Редакциямызға хабарласқан оқырман: «Тука» «Шаншардан» кеткелі жатыр деп естідік. Осы рас па, өтірік пе, анықтап беріңізші» деп өтінді. Шыны керек, қазір жұрт «Шаншар» десе Нұржанды, Нұржан десе «Шаншарды» айтатыны белгілі. Тіпті «Шаншарды» көбінесе осы «Тука» үшін арнайы барып көретіндер бар. Бұны театрдың жетекшісі Уәлибектің өзі де растайды. Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде Уәлибек Әбдірыйымов: «Нұржанның талантын мен бұрыннан-ақ мойындағанмын. Сөз жоқ, талантты әртіс. Дегенмен, Нұржан «Шаншарда» жүріп Нұржан болғанын да есте сақтау керек», - деген болатын.
Екінші жағынан, Нұржан Төлендиевтің «Шаншардан кетуі мүмкін» деген әңгіменің тұрақты түрде айтылып жүргеніне де біраз болды. Осы сауал қойылғанда Уәлибек пен Нұржанның да айтар жауаптары дайын тұратын. Мұндайда Уәкең «мен Нұржанды ұстап, тұсау салғым келмейді» деп құтылса, Нұржанның өзі «егер «Шаншардан» кетіп, үй ішінен үй тігіп жатсам, «сыйыспады, біріне-бірі алакөз болып, бөлініп кетті» деген әңгімеге қаламын» дегенді алға тартатын.
Десек те, бұл жолы екеуінің де әңгімесі өзгергені бірден байқалды. Сонымен, оқырманымыздың сұранысын орындау үшін осы сауалды алдымен театрдың директоры Уәлибек Әбдрайымовқа қойдық.
-Нұржан «Шаншардан» кетеді деген ақпараттың 80 пайызы өтірік.
-Сонда арғы жағындағы 20 пайыз ше?
-Мәселе былай. Мен Нұржанға ұрыстым да оны театрдан уақытша шеттеттім. Содан ол маған жолыға алмай жүр. 20 күндей болды. Ал Нұржанға қатысты түрлі өсек-әңгімелер бұған дейін де шығып жүрді ғой. «Ойбай, Нұржанды «ақ тырналар» пышақтап кетіпті» деп жұрт кезінде бір дүрлікті. Бұл жолы да сол сияқты.
-Не үшін ұрыстыңыз?
-Енді, ол театрдың ішкі «кухнясындағы» тірлік қой. Жалпақ жұртқа жайып, дабыра қылудың қажеті жоқ. Нұржанмен алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтінімізге сендіргім келеді.
Бұл Уәкеңнің пікірі. «Тука» «Шаншардан кеткелі жүр» деген әңгімеге қатысты Нұржанның өзі былай дейді:
-Бұл жай өсек әңгіме ғой. Әзірше белгісіз.
-Белгісіз болғанда қалай? Сонда сіздің «Шаншардан» кетіп қалуыңыз да мүмкін ғой?
-Иә, қазір жоспар құрып жатырмыз. Келісілген түрде жасаймыз ғой. Бұл жайлы әзірше жариялаудың қажеті жоқ шығар.
-Сонда жеке театр ашуды көздеп отырсыз ба?
-Ондай да жоспарым бар, қазір ештеңе айта алмаймын. Жігіттер! Барлығы жақсы, айқай-шу болатындай ештеңе жоқ.
-Оқырмандарымыз «Нұржанды «Шаншардың» қойылымдарынан көре аламыз ба?» деп сұрап жатыр...
-Көреді, көреді. Ол күмәнсіз.
Сонымен, екі жақтың да бізге берген жауабы осындай. Екі жақ та әзірше бұл тақырыпта әңгімелесуге аса үлкен ниет танытпай отыр. Қайткен күнде әзірше әртістер де, көрермендер де әліптің артын бағуда.