Бір қарағанда қазақ киносында проблема болмауы керек сияқты. Мемлекет бұл салаға үлкен қолдау көрсетіп, үнемі демеп келеді. Қайбір күні Елбасының Ұлттық киностудияда болып, өнер азаматтарымен кездескен жиыннан кейін осындай ой келді. Мына мәселеге бір сәт назар аударыңызшы... Соңғы уақытта кино саласында белгілі жетістіктерге жеткен әлемдік режиссерлермен, продюсерлермен, сондай-ақ продюсерлік компаниялармен қарым-қатынас орнататын продюсерлік орталық ашылған. Оған қоса түсірілген туындылардың жарнамалық стратегиясын анықтайтын Киножобалардың даму орталығы жұмыс істей бастапты. Өткен жылдан бері киностудияның маркетингтік қызметі іске қосылған. Ең бастысы, биыл киностудия өндірістік базасының ірі техникалық жаңғыртылу жобасы жүзеге асты. Қысқасы, киностудия киноиндустрия саласының ең озық технологияларымен жабдықталған. Сондықтан болар, қандай қиын жағдай болмасын, мемлекетіміздің киноиндустрия саласын ақсатпау үшін атқарып жатқан шарасына – бөлініп жатқан қаражатына киногерлеріміздің өкпесі ретсіз екендігін айтудың сәті түсіп тұр. Тек бөлінген қаражат көзделген мақсатқа жұмсалуы тиіс екендігін Елбасы осы кездесуде қадап айтты.
Міне, осыдан кейін қазақ киносының техникамен жабдықталу мәселесіне кінә қойып көріңіз?! Енді не кедергі? Жақсы кино түсіру үшін, ел мақтайтын фильм жасау үшін қазақ режиссерларына не кедергі болып жүр? Қазіргі кинотеатрларда жүріп жатқан фильмдердің 72 пайызы шетелдікі, 25 пайызы Ресейдікі, қалғаны ғана отандық екен. Бізден гөрі өзбек кинорежиссерлары үлкен тірліктер атқаруда. DVD-дискілер нарығында өзбек фильмдерінің айтарлықтай сұранысқа ие екендігі жасырын емес. Өзбек тілінде болса да, «Фатима-Зухра», «Сиви», «Телба» атты фильмдерді бірталай қазақ көрермендері көріп шықты. Өзбекстандық кинорежиссер Шухрат Аббасовтың айтуынша, бір фильмді түсіруге шамамен 30-80 мың АҚШ доллары аралығында шығын кетеді. Есесіне, түсетін табыстың көлемі 300 мың доллардан асады. Бұл өз еліндегі кинотеатрлардан түскен пайда ғана.
Енді қазақстандық фильмдердің табысын саралап көрейік.
Соңғы бір жылда қазақстандық кинотеатрларда көрсетілген отандық фильмдер - «Сталинге сыйлық» - 63 мың доллар, «Мұстафа Шоқай» - 42 мың доллар, «Қош бол, Гүлсары» - 29 мың доллар, «Бақсы» - 14 мың доллар, барлығы «жұдырықтай жұмылғанның» өзінде – 150 мың доллар жинаған. Бұл орташа бір клиптің құны. Ал, бір ғана «Мұстафа Шоқай» фильмін түсіру үшін мемлекеттік бюджет 3 миллион доллар бөлген. «Сталинге сыйлық» та анау айтқан арзанқол дүние емес. Оны былай қойғанда, блокбастер ретінде ұсынылған «Көшпенділер» 32 миллион долларға түсіріліп, түскен табыс шығынның 10 пайызын да жапқан жоқ. Америкадағы кинопрокаттан бар-жоғы 19 мың доллар жинапты. Мұндай түрімізбен киноның тіпті 2030 жылы да бизнеске айналуы неғайбыл ғой.
Елбасымен кездесу барысында «қазақ киносы әлі де “толғату” үстінде» деген Ермек Аманшаев 2008 жылы еліміздің кинотеатрларындағы прокатта 254 картина көрсетілсе, оның тек 8-і ғана қазақстандық, 5-і ғана “Қазақфильмдікі” болғанын жасырмады. “Кинотеатрларда отандық киноның жоқтың қасындай екендігіне қызметтік кинематографиялық базаның жоқтығы себеп болып отыр» дейді ол. Сондықтан да прокатта шетелдік картиналардың бағы жанып тұр.
Әрине, еліміздің кино саласын тым-тым табанға таптап, бетіне түкіріп тастауға болмас. Қалай десек те, көруге тұрарлық туындылар болса, көрермен табылатын сыңайлы. Мәселен, 2002 жылы кинотеатрларға баратындардың саны 2 миллион 855 мыңдай болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 7 миллионнан асып жығылған. Оның 361 мыңы отандық туындыларды тамашалаған. Алайда, оның да жартысы коммерциялық емес, кинофестивальдік көрсетілімдер кезінде және Кинематографистер одағы облыстарда қазақ фильмдерінің тұсауын кескенде табылған көрермендер.
Осы арада киностудия өзінің өршіл жоспарларын мәлімдей кетуді де ұмытқан жоқ. Яғни, “Қазақфильм” киностудиясы 2010 жылға қарай отандық және бірігіп түсірілген фильмдерді тамашалайтын көрермендер санын миллионға жеткізбек... Бүкіл әлемде дағдарыс жүріп жатса да 2009 жыл киностудия үшін серпілісті болып тұрғандай. Соңғы 18 жыл ішінде алғаш рет биыл 10 толықметражды көркем фильм, 10-нан астам деректі фильм түсірілді. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет 21 сериядан тұратын толық метражды “Ер Төстік” анимациялық фильмі жыл соңына қарай бүлдіршіндер назарына ұсынылады. Келесі жылы оны 50 серияға жеткізу де көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа киножобалардың өзіне жақсы әсер сыйлағанын ризашылықпен білдіріп жақсы кино көргіміз келетінін айтты.
Реті келіп тұрған кезде айта кету керек, кино саласында Шымкентте де бірқатар тірліктер атқарылып жатыр. Бірақ шымкенттік фильмдер Алматыда түсіріліп жатқан кинотуындыларға бәсекелес бола ала ма? Бір қарағанда, бұлай сұрақ қоюдың өзі ерсі сияқты. Қазақ киносының қарашаңырағы – «Қазақфильм» киностудиясы да, мықты актерлар мен режиссерлар, кинематографияның майталмандары Алматыда шоғырланғандықтан, оңтүстік Астанамен Қазақстанда ешкім де тайталаса алмайтыны заңды сияқты.
Дегенмен... мына жайтқа назар аударыңыз.
Алғашқы әзіл-сықақ театры Алматыда ашылғанымен, қазір осы саланы шымкенттіктер жаулап алды десе де болады. «Шаншар», «Шымкент шоу», «Шымшыма» секілді шығармашылық ұжымдарың қойылымдарына халық лек-легімен ағылып жатады. Ол аз десеңіз, мультфильм саласын алайық. Алтын қорға енген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмін жасаған, қазақ мультфильмінің атасы Әмен Хайдаров ақсақалдың айтқан сөзі есіңізде ме? Алдыңғы жылы Оңтүстік Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық анимациялық фестиваліне құрметті қонақ ретінде шақырылған Әмен ата «Шымкент қазақ мультфильмінің отанына айналды» деген болатын. Соны дәлелдей түскісі келгендей, «Жебе» студиясы 45 минуттық «Қанатты барыс туралы аңыз» атты мультфильмін аяқтады. Бірер ай ішінде үлкен экранға шығады. Біреулер үкіметтің бөлген ақшасына жарытымды дүние түсіре алмай жүргенде, шымкенттіктер ешкімге жалынбай-ақ мультфильм түсіру ісін меңгеріп алды.
Біздіңше, шымкенттік кино да осы заңдылықпен дамыса керек. Мемлекеттік бюджеттен көк тиын бөлінбесе де, жұрт көретіндей фильмдердің шыға бастағаны осының айғағы. Соңғы 5-6 жылда Шымкентте шағын бюджеттік фильмдерден бастап халықаралық деңгейдегі, бюджеті миллиондаған долларды құрайтын жобалардың пайда болғаны назарымыздан тыс қалмады. Сондай-ақ, отандық кино өндірісінде тұңғыш рет қазақ ертегісін түсіру қолға алынды.
...Әрине, Елбасымен кездесуде көптеген мәселелер көтерілді, көптеген ойлар айтылды. Сол ойлардың қазығы – жақсы кино түсіру, көрерменді кинозалға көптеп жинау, бұл саланы бизнес көзіне айналдыруға келіп тірелгені сөзсіз. Біздің қосарымыз – қазақ киносы дамып жатыр, алға ілгерілеушілік бар. Бірақ біздің режиссерлар киноны шетел үшін емес, қазақ халқы үшін түсірсе дұрыс болар еді. «Қарағым, рахмет» десе де, өз халқыңның алғысынан артық не марапат бар. Қырғын ақшаға түсірілген кино алдымен АҚШ-тың жұртына емес, өзіміздің қазаққа ұнауы тиіс.