Кеше Астанада маңызды ауыс-түйістер орын алды. Ең басты жаңалық – «Қазақатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясындағы өзгерістер. Отандық атом өнеркәсібі дегенде ең әуелі Жәкішевтің есімі аталатына барлығымыздың етіміз үйреніп кеткені рас. Осы қызметте талай жыл отырған Жәкішев Қазақстан екі-үш жыл ішінде әлемдік атом өнеркәсібі саласында бірінші орынға шығатынын қайта-қайта мәлімдеп, амбициясының өте жоғары екенін білдіріп жүрген. Жасыратыны жоқ, уранды өндіру ісі елімізде аса үлкен қарқынмен дамыды. Алайда, Жәкішев арманына жете алмады. Жәкішевтің тым амбицияшыл жоспарын Татьяна Квятковская деген қытымыр әйел быт-шытын шығарды. Осыдан екі ай бұрын ресми мәлімде жасап, журналистердің назарын аударған Квятковская «Қазақатомөнеркәсібі» ҰАК басқармалар төрағасы Мұхтар Жәкішевке қатысты бірқатар ауыр айыптар тақты. Квятковскаяның мәлімдемелеріне қатысты прокуратура тексеру жүргізгенімен, нақты нәтижелері жұртшылыққа белгісіз күйінде қалды.
Қалай дегенмен, «Қазақатомөнеркәсібінің» айналасында үлкен ойын жүріп жатқаны көрініп тұрды. Бұл ойынның ендігі нәтижесі мынау: "Самұрық - Қазына" қоры басқармасының 2009 жылдың 21 мамырындағы шешімімен Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының таныстыруы бойынша Мұхтар Жәкішев "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК басқармаларының төрағасы қызметінен босатылды деген ақпарат тарады. «Прокуратуранң таныстыруы бойынша» дегеніне қарағанда, Жәкішевтің ісі әлі де «майшаммен» қаралуы әбден мүмкін. Оның орнына бұрынғы Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник келді. Сарапшылардың пайымдауынша, Школьник жаңа қызметке бекерге тағайындалып отырған жоқ. Әккі шенеунікке белгілі-бір миссияның жүктелгені айтпаса да түсінікті. Бұл ауыс-түйістің бірқатар өңірлердің, әсіресе Созақ ауданының әлеуметтік саласына қатты әсер ететіні де жасырын емес. Себебі, Теріскейдегі ауқымды іс-шаралардың дені ұлттық компанияның демеушілігімен жүзеге асырылып келгені белгілі. Бұл игі үрдіс алдағы уақытта жалғасын таппай қалады ма деген де қауіп бар.
Школьниктің орнына Әсет Исекешев келді. Жас шенеуніктің карьерасы кісі қызығарлықтай. Еңбек жолын прокуратурадағы қызметтен бастаған Исекешев кейіннен Әділет министрлігіне ауысты. 2003 жылы Индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалып, осында үш жыл жұмыс істеді. 2008 жылдың наурыз айынан бері Президенттің көмекшісі қызметін атқарып келді.
Сондай-ақ, ақпарат құралдарының назарында жүрген тағы бір ірі саясаткер- Тимур Құлыбаев. Былтыр «Форбс» журналы түзген миллиардерлер тізімінен көрінген Құлыбаев дағдарыс басталғалы «миллиардер» атағынан айырылып қалды. Дегенмен, саяси салмағы бұрынғыдан азайған емес. Осы аптада Құлыбаев және бір лауазымды қызметке келді. Тимур Асқарұлы бір емес, бірнеше компанияның, атап айтқанда «ҚазМұнайГаз» ҰК, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК және «Самұрық-Энерго» АҚ директорлары кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Стратегиялық маңызы бар ірі құрылымдардың бір қожайынның қолына өтуі тегін емес. Соған қарағанда, ел басшылығы энергетика мен көлік саласында күрделі өзгерістер жасауды ұйғарып отырғанға ұқсайды.