Жамбыл облыстық прокуратурасының берген мәліметіне қарасаңыз, Әулие ата өңірінде қытайлар қаптап кеткен бе деп ойлап қалатының анық. Мысалға, «Хантау цемент зауыты», «Алшын», «ДО КНИСГ», «Модуль Е 2030», «ЧПП Казақстан» мекемелері жұмысқа Қытай елінің азаматтарын тартуға рұқсат алыпты. Арнайы рұқсат алғанына қарағанда жұмысқа бұл елде жоқ мамандарды, шеберлерді тартайын деген шығар деп ойлағанбыз. Баяғыда «Ойбай, сонау Самарқаннан, Бұхарадан ұсталар шақырыпты» деп ел әңгіме қылып, сыртынан сүйсініп жатушы еді ғой. Сөйтсек, мүлдем олай емес екен. Сонау Қытайдан үкілеп шақырғандары -- бетонқұюшы, газбен дәнекерлеуші, электромонтер, автокран машинисі, тасқалаушы, дәнекерлеуші, монтажшы, слесарь және ағаш шеберлері. Ал, бұл жұмыстарды қазақтар атқара алмайды деп кім айтты?
Аймақтық базалық мәліметте мұндай кәсіптер бойынша барлығы 105 жұмыссыз адам тіркелген. Олардың ішінде кәсіптік деңгейі әр санаттағы 13 бетоншы, 3 монтажшы, 16 ағаш шебері, 18 дәнекерлеуші, 53 слесарь, 25 электрик және газоэлектриктер бар. Сонымен бірге, кәсіптік-техникалық лицейлер 2005 пен 2008 жылдар аралығында 500-ден астам газбен дәнекерлеуші, 210 электромонтер, 150 жан-жақты кәсіпті құрылыс шеберлері, әр санаттағы 205 слесарьларды оқытып шығарған.
Жамбыл облысында жұмыссыздар саны күн санап өсуде. Қазір облыста 37 мың адам екі қолға бір кәсіп таппай жүр. Алайда, құзырлы орган тарапынан жоғарыдағы жұмыс күшін тартушы кәсіпорындардан есепте тұрған жұмыссыздарды қабылдау туралы бірде-бір талап қойылмаған және де Қазақстан азаматтарының жұмысқа орналасуына қатысты ешқандай шара қолданбаған. Құзырлы органның лауазымды тұлғаларының бекітілген рұқсат беру тәртібін бұзуы нәтижесінде шетелдік жұмыс күшін тарту туралы 500 рұқсат заңсыз берілген.
Бүгінгі таңда екі қолға бір жұмыс тапқан адамның өзегі талмайды. Бала-шағасының нәпақасын теріп, отбасының берекесі кіреді. Ауылдағы ағайынды ысырып қойып, сонау шетелден бетоншы мен тасқалаушы шақырып, жоғарғы жалақы төлеуі бұл жергілікті ұлтты менсінбеуі, қазақты қорлауы емес пе?! Мына бір жәйттер осы ойымызды дәлелдей түсендей... Мысалы, «ЧПП Казақстан» серіктестігінің басшылығы өздерінде жұмыс істейтін 37 қазақстандық жұмысшымен осы күнге дейін ешқандай келісім-шарт жасамаған. Бұл аздай, жұмыс берушілер қазақстандық жұмысшыларды демалыс және мереке күндері де жұмыс істеуге міндеттеген, ал оларға қандайда бір қосымша ақы мүлдем төлемеген. Сол «ЧПП Казахстан» серіктестігі еңбек режимін, яғни Еңбек Кодексінің 82 бабын бұзуы салдарынан, Қазақстан жұмысшылары тәулігіне 12-14 сағат бойы жұмыс істеуге мәжбүр болған. «Азия Ирбис» серіктестігі ең төменгі жалақы көлемі 12 025 теңге болғанына қарамастан, 2008 жылы Қазақстан азаматтарына айлық ретінде бар жоғы 11 000 теңгеден төлеген. «ДО КНИСГ» серіктестігі өз алдына ереже жасап, онда тіпті шетелдік жұмысшыларға 20 пайыздық көлемде қосымша жалақы төлеу туралы норма енгізіп алған. Сөйтіп, бұл мекеме 2009 жылы қаңтарда 11 шетелдік жұмысшыға қосымша төлем ретінде 408 000 теңге төлеп, олармен бірдей еңбек етіп жүрген қазақстандық жұмысшылардың құқын таптаған. Ережедегі аталмыш заңсыз тармақ прокуратураның талап етуімен ғана күшін жойып, ережеден алынып тасталынды.
Жамбылда 37 мың жұмыссыз тіркелген дедік қой. Бұл нақты тіркелгені... Әйтпесе, ауылда сенбі-жексенбіні демалыс қылып, басқа күндері бос жүрген азаматтар қаншама?! Енді сол 37 мың адамның артында қаншама отбасы, қаншама бала-шаға тұр десеңізші?! Ал, біздің шенеуніктер шетелден жұмысшы алдырады. Қыр асып келген қытайлар қазақтың қазанына қол салып, несібесіне ортақтасуына рұқсат берген басқа емес, өзіміздің қаракөз шенеуніктер. «Қазақтың жауы қазақ» деген осы шығар, бәлкім...
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы
«Рейтинг»