--Оңтүстіктің менталиеті онша қабылдай қоймаған, бірақ түптің түбінде әлемдік деңгейдегі өркениетті мемлекеттерде өнердің ең биік шыңы есептелетін ерекше жанрды елге түсіндіруі, мойындатуы тиіс театрға басшылық қызметке тағайындалғаныңызға көп бола қойған жоқ. Алдымен жауапкершілігі екі есе жоғары ұжымның тіршілігін жандандыруды ұтымды ұйымдастыруы қажет басшының қайдан келгенін, өмірбаяны қалай өрілгенін білсек.
- 1998 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін эстрада және үрмелі оркестрдің дирижері мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолым Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында режиссердің көмекшісі болудан басталды. Көп ұзамай әрі режиссерлік міндетті атқарып, әрі шаруашылық саланың меңгерушісі болдым. Үш жыл бұрын Оңтүстікке оралып, опера және балет театрына жұмысқа тұрдым. Әуелі көркемдік жетекші, сосын театрдың бас әкімшісі қызметі сеніп тапсырылды. Әрине, опера және балет театры қатардағы мәдени мекеме емес, өнердің ең биік шыңы екені өркениетті елдерде әлдеқашан мойындалған. Біздің елімізде опера және балет театрлары бұған дейін тек Алматы мен Астанада болса, олар да өркениетті мемлекеттердің өзін таңдандыратын тамаша қадамдар жасап жүр. Алла жазса оңтүстіктің опера және балет театры да оң нәтижемен қуантатынына, жергілікті менталиет бұл бекзат өнердің қадір-қасиетін ұғып, жетістігімізді бағалайтынына сенімдімін. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің, облыс әкімінің мәдениет саласына жауапты орынбасары Әли Бектаевтың, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекованың қолдауымен көздеген мақсатымызды жүзеге асыру үшін сахнадан классикалық қойылымдарды, халықтық дүниелерді көрсетуге күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Құдай қаласы театрдың төртінші маусымын Төлеген Мұхамеджановтың «Айсұлу» атты операсымен ашсақ деп отырмыз. Сонымен қатар көрермен қауым осы маусымда «Чио чио сан» операсы, Чайковскийдің «Иолантасы», басқа да дүниелерді тамашалай алады. Балаларға да, үлкендерге де арналған «Қар ханшайымы» атты балет желтоқсан айында сахналанады. Оның арасында мемлекеттік, облыстық деңгейде өтетін түрлі мерекелік шараларға белсенді түрде атсалысатын боламыз. Мәселен, қыркүйек айының соңында Оңтүстік Қазақстанның Астанадағы күндері өткелі жатыр. Сол іс-шараға театрдан өз бағдарламамызды ұсындық. Классикалық әуендерден құралған попурри мақұлданды.
- Шымкенттің опера және балет театрын шыңға шығаруға мүмкіндіктер қарастырылған ба?
- Ең алдымен қуантатыны – мықты материалдық базамыз бар. Ғимаратымыз керемет, өте әдемі. Сахнаның акустикасы да жақсы. Осы сахнада аты әлемге әйгілі опера жұлдыздары ән шырқап үлгерді. Барлығы да жоғары бағасын беріп жатыр. Айталық, Ренат Салауатов деген атақты дирижер, Нұржамал Үсенбаева, Мәскеуде өнер көрсететін танымал саңлақ Ахмет Агади біздің сахнада ән айтып, ризашылығын білдірді. Ұжымның шығармашылық деңгейі, жұмысқа деген ынтасы мен тәртібі жақсы. 200-ден астам қызметкер жұдырықтай жұмылып жұмыс істеудеміз.
- Репертуар таңдаудың қандай ерекшеліктері бар?
- Оны театрдың көркемдік кеңесі талқылап, шешім қабылдайды. Мойындаймын, әзірше қоюға шамамыз жетпейтін де опералар бар. Біздің театр тәй-тәй басып келе жатқан сәби сияқты ғой, енді ғана аяққа тұра бастады. Биіктерді бірден бағындыру мүмкін емес. Репертуар таңдау қиын іс. Қызу пікірталас болады. Солистердің дауыс мүмкіндіктеріне, жалпы театрдың потенциалына қараймыз. Бірақ түбінде ортақ шешімге келеміз. Дегенмен, меніңше кез-келген күрделі операны әрі кетсе 2 жыл ішінде қоюға болады. Жалпы, драматургияда бір спектакльді қоюға 1-2 ай уақыт кетсе, операда жоқ дегенде жарты жыл уақыт жұмсалады. Себебі мұнда оркестр, хор, солистер, балет - барлығын қамту қажет. Әуелі әрқайсысы екі айдай жеке-жеке дайындалып барып басын қосады. Операның 90 пайызы музыкадан құралады.
- Оңтүстік халқының операға ынтасы қалай?
- Шүкіршілік, операны тамашалайтын көрермен аз емес. Әсіресе халықтың балетке деген сұранысы жоғары. Оны алдыңғы жылдарда-ақ байқағанмын. Дегенмен, біздің балет ұжымымыз әлі жас, тәжірибесі аздау. Болашақта балетті дамытып, ауқымды дүниелер қоюды жоспарлап отырмыз. Әзірше балет өнерін балалар спектакліне енгізіп отырмыз. Былтыр Морозовтың «Айболитін» қойсақ, биыл «Қар патшайымын» әзірлеудеміз. Келесі жылы бұдан да күрделі дүниелерге кірісеміз. Операны тамашалауға аудандардан да жиі келетіндер көп. Мәселен, Қазығұрт, Төле би аудандарынан арнайы топпен келген көрермендер болды. Аудандарды арнайы гастрольдік бағдарламамен аралап қайтпақпыз.
- Гастроль демекші, өзге облыстарға, Астанаға сапарға шығатын ойларыңыз бар ма?
- Бұл бағыттағы жұмысты қолға алып жатырмыз. Жаңа жылға дейін Қызылорда, Байқоңыр немесе Таразға гастрольдық сапарға шықсақ па дейміз. Ал келесі жылы Астана мен Қарағандыға жол тартамыз.
- Бірер жыл бұрын Шымкентке әлемдік деңгейдегі опера жұлдыздары шақырылып, өнер көрсеткен еді. Бүгінде бұл бастама тоқтап қалды.
- Әрине, дүниежүзіне танымал опера жұлдыздарын Шымкентке шақыру біз үшін үлкен абырой. Қазір де шақырғымыз келеді, бірақ, жасыратыны жоқ, көп мәселе қаржыға тіреледі. Әлемдік деңгейдегі әншілерді әзірше тарта алмағанымызбен басқа да жоспарларымыз бар. Биыл романсиада өтеді. Оған біздің әншілермен қатар алыс-жақын шетелдің өкілдері қатысады. Опера әншісі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған тума талант иесі болуы бір бөлек, оның шеберлігін үнемі шыңдап отыру керек. Бұл бағыттағы табыстарымыз жоқ емес. Былтыр бірнеше әншіміз романсиаданың жүлдегерлері атанды.Жуырда екі әншіміз Польшаға барып лауреат атанып қайтты. Бір сөзбен айтқанда кәсіби деңгейіміз үнемі өсіп келеді.
- Шоу-бизнес саласына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбесе де, эстрада жанры үлкен қарқынмен дамып келеді. Ал опера және балет театры болашақта өз бетінше табыс таба ала ма?
- Шетелдің әйгілі опера және балет театрлары мемлекеттен жәрдем алмаса да, көбіне демеушілердің қолдауының арқасында тіршілік жасайды. Әдетте бұл өзінің имиджін жоғары қоятын ірі компаниялар болып табылады. Шет мемлекеттерде болсын, біздің елде болсын, опера және балет театрының мақсаты табыс табу емес, өнердің биік шыңына жету.
Oinet.kz мұрағатынан