Әлиасқар Жұмабаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар төралқасының төрағасы:
- Бұрын сот ғимараттарында арнайы адвокаттар бөлмесі болушы еді. Қазір қайда отырасыздар?
- Бұрын ғимараттардың бәрі Әділет министрлігінің балансында болатын. Кейін соттың құрамынан сот орындаушылары бөлек шығарылды да, ғимараттар түгелдей Жоғарғы Сот жанындағы жаңа комитеттің балансына өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын соттардың ғимаратында судьялардан, сот қызметкерлерінен бөлек ешкім отырмауы, бөгде адам, соның ішінде адвокаттар да кірмеуі, сот ғимараты күзетпен қамтамасыз етілуі қажет деген тұрғыда тапсырма болды. Содан бері адвокаттар сот ғимараттарына еркін ене алмайтын болды. Сот, прокуратура, адвокатураның негізгі көздеген мақсаты бір, яғни адам тағдырына араласу, шешу болып табылады. Алайда, барлық органдардың өз қызметтік ғимараттары бар да қорғаушылар назардан тыс, далада қалғандай күй кешуде. Қазіргі таңда судьялармен байланысу мүмкін болмай қалды. Тіпті, іс қай судьяның қарауына түскенін білудің, қорғауына алған азаматқа қатысты іспен танысудың өзі қиындап кетті. 15-20 минуттық сот мәжілісіне қатысу үішн кейде адвокаттар бір күндік уақытын жоғалтады. Осы себепті көбінше өзге істерге қатыса алмай қалады. Олардың да бала-шағасы, отбасы бар емес пе? Адвокаттарға ешкім де ақша төлемейді, өз табыстарын өздері табады. Облыстық соттың бұрынғы да, қазіргі де төрағаларының қабылдауында болып, осы қиындықты бірлесіп шешудің жолын қарастырғанымызбен, әзірге оңды нәтиже шықпай отыр. Мұның тетігін жоғарғы жақтан қарастырмаса, жергілікті жерден шешімі табыла қоймайтынына көзім жетті.
- Ендеше қалай жұмыс жасап жатырсыздар? Қорғаушы іздегендер Сіздерді қайдан табады?
- Қазір барлық аудандарда, қала ішіндегі аудандардың біразында облыстық адвокаттар төралқасының қорындағы қаржымен, одан қалса қорғаушылардың жеке қаражатының күшімен ғимаратпен қамтамасыз етуге қол жеткіздік. Енді біразы ғимаратты жалға алуға мәжбүр. Әйтеуір бір ғимаратта отыруымыз керек қой. Басқа амал жоқ.
Ғимарат жөніндегі әңгіме бірнеше жылдан бері әжептәуір жырға айналған. Онымен қамтамасыз етуге қол ұшын беру жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттардың құзыретіне кіргенімен, құлақтарына кірмейді. Әйтпесе, осы кезге дейін қанша әкімнің қабылдауында болып, мәселені төтесінен қойдым. Ешқайсысы да жоқ демейді, орынбасарына тапсырады. Ол департамент басшысына сілтейді. Сонымен екі ортада «қай жерде не бар» деп жүресің сандалып. Лайықты ғимаратты енді тапқандай болсаң, әкім ауысады да кетеді. Жаңа әкіммен бірге жаңа командасы келеді. Сонан кейін бұл жұмысыңды сонау басынан қайтадан бастауың керек. Мәселеміз оңды шешілмей, тірлігіміз сағызша созылумен әлі келеді.
- Қазіргі сіздер, яғни облыстық адвокаттар төралқасы отырған ғимаратқа байланысты бір жылдары қалалық әкімшілікпен соттасқандарыңыз естен шыға қойған жоқ. Дау неден туындады?
- Жоғарыда айтқанымдай, ғимаратты ешкімнің көмегінсіз, өз күшімізбен жөндедік. Кейін бұл қаланың сол кезедегі әкімінің көзіне түскен болуы керек, ғимаратымызға ауыз сала бастады. Алдында «сіздерді шығарып қойып, далада қалдырмаймыз» деп уәде берген болатын. Алайда, сөзінен тайқып, ғимаратымыздың екінші қабатын қала ішіндегі Әл-Фараби аудандық әкімшілігіне тартып әперді. Жоғарғы сотқа дейін арыздандық, нәтиже болмады. Қорғаушылар бөлмелерге сыймағандықтан, жертөлені жөндеп, біразы сонда отырады. Жылу жүйесін өздігімізше жүргізгендей болдық, бірақ, дұрыс жылымайды. Қыстың суығында қосымша жылыту құралдарын қосып, амалдаймыз. Жаңалау ғимаратты жалға алуға жағдайымыз көтермейді.
- Қазіргі отырған ғимараттарыңыз да тым ескі секілді ғой...
- Нақты «жасын» білмеймін, бірақ, сонау 1811 жылдары салынғанға ұқсайды. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл ғимарат патшалық заманда бір губернатордың арнайы тоқтайтын орны болған екен. Атшаптырым айнала сол губернатордың аттарын байлайтын орынға лайықталған. Көрші облыстық филармонияның ғимараты штаб болған дейді. Бұл тарихи ғимарат бірнеше рет жарамсыздар санатына жатқызылған. Мұның бәрін жөндеу бізге оңайға түскен жоқ. Қазіргі қала әкімі А.Жетпісбаев «бұл ғимараттың бұзылып, орнына көпқабатты жаңа әкімшілік ғимарат салыну жоспарда барын, сол салынған жағдайда бір қабатын толық адвокаттардың иелігіне өткізу» жөніндегі ұсынысын, кеңесін айтып отыр. Дәл қазір қала әкімімен осы мәселе төңірегінде ақылдасып жатырмыз.
- Басқа мемлекеттерде қорғаушылардың жағдайы қандай дәрежеде?
- Мен 7 жылдай республикалық адвокаттар одағын басқардым. Сол жылдары байқағаным, шет мемлекеттермен біздің жағдайды салыстыруға келмейді. Біздегі қорғаушыларға «қалай күн көрсеңдер, солай күн көріңдер» деген көзқарас қалыптасты. Елбасы Жолдауында адвокаттардың статусын көтеру жөнінде ұсыныстар болғанымен, жергілікті атқарушы билік тарапынан орындалмай отыр.
- «Заңсыз жолмен алынған табысты Заңдастыру және де терроризмді қаржыландыруға қарсы ықпал ету туралы» Заң жобасы Мәжілістің қолдауынан өтіп, Сенаттың қарауына өткені белгілі. Осы жобаға қорғаушылар тарапынан келіспеушілік туындап жатқанын білеміз. Осы келіспеушілік төңірегінде нақтырақ айтып беріңізші.
- Бұл Заң жобасында қорғаушылардың өзінің қорғауындағы азаматтың осы заңға сәйкес келетін мәліметтерін, яғни заңсыз жолмен табылған табыстары анықталған жағдайда тиісті орындарға мәлім ету қажеттігі қаралған. Хабарламаған жағдайда қорғаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал біздің қолданыстағы заңымызда қорғауымыздағы арадағы болған әңгіме құпия күйінде сақталуы тиіс. Демек, бұл қолданыстағы заңға қарама-қайшы деген сөз. Сонда біз өзіміздің қорғауымыздағы азаматтың бар құпиясын біліп алып, тергеуші органдарға жеткізіп отырсақ, біздің міндетіміз мүлдем басқа арнаға ауысып кетпейді ме? Адвокаттардан шағымшы, орысшалап айтқанда «стукач» жасағысы келеді. Бұл азаматтардың қорғаушыларға деген сенімін түп-тамырымен жояды. Сонда қарапайым халықтың құқын кім қорғап, кім кеңес беретін болады? Мұндай заңдарды қабылдай беретін болсақ, ертең қарапайым халықтың арасында қоңсы отырған көршілер, бір ұжымда істейтін әріптестер бірінен-бірі күдіктенетін жағдайға жетуі әбден мүмкін. Осыны Сенат депутаттары орынды ескерер деген үмітпен, өз ұсынысымызды, ортақ пікірімізді жолдағанбыз.
- Облыста қанша адвокат бар?
- 300-ден астам қорғаушы бар. Тағылымдамадан өтіп жатқандары қаншама. Сонымен қатар, біздің облысымыздың өзінде ғана 25-30-ға жуық жоғары оқу орындары бар. Солардың барлығында заңгер мамандығын дайындап жатыр. Есептеп көрсем, сол оқу орындарынан жылына 15-16 мың заңгер мамандығы даярланып шығады екен. Оның бәрі қайда барады. Бірден судья, прокурор бола алмайды. Полицияның өз мамандарын даярлайтын арнайы оқу орындары жетерлік. Әр кәсіпорын, мекемелердің өз заңгерлері бар. Коммерциялық құрылымдар үшін тәжірибелі маман керек. Сонда олар қайда барады? Бізге саппен келеді. Адвокаттық лицензия алу үшін арнайы тағылымдамадан өтуі тиіс. Жас мамандарды шыңдайтын орталық тек бізде ғана бар. Ал оларды жетілдіру, тәрбиелеу үшін талай еңбек керек. Қазірдің өзінде 150-дей жас маман тағылымдамадан өтіп жатыр. Міне, осындай қыруар шаруамен айналысып жатқан адвокаттардың жағдайын, өкінішке орай, ойлайтын, қол ұшын созатын жан болмай тұр. Өз арбамызды өзіміз ғана сүйреумен келеміз. Солай бола тұра, азаматтардың құқын қорғаудың сапасын түсіргеніміз жоқ. Мұның бәрі жергілікті атқарушы органдардың назарында болуы тиіс деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы