Бұқаралық ақпарат құралдары «Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішевтің өзін ғана емес, оның жұбайы Жәмилә жайлы да молынан жазып жүр. Тұтқында отырған Жәкішевтің жұбайы еліміздегі белгілі адвокаттар – Нұрлан Бейсекеев пен Данияр Қанафинді жалдағанымен, одан келер пайда әзірге болмай тұр. «Тергеу орындары біздің заңгерлерді Жәкішевке жолықтырмай жүр», деп мәлімдеді бұл жайында Жәмиләнің өзі.
Сәуір айында Жәкішевке ауыр айып таққан Парламенттің экс-депутаты Татьяна Квятковская «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы тұтқындалған соң да тыным таппай жүр. Топ-менеджерге қарсы әрекеттерін жалғастыра түсірген саясаткер жуырда баспасөз мәжілісін өткізіп, енді Жәкішевтің жұбайы Жәмиләға шүйлікті.
Журналистердің алдында сайрай жөнелген Квятковская өзінің бұдан бұрын айтқан деректерінің расталғанын жеткізіп, Жәкішевтің міндетті түрде сотталуын қалайтынын білдірді. Дегенмен, баспасөз мәслихатында көпшілік күтпеген мәлімдемелер де айтылып жатты. Мәселен, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының вице-президенті Сергей Яшин Квятковскаяның Жәкішевтің тарапына айтқан айыптауларымен келіспейтіндігін мәлімдеді. «Мен Мұхтар Жәкішевпен бес жыл бойы бірге жұмыс істедім. Оның талантты адам және ісскер ұйымдастырушы екендігі талас тудырмайды. «Қазатомпромның» қазіргідей жағдайда болуына Мұхтар Жәкішевтің сіңірген еңбегі зор. Жеке адамды, ұйымды кінәлау, 23 мың адамды олар дұрыс жұмыс істеген жоқ деп айыптау, бұл заңсыздық», - деді Яшин.
Баспасөз-мәслихатына Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішеваның да келгенін айта кеткен жөн. Ол алдымен Татьяна Квятковскаяға бірнеше қолайсыз сұрақтар қойып еді, артынша экс-депутат Жәмиләнің өзіне жармасып, әңгімені жеке бас мәселесіне бұрып жіберді. «Мен сізді соншалықты аяп тұрған жоқпын»,- деді Квятковская Жәмила Жәкішеваға.
Жәкішевтің төңірегіндегі даудың немен аяқталатынын дәл қазір тап басып айту қиын.