Жетісай театрынан шу шықты

Screenshot_3.jpg

«Рейтинг» газетінің редакциясына өзін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Сейсенбек Бектенов деп таныстырған азамат арнайы келіп, арызын айтты. Мән-жайдың баршаға бірдей түсінікті болуы үшін арызданушының уәжін назарларыңызға ұсынайық. 

        Сейсенбек Бектенов, Қ.Жандарбеков атындағы  Жетісай драма театры директорының орынбасары:

           «Бітпеген жұмысты қабылда деп қысым жасауда»

- Театр директоры Оразымбет Шойғараев екеуміздің арамызда жанжал бар қазір. Жанжалдың шығуына былтырғы жылы театрдың жылу жүйесіне жүргізілген жөндеу жұмыстары себеп болып отыр. Жылу жүйесіне деп қаралған 6,5 миллион теңге қаражат мердігер  компанияға түгел аударылғанымен, 1 788 230 теңгенің жұмыстары атқарылмай қалған. Ескі жылу жүйесінен шыққан құбырлар жарамды болатын. Соның барлығын саттырып жіберді, ал театрдың кассасына ешқандай ақша түскен жоқ. Жөндеу жұмыстарының осыншама кемшілігі бола тұра маған комиссияның төрағасы болып, жұмысты қабылдап аласың деп қысым жасап отыр. Сонан кейін мен 30-наурыз күні қаржы полициясына арыз жазуға мәжбүр болдым. Тексеру 9-сәуірде басталды. Директор театрдың барлық қызметкерлерін маған қарсы қойып, әлі де қысым жасаумен келеді. 

2-маусым күні менің есебімде тұрған театрдың теңгеріміндегі құны 1 миллион 200 мың теңге болатын дизельді электростанцияның жоғалғандығын білдім. Оның салмағы 1 тоннадан асады, көлемі де үлкен. Оны кранмен ғана көтеруге болады. Қызметкерлерден түсінік алу барысында оның 9-сәуірде-ақ жоқ болғанын білдім. Мен мұны іздемесем, өзімнің мойныма ілініп кетуі мүмкін деген оймен бұл оқиға жөнінде директорды хабардар етіп, аудандық полицияға арыз беретінімді айтқанда, ол «дабыра қылма, дүйсенбіде өзіміз шешеміз» деп, өзіме ұрсып тастады. 

Дүйсенбі, яғни маусымның 4-күні бұл жөнінде ұжымның лездемесінде айтып, жоғалған затты көргендеріңіз бар ма деп сұрадым. Сол кезде директор «мен алдым, егістік жерімдегі егінімді суғаруға алып кеткенмін, қайтып әкеліп қоямын» деді. Бірақ, менің білуімше егін суғаруға дизельді электрстанция емес, насос қажет емес пе?! Арада біраз уақыт өтсе де жоғалған зат қайта орнына қойылмағасын ішкі істер басқармасына екінші рет шағымдандым. Алғашқы арызымды қабылдамай қойған болатын. Басқарма бастығының бірінші орынбасары болса керек, Асқар Исабеков деген жігіт арызымды тағы қабылдамады. Қасыма екі қызметкерін қосып беріп, үшеуміз театрға келдік. Олар директормен сөйлесті. Директор мені солардың көзінше ұрсып, боқтады. Ешқандай шара қолданбаған полицейлер «директор алыпты ғой, орнына әкеліп қояды, бұл ұрлыққа жатпайды» деп, бұл іс сонымен тоқтап қалды. Сосын бұл оқиға жайын прокуратураға жазып, тіркеттім. Ертесіне сағат 10-дардың шамасында театрдың алдына бір жүк көлігі келіп тұр. Жүргізушіден не әкелгенін сұрасам, «мотор» дейді. Көліктің кузовының үстіне шығып көрсем, көне, шашылып қалған моторды дизельді электростанция деп әкеп тұр екен. Суретке түсіріп алдым. Оларды тіркеп, прокуратураға тағы бір арыз бердім. Бірақ, содан бері әлі тексеріп жатқан адамды көрмедім. 

Театр ғимаратын жалға беру үшін облыстық қаржы басқармасымен арада келісім-шарт болуы тиіс. Өйткені, біздің ғимарат облыстық әкімдіктің балансында тұр. Ондай келісім-шартсыз қаншама жеке кәсіпкерлер ғимаратты пайдаланып, жұмыс істеп жатыр. Олардың қаражатының қайда кеткенін ешкім білмейді. Бізге тиесілі аумақта жапсарлас болып орналасқан үлкен «Жандос» деген сауда үйі бар, сол осы бастық келгеннен кейін салынды. Осының барлығы да тиісті мекемелер тарапынан дұрыс тексерілмей жатыр. 

Тағы бір айтарым, театрдан 50-60 метр жерде ғимараттың қазандығы орналасуы тиіс нысан бар. Айтқан жерден аулақ, сол қазандықта қандай да бір жарылыс болған жағдайда театрға келген көпшілікке қауіп тудырмас еді. Ол нысан қазір бос тұр. Ал қазандықты театрдың арнайы бір бөлмесіне орнатты. Бірақ, оған төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнен, өрт сөндірушілерден, саниэпедемстанция, өзге де тиісті мекемелерден арнайы рұқсат алынбаған. Бұл үлкен қауіпті елемеу емес пе?!

  Оразымбет Шойғараев, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай театрының директоры:

              «Майда-шүйде кемшілік»

- Жылу жүйесіне деп қаралған қаражаттың 1 788 230 теңгесінің жұмыстары атқарылмай қалыпты. Солай бола тұра жұмысты қабылда деп қысым жасап жатыр екенсіз. Осы рас па?

- Жөндеу жұмыстары толық аяқталмағандықтан, әлі қабылданған жоқ. Жақында Шымкенттен арнайы экспертизадан мамандар келіп, майда-шүйде кемшіліктерін анықтады. Қазір ол кемшіліктер мердігер компания тарапынан атқарылды. Ал атқарылмай қалған жұмыстарға байланысты қаржы бақылау басқармасынан арнайы тексеру жүргізіліп, дәлелін тапқан жоқ. Облыстық Мәдениет басқармасының ревизоры да тексеріп кетті. Қорытындысы қолымда тұр. Жалпы Бектенов «аудандағылар мені тыңдамайтын болды, енді облысты жағалаймын» деп менен ақысыз еңбек демалысын сұраған. Мен дәл қазір бұған мүмкіндік жоқ екенін айтып, қолына хат берсем де жұмысқа келмей жүр. Театрдың жабылу маусымы жақындап қалды, оның үстіне жаппай жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның себепсіз жұмысқа келмей жүргендігіне қатысты құжат бар. 

- Қысым жасайтын ұқсайсыз, ақыл-есіне мәжбүрлі түрде тексерту жасатамыз деп жатыр екенсіз ғой?

- Ұжым оның психикалық жағдайын тексерту керек дегенді айтады. Менің оған азаматтық арым жібермей отыр. Мәжбүрлеп тексеру жөнінде әңгіме болған емес. Ұжымда 90-нан астам адам болса соның барлығы бір жақ та, бұл кісі бір жақ болып тұр. 

- Жылу жүйесін ауыстырғанда жарамды құбырларды сатып жібергеніңіз рас па?

- Оның барлығын арнайы комиссия тексеріп, олар қол қойған акт бар. Құбырлар біраз жыл жұмыс істемегендіктен, жарамсызданған. Бұрын қазандық театр ғимаратынан 80 метр қашықтықта болған, содан шыққан құбырларды айтып жүр ғой ол.

- Айтқандай, осы қазандық жөнінде де келіспеушілік бар. Қазіргі қазандықтың қауіпсіздік шаралары сақталмаған дейді ғой.

- Ауданнан да, облыстан да түрлі комиссия келіп жатыр, өрт сөндірушілер де көрді, қауіпсіз болса солардың назарына бірден түспейді ме? Әу баста төтеншеліктерден де рұқсат алғанбыз. Қазіргі пеш қойылған жай бұрын да қазандық болған. Соляркамен жылытылған, ал қазір газбен жылиды. Бұл жерде Бектенов тарапынан «тисе таяққа, тимесе бұтаққа»  деген нәрсені көріп тұрмын. Оның жан-жаққа арыз жөнелтудегі мақсаты басқада сияқты. Бұл жөнінде өзіне де ашып айтқанмын. 

- Сізге тағылып отырған тағы бір айып - құны 1 миллион теңгеден асатын дизельді электростанцияны үйіңізге әкетіп қалыпсыз...

- Басында өзі де істемей тұрған зат екен. Ол зат сол күйінде әлі орнында тұр. Оны қазір келсеңіз де көрсете аламын. Қызметкерлерімнен дизельді электростанцияның жоғалған бөлшектері бар ма деп сұрағанымда бухгалтер, инженер, қойма меңгерушісі, электрик төртеуі көріп, тексеріп, акт жасаған. Жарамсыз күйде болған. 

- Бір лездемеде «оны мен алған едім, орнына әкеліп қоямын» деп айтыпсыз ғой.

- Істемей тұрған затты жөндеп, бір қажетке жаратамыз ба деген ой болған еді, басында. Жөндеуге келмейтін болғасын қайта орнына қойдық. Басқа ештеңе де жоқ. 

- Театр ғимаратына жапсарлас «Жандос» деген сауда үйі бар екен. Оның да тірлігі заңсыз дейді...

- Иә, ғимараттың артынан 2-3 метрдей етіп шифрмен жауып, қойма ретінде пайдалануда. Бірақ, бұл мен директорлыққа келгенге дейін басталған дүние, маған қатысы жоқ. 

- Басқа ешқандай жеке кәсіпкерлер ғимарат бөлмесін заңсыз жалға алып, жұмыс жүргізіп жатқан жоқ па?

- Ол мәселе кеше ғана мәдениет басқармасынан келген ревизор тарапынан тексерілді. Түзілген акт бар. Сонда бізге 2010-2011 жылдары түскен қаржы толығымен тексерілді. Айтарлықтай заң бұзушылық анықталған жоқ. 

Мұрағаттан: 07.06.2012

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: