Аралас неке - адасқан бақыт

rEeSMxupmTBo0x7Y-lg.jpg

Аралас неке – көп ұлтты   саясат ұстанған мемлекеттің бір көрінісі екенін мойындамасқа лаж жоқ. Осы үрдісті ұлттар арасындағы достықты дәріптеудің үлгісі ретінде насихаттайтын саяси науқандардың да куәсі болдық. Байқасаңыз, қазір де көптеген әлеуметтік жарнамалар мен фильмдерде күйеуі қазақ, әйелі орыс, келіні кәріс дүбәра  отбасылар насихатталады. Ал 1 Мамыр-Қазақстан халықтарының ынтымағы күні мерекесінде мұндай дүбәра отбасыларға айрықша назар аударылып, баспасөз беттерінде армансыз ода арналады. Ақиқатына жүгінейікші: Осындай аралас некеден қазақ ұлты не ұтып жүр? Ұту былай тұрсын ұлттың тазалығын, ұлттық мүдде мен ұлттық саясатты жүргізуден оңбай ұтылып жүрміз. Өзге ұлттың өкіліне үйленіп, өзінің тілі мен ділінен, тіпті дінінен де безгендер кездеседі. Болмаса қазақтың қызы орысқа немесе неміске, ол ол ма Қазақстанда тұмайтын айдаладағы шетелдік біреуге тұрмысқа шыққаны қайбір мақтаныш дейсіз. Қазақтардың өзге ұлт қыздарына үйленуі нәтижесінде жарық дүние есігін ашқан ұландар қаны қазақ демесең, жаны қазақ болып өсті ме, жоқ па деген сұрақ кім-кімді де мазалайды. Әйелі орыс  қазақтың ер азаматы  үйінде көбінесе «барлығына түсінікті тілде» сөйлесіп жататынын байқаймыз.

Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет басқармасының дерегі бойынша, соңғы үш жылда шетелдік азаматтармен 100-ден астам қандасымыз отау құрған. Бақытын өз елінде іздемей, бөтен мемлекетке көшіп кеткендердің арасында ауыл тұрғындарының үлесі аз емес. Кейінгі кездері қазақ қыздарының жүрегін жаулауда әсіресе қытайлықтар белсенділік танытуда. 

Былтыр оңтүстікте 14412 қазақ ер азаматтары үйленсе, соның 310-ны өзге ұлттың қыздарын таңдапты. Ал, сүйген жарын қазақ емес, басқа ұлт өкілінен іздеген қарындастарымыз одан да көп – 349. Бұл тағы азайған түрі. Алдыңғы жылы ондайлардың саны 370-тен асты. 

Аралас неке туралы әңгіме қозғағанда әуелі өткен тарихқа көз жүгірту қажет. 20-ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көпшілігі өзге ұлттың қыздарына үйленгені мәлім. Олардың арасында алаштың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Жанша Досмұхаметов, жазушылар Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов сияқты алыптар тұр. Сол заманда оқыған, білімді қазақ зиялыларының екінің бірі татар, башқұрт, орыс қыздарына үйленетін. Өткен ғасырдың 50-жылдары аралас некенің шыңы болып тұр. Сол кездерде еліміздегі барлық отау құрғандардың 23 пайызы аралас некенің үлесінде болған. Кейіннен бірте-бірте бұл көрсеткіш төмендеген. Тіпті өткен ғасырдың 90-жылдары, яғни тәуелсіздік алған жылдары бұл көрсеткіш 9,7 пайызға дейін құлдырады. Бірақ көп ұзамай қайта өсу байқалған. Аралас неке жайындағы санақ кешегі Кеңес Одағы бойынша 1940 жылы жүргізілген. Сол кезде аралас некеден Латвиядан кейінгі екінші орын Қазақстанның еншісіне тиген екен.  

 Аралас некеге атсалысудан қазіргінің шенеуніктері де қалысар емес. Бұған дәлел алыстан іздемей-ақ  қойсақ болады. Тәуелсіздік ту тіккелі бергі уақытта облысты басқарған 8 әкімнің екеуінің бірдей әйелі орыс екенін ел біле бермейді. Бұл не? Өртенген сезім бе, әлде өсудің жолы ма? 

Дегенмен, бұның барлығы ер азаматтарға қатысты айтылып келді. Кешеге дейін қазақ жігіттерінің өзге ұлт қыздарына үйлену үрдісі жиі кездессе, тәуелсіздік алғалы бұл керісінше белең алғандығы аңғарылады. Яғни, соңғы жылдары қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы жиілеген. Мұны осы саланы зерттеп жүрген мамандар бірнеше себептен деп болжап отыр. Демографтардың  пікірінше, кәмелеттік жасқа толып, тұрмыс құруға дайын қыздардың саны жігіттерге қарағанда әлдеқайда көп. Сонымен бірге, шетелге барып оқыған қазақ қыздарының біразы сол елде қалып, тұрмысқа шығады. Екінші жағынан, Қазақстанға келіп жұмыс істейтін және жоғары білім алатын шетелдіктер де жыл сайын артып келеді.  Соңғы жылдарда қарқыны тым күшейген гендерлік саясаттың да салқыны байқалып тұр. Дәлірегі, өзіне тең келетін білімді жігітті қазақтың арасынан емес,  өзге ұлттан көбірек іздейтін қарындастарымыз көбейді.  

Аралас некеден туған ұрпақтың  «метис» деп аталуы тегін емес.  Өкініштісі сол, қазақ жігітінен де, қазақ қызынан да туған бала түр-тұлғасын былай қойғанда, ұлттық әдет-ғұрыптан да жұрдай болып өседі. Бұл не: ұлттық намыстың жоқтығы ма, әлде қанымыздың әлсіздігі ме? 

Көптен бері айтылып келе жатқан «қазақстандық ұлт» идеясы әлі жүзеге толық асып үлгерген жоқ. Соның өзіндегі жағдайымыз осы. Сонда ертеңгі күніміз қандай болатынын осы бастан-ақ екшей беріңіз. Осылайша кете берсе, күндердің күнінде күйеу балалардың қатарында негрлердің қаптап кетпесіне кім кепіл?

Бәрекелді! Дағдарыс деп қаражат таппай жанталасып жүргенімізде түркімен бауырларымыз бір оқпен екі қоянды атып түсіретін таптырмас ақыл берді. Мемлекеттік бюджеттің бүйірін томпайтып қана қоймай, ұлттық генофондты да аман сақтап қалатын құтты қадамның мәнісі мынада: түркімен қызын алғысы келген шетелдік азамат қалың мал ретінде мемлекеттік бюджетке 50 мың доллар аударуы тиіс. Бұл қалыңдықтың әке-шешесіне беретін ақша мен той-тоймалаққа кететін шығыннан бөлек. Түркімен қызын алуға асыққан шетелдіктер сап тыйылды. 

 Қазақстандағы жағдай мүлдем басқаша. Қазақтың «шетелдік күйеу балаларының» саны жыл санап артып келеді. Бірін-бірі бажа атап жүргендердің арасында қытайлар, түріктер,  арабтар мен  американдықтар көп. Өз бақытын қазақтың кең даласынан тапқандардың ішінде Еуропаның да бойдақтары жиі кездеседі. 

Қалай ойлайсыз? Өз ұлтының қызына қызыққандарға мемлекет қажеттілігі үшін қыруар қалың мал сұрайтын түркімендердікі үйренетін-ақ тәсіл тәрізді. Бәлкім, парламенттегі депутат азаматтарымыз осыны ойланар. Кім біледі, әрі бюджетке айтарлықтай табыс та түсіп қалар. 

Сіз не дейсіз?

Мархабат Байғұт, жазушы-журналист, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты: 

- Түркі тілдес халықтардың арасында қазақтардың ең мықты ұлт екені баяғыда-ақ дәлелденген. Осыдан шошынған патшалық Ресей астыртын тапсырма беріп, жымысқы саясат жүргізуді қолға алды. Сол кездері қазақ зиялыларының орыс пен татар қыздарына үйленуі үрдіске айналды. 

Ұлттық мәселемен қатар діни мәселеге де тоқталып өтпесек болмайды. Кеңес одағының тұсында мынадай жаға ұстатарлық жағдайдың куәсі болдық. Бір шымкенттік азаматтың перзенті кенеттен қазаға ұшырағанда әлгінің ұлты ғана емес, діні де бөлек әйелі мәйітті табытқа салып жерлемек болады. Марқұмның ағайындары бұған қарсы өре түрегеліп, үлкен айқай-шу шықты.  

Негізі, бұл өте күрделі мәселе, терең ойланатын тақырып. Қазақ басқадан қыз алса да, жат жұртқа өз қызын бермеген. Тіпті жаугершілік заманда да бұл қағидадан айнымаған. Аралас неке – ұлтты бұзатын, ұлтты өз тамырынан ажырататын қауіпті құбылыс. Сондықтан, қазақтардың өзге ұлт өкілдерімен некелескеніне толық қарсымын. 

Амантұр Мұсаев, Отырар ауданының құрметті азаматы:

- Онсыз да быж-тыж болып жатқанымызда аралас некенің бізге тигізер пайдасы шамалы. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзін қазіргілер «ел боламын десең, әйеліңді түзе» деп, өзгертіп алған. Осы дұрыс.  

Ержан, Шымкент қаласының тұрғыны:

 - 7 жыл бұрын ағам кәріс қызына үйленді. Анам онысын аса құптамаса да, қарсы шыққан жоқ.  Қазір бір ұл, бір қыз өсіріп отыр.   Мойындаймын, жеңгем тірлікке, әсіресе бизнес саласында жұмыс істеуге өте пысық. Ағам екеуі фирмада жұмыс істеп, жақсы табыс тауып жүр. Алғашқы кезде жеңгем қазақша үйренемін деп, барлығымызды қуантып жүрді. Алайда, уақыт өте оны мүлдем ұмытып кетті. Үйінде бірімен-бірі тек орыс тілінде сөйлеседі. Балалары көбіне кәріс апасының қолында. Ол үйге ағайын-туыстарымыздың біреуі де қонақтап барып, қонып қайтқан емес. Анам кейде «қап, қазақтың қызын ала салғанда қайтер еді», деп әлі күнге дейін кейіп отырады.   

Ғалымжан Елшібай

Оңтүстік Қазақстан облысы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: