Амангелді Сейітхан: "Спортшылардың ұлттық санасын ояту қажет"

Screenshot_1.jpg

Амангелді Сейітханов, спорт шолушысы:

     - Спортпен «ауырған» адамсыз. Неге спортшы болмай спорт шолушысы мамандығын таңдадыңыз?

-          Бұл мамандықты өзім таңдаған жоқпын. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде бірінші курста оқып жүрген кезім еді. Қазіргі Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, сол тұста «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеген, қаламы жүйрік журналист Бауыржан Омаров бізге арнайы курстан сабақ беретін. Бір күні ол  «мен сені үйіріңе қосамын» деп газетке ертіп апарып, бөлім меңгерушісі, танымал спорт шолушы  Несіп Жүнісбаевпен жолықтырды. «Мына бала сізге шәкірттікке жарайтын сыңайлы. Байқаймын, таңдаулы шәкіртіңіз  болады» деді. Несағаң «Мұндайлар көп қой. Көрейік» деп бастапқыда селқос қарсы алғаны жасырын емес. Бір аптадан кейін ізденісіме, талабыма қуанғаны бойыма шабыт бітірді. Футбол тақырыбын әбден зерттеп, зерделеп жазған «Қайраттың» командасының обалы кімге?» атты мақалам көңілінен шыққан соң ғана Несіп ағаның шәкірті қатарына қабылдандым.  «Спорт» газетінде де біраз тер төктім. Одан  қазақтың маңдайалды спорт журналисінің бірі, бірегейі Рабат Жәнібеков «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына шақырды. Шақырғанда да қызық, сыртымнан бұйрық шығарып жіберіпті. Сосын амал жоқ қызмет  ауыстыруыма тура келді. 1997 жылдан бері «Хабар» агенттігінің қызметкерімін. Шама-шарқымызша шапқылап жүрміз. Егер жетістікке жетіп жатсам  алдыңғы буын ағаларымның арқасы. Олар-Несіп Жүнісбаев, Бауыржан Омаров, бүкіл жылнамалық мәселелерді жадына жаттап жүретін Жүсіп Қисымов маған ұстаз болды. Бар жақсы қасиетті үйретті. Бойыма сіңірді. Бір саланы түбегейлі зерттеуді, таңдаған кәсібіңді жан тәніңмен сүйе білуді солардан үйрендім.

-         Спорт шолушыларына айтылар сын көп. Әсіресе Олимпиада ойындарынан репортаж беретін шолушылардың кісендеулі аттай кібіртіктей беретіндігі жасырын емес...

-         Енді ол әркімнің табиғи дарынына байланысты нәрсе ғой. Кейде асығыстық болады, кейде әртүрлі жағдайлар болады...

-         Елімізде тек спорт саласына арналған телеарна ашуға мүмкіндік бар ма?  

-         Жеке спорт арнасы бар. Әзірше кабельдік телетаратылым арқылы тарайды. Елімізде спорт арнасын ашу әзірше қолдан келмейді-ау. Өйткені маман жоқ, техника жоқ, мүмкіндік жоқ. Іссапарға шығатын ақшасы мол болуы керек. Мәселенің бәрі қаржыға  келіп тіреледі. Оған көп қаржы керек. 200-ден астам маман жұмыс істеуі керек.

- Спорттың ұңғыл-шұңғылын білетін бесаспап маман ретінде қазақ спортының болашағы туралы не айтасыз? Футболдан неге кенжелеп қалдық, бокстан да биіктен көрініп жүр едік, көз тиді ме, сөз тиді ме оның да ақсап жатқан жайы бар...

-         Негізі спорттың ұңғыл-шұңғылына дейін білген зиян. Өйткені ақпарат тасқыны көп. Оны айтсаң біраз адамдар ренжіп қалуы мүмкін. Ол қорқыныштан емес. Жалпы қазақ спортына қарным ашады. Футболды біз бітірдік. Футболды біз бұдан 10 жыл бұрын теріс жолға бұрдық. Содан әлі шығара алмай келеміз. Өйткені онда ол саланы білмейтіндер жұмыс істейді. Мықты мамандарды біз пайдалана алмаймыз. Сол сияқты мықтылар әр облыста, әр қалада бар. Соларды пайдалана алмаймыз. Неге? Өйткені бұл саланың басында пысықтау жігіттер жүреді. Солар әкімге жақындау болады. Тілін таба біледі. Футбол мәселесін солар шешіп кетеді кейде. Бокста да қазір шынында қиын тиетін түрі бар. Себебі тіл табыса алмайтындар бокстың жалына жармасып жүр. Ол керемет бапкер болуы мүмкін. Ол керемет боксшы болуы мүмкін. Бірақ қарапайым адами қасиеті болмағаннан кейін ол бокстың тізгінін алып жүре алмайды. Мен Құлыбавты айтып отырған жоқпын. Одан басқаларын. Құлыбаев ол ақша беретін адам. Қайта оны пайдалану керек еді. Ол ешқашан барып төрешілермен, басқаларымен жұмыс істемейді. Бірақ Құлыбаев берген ақшаны бержағындағылар дұрыс пайдалануы керек. Оны жеке мүддеге емес, тұтас мақсатқа пайдалану керек. Міне, сонда ғана бокс өркендейді. Осы болмайынша біздің боксымыз құрдымға кеткені кеткен.

-         Бокс құрамасының бас бапкерлігінен Дамир Буданбековтың кеткеніне не айтасыз?

-         Буданбековты жалпы жек көрмеймін. Жамбыл облысына көп еңбек сіңірді. Жақсы шәкірттер тәрбиеледі. Буданбеков мықты маман болғанымен мықты психолог емес. Оны Дамирдің өзіне де айтқам. Керемет тіл табыса алмайды. Бұл менің жеке пікірім.  Кезінде бокс құрамасының бір бас бапкері болды. Жүрген жерінде жомарттығымен көзге түсетін. Мысал үшін әлем чемпионатына барған кезде бір мейрамханада оншақты бапкер отырса солардың шәйін әпере салады. Былай қарасаң ештеңе емес. Ары кеткенде 100 доллар болар. Бірақ солармен тіл табыса алады. Олар оны сыйлайды. Оның жолын кесетін төрешілер аз болады. Оның жеңісін қызғанатын бапкерлер аз кездеседі. Неге? Өйткені ол солармен тіл табыса біледі.

-         Шетелден бапкер шақыртуға қалай қарайсыз?

-         Баяғыда Дәулет Тұрлыханов ағасы Қайрат Тұрлыханов екеуі Болгариядан бапкер алдырған. Одан оны Түркия сатып алды. Түркиядан Қазақстан сатып алды. Сол түркілер келгелі қазақ ауыр атлетикасы оңалды. Дзюдодан Комато Кодзи деген ол келді. Нәтижесінде өмірі болмаған бір алтын медаль қанжығаға байланды. Олар керек бізге. Таэквондодан Дәулет Тұрлыханов кәрісті әкелді. Міне таэквондодан тағы да бір медаль қоржынға түсті. Осындай осындай жетістіктер бар. Біздің жігіттерді футболдағы сияқты шетелге апарып оқыту дегенді мен түсіне алмаймын. Әзірше. Оған сөз жетпейді. Мүмкін ол дұрыс емес шығар. Қайта сол 20 балаға кеткен ақшаға Қазақстанға бапкер шақырту керек пе еді?

-         Қай өңірдің тумасысыз?

-         Туған жерім Семей облысы, Мақаншы ауданы. Отбасымда үш балам бар. Жұбайымның аты - Назгүл. Балаларым - Ерасыл, Гүлдана, Бекасыл. Қызым кейде ән айтады. Ұлым футболға барғанды жақсы көреді. Мен үйде тіпті нан турай алмаймын. Жұбайым турағанша қарап отырамын. Үйде жоқ боп қалса жүгіріп барып өзі әкеледі. Отбасындағы шаруашылық, әлеуметтік мәселелердің бәрін соның мойнында. Қонақтардың бәрін сол күтіп алып шығарып салып жатады. Ол барда мені ешкім іздеңкіремейді. Ол барда мен ештеңеге алаңдамаймын. Отбасылық бақыт дегенің де осы шығар...

-         Азамат ретінде сізді қоғамымыздағы қандай мәселелер толғандырады?

-         Біріншіден, біздің спортшылар қазақша сөйлемейді. Соған қаның қайнайды кәдімгідей. Біреуінен сұхбат алуға барсаң «извините» деп өте шығады. Орысша сөйлетсең сайрайды  ғой әрине. Солар қай мемлекеттің атынан жарысқа бара жатқанын да білмейді-ау деп кейде таң қаламын да. Он ауыз орысша білгеннен гөрі қазақша үйренгені айып па? Осы елдің наны жақсы, медальі мықты, ақшасы тіпті тәтті. Ал, тілі неге ащы болуы керек? Мен соны түсіне алмай-ақ қойдым. Тіл үйрену қиын емес қой. Мәселен, Англияға немесе Испанияға апарып тастаса он сөз айтамыз. Бір айдан кейін нан сұрап жерлік тілін тәп-тәуір меңгеріп аламыз. Өйткені бұл мәжбүрлік. Біздің елде тіл үйренуге мәжбүрлік жоқ. Сондықтан да олар үйренгісі келмейді. Бірақ оларға «бұларың ұят қой» деп ешкім ескертпейді. Елдің намысын қорғайтын спортшыларда ұлттық сана болмайынша алар асу аласалау болып қала береді-ау.

-         Естен кетпес ерекше оқиғаңыз...

-         Иракпен іріктеу матчына бардық. Бірінші ақпарат беруші мен почтамптқа барамын. Алматыға телефон соғу үшін. Сөйлесіп болған соң бағасын сұрасам 20 доллар дейді. Екінші күні одан да аз төлейтін шығармын деп едім 68 доллар деп жазып берді. «Неге бұлай?» десем адамша сөйлеспейді. Қаруын кезенеді. Соғыстың алдындағы кез еді. Қазақстан Иракпен 1:1 болып тең ойнады. Жанкүйерлер зеңбіректерін, танкілерін алып келіп стадионды қоршап алды. Шыға алмай отырдық екі сағаттай. Солар әбден тарағаннан кейін жергілікті әскерилер шығарып салды. Иракта жүргенде ешкім ешкімге әзілдеген жоқ. Ирактан Сирияға кеп қонғаннан кейін елдің бәрі бір-бірімен көңілді сөйлесуге көшті. Сонда өмір-ай, еркіндікке ештеңе жетпейді екен ғой деген ойға қалдым...

-         Жеңісті күндерде жүздескенше!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: