі жалғыз сыныптан тұратын, тіпті кей жерлерде бала аздықтан екі-үш сыныпты бір бөлмеге жинап, бір мұғалім сабақ өте беретін мектептер. Мұндай шағын білім ошақтарын жас мамандар сонадайдан айналып өтеді. Бас сұққанының өзі 1-2 жылдан артық тұрақтамайды. Ал, тәжірибелі, білікті мұғалімдер мұндай мектептерде көсіліп жұмыс істей алмайтынын біледі де, үлкен мектептерге ауысып кетеді. Өйткені бала саны аз болғандықтан 5-11 сынып аралығында пән мұғалімдерінің сабақ сағаты жүктемеге толмайды. Содан барып қазақ тілі, әдебиетінің мұғалімі амал жоқтан басқа пәндерден сабақ өте беруі мүмкін. Алдыңғы жылы Мойынқұм ауданының Мирный кентіндегі мектепте тіл маманы физикадан сабақ беріп жатқанын өз көзімізбен көргенбіз. Қайтеді енді, аз ғана сағатқа бола сырттан жас маман келмейді. Сосын тірі адам тіршілігін жасайды... Мектеп бітіретін жастарға негізгі көмекші – кітапхана болуы тиіс. Жасыратыны жоқ, ауыл кітапханаларының бірі енді ашылып жатса, бірі енді еңсесін түзеп жатыр. Сондықтан кітапхана ауыл балаларының сұранысын қанағаттандырып отыр деу еш қисынсыз. Яғни, о баста ауыл баласына дұрыс білім бермеген соң, ұлттық тест кезінде одан не талап етуге болады? «Не ексең, соны орасың» деген осы.
Жас мамандар мәселесі. Бір қарағанда Жамбыл облысының білім саласы жас мамандарға анау айтқандай зәру емес секілді. Аудан-қалалардан биылғы оқу жылына байланысты 145 жас маманға сұраныс түскен. Оның 45-і Тараз қаласына, 100-і аудандарға. Нәтижесінде ауылға 115, Тараз қаласына 145 жас маман келіпті. Қазір жас маман ауылға барса, жергілікті басшылар құдасы келгендей қуанып, қалтасына ақша, алдына бір қора қой, кейбірі сиыр қосып береді. Дәл қазір ауылға барған жас маманға тиесілі көтермеақысынан бөлек, Мойынқұм, Шу, Меркі, Қордай аудандарының әкімдері тағы қосымша көмек көрсетіп отыр. Қазір сананы тұрмыс билеген заман, бәлкім жастарды ақшаға қызықты деп жазғыруға да болмас. Қанша дегенмен бұрын көрмеген, жат жерде жұмыс істеп, сіңу үшін оларға моральдық, материалдық жағынан үлкен қолдау қажет екені сөзсіз. Бірақ сол жастардың ауылда тұрақтап қалуы өте қиын болып тұр. Бір-екі жыл өтпей жатып-ақ шабаданын жинай бастайды. Сондықтан жергілікті басшылық жас мамандарға 3-5 жылға дейін көмектесіп, қолдау көрсетіп отырса дұрыс болар еді. Бәрібір сол кеткен маманның орнына келген жасқа қайтадан құрақ ұшып, материалдық көмек көрсетуге мәжбүр болады емес пе?!.
- Биыл «Жол картасы» бойынша облыста 113 мектеп жөндеуден өтті. Оның 68-і күрделі, 45-і ағымдағы жөндеуден өтті. Одан бөлек облыстық бюджеттен 114 білім нысаны ағымдағы жөндеуден, 33 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті. Бірақ ауыл мектептерінің жағдайын түзегенмен, кадрлардың сапасы әлі алаңдатады, -- дейді Жамбыл облыстық білім басқармасының бастығы Дүйсенбек Әбдірайымов. -- Сондықтан біз Білім министрлігіне аудан орталығындағы базасы мықты мектептер жанынан интернат үйін салуды ұсынып отырмыз. Шағын мектептердегі оқушыларды осындай базасы кең мектептерге алып келе алсақ, ауылдың білім саласында ілгерілеушілік болады деп ойлаймын. Бұл әрине, уақыт пен қаржының мәселесі. Біздің үздіксіз көтеріп келе жатқан тағы бір мәселеміз – жоғарғы оқу орындары мен орта білім беретін кәсіптік колледждерде сырттай білім беру жүйесін тоқтату қажет. Педагогикалық мамандықтар бойынша. Кейбір азаматтар колледжді бітіріп алады да, жоғарғы оқу орнына сырттай түсіп, мамандығы бойынша жұмыс істей береді. Ал ешқашан да оқуды сырттай бітіргендер күндіз білім алғандармен таласа алмайды.
Міне, мұғалімдердің мәселесі осындай... Шынын айту керек, қазір аудан әкімдері ұстаздарды шырмап алған ғой. Сайлау өтсе де, санақ өтсе де екі өкпесін қолына алып, мұғалімдер жүгіріп жүреді. Яғни, мұғалімдер қоғамдық жұмысқа көп жегіледі деген сөз. Мәжіліс депутаттары бюджет тапшылығына байланысты келесі жылдың жартысына шегерілген жалақы өсіру мәселесін қайта көтеріп, ең болмаса мұғалім мен дәрігердің жалақысын көтерейік деген ұсыныс айтып жүр. Бұл осы сала мамандықтарының қиын еңбегін ескергендік те шығар. Бірақ бұл саланың мәселесі жалақыны өсірумен ғана шектелмейтінін Білім министрлігі түсінсе екен дейміз.
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы