Қоқысханаға айналған «Қайтпас»

Screenshot_1.jpg

Биыл да көктем құрғақ, қуаңшылық болады екен деген болжам керісінше көрініс берді. Өткен жылы жергілікті тұрғындар төбеден тамшы тамызу үшін тасаттық берсе, биыл күн сайын жауатын жауынды тоқтату үшін құрбандық шалынды. Бірақ, бұл бір Алланың ғана құдіретіндегі іс. Бүгінгі біздің айтпағымыз басқа мәселе. 

Жергілікті әкімдердің есінде болса, Шымкент қаласының іргесінде «Қайтпас-1» деген мөлтекаудан бар. Осы мөлтекауданның тұрғындары жауын жауса жарықсыз қалатын болған. Сонан кейін желінің күйген жерін жалғау үшін үйді-үйден теңге жинау басталады. Осындай келеңсіздіктен әбден ығыр болған қайтпастықтар жарықтың кезекті бір өшкенінде көпшілікті жинап, өзара жиналыс жасады. Күн тәртібіндегі мәселе – «жарықтың жағдайын қайтеміз?» болды. «Осы күнге дейін бір рет халімізді сұрамаған әкімдерден пайда жоқ, өз қотырымызды өзіміз қасиық» деген тұрғындар ортақ келісімге келді. Ай сайын осы трансформатордан жарық алатын тұрғындар ақша жинап, «электриктің» жалақысын шығарып беретін болды. Оның міндеті жарық жалп еткенде өздігінше келіп желіні жалғап кету, яғни тұрғындарды қараңғыда қалдырмау. Жарықтан зәбір көрген тұрғындар осыған келісіп, тарқасты. Ал жарықтың ақшасын жинап алушылар ештеңеге де басы ауырмай, теңгені сатырлап санап алуын жалғастыра берді.  

Қайтпастықтардың бұдан басқа да айтар мұңдары жетіп артылады екен. Баспана тұрғызу үшін Қайтпастан жер телімін алған тұрғындар алғашқыда әбден қиналыпты. Жер берілгенімен, онда не су, не жарық жоқ. Көше аралықтарындағы жол мүлдем назардан тыс қалған. Тұрғындар қашанғы қиналсын, өздері әрекет жасап, тойынып тамақ жемесе де қалтадан қаржы шығарып, су кіргізді. Бағана орнатып, жарық тартты. Жолды тегістеп, тас төседі. Шамасы келгендер өз қаражатына көшеден газ құбырын жүргізді. Телефон орнатқысы келгендер де жеке әмианын жұқартуға мәжбүр болды. Әйтеуір, әрекет етіп жатқан халық. Осының біреуіне де жергілікті атқарушы билік қол ұшын созған жоқ. Қазір қайтпастықтар Шымкент қаласының әкімі  Арман Жетпісбаевқа, Әл-Фараби ауданының әкімі Нұрбақыт Иманқұловқа деген өкпелері қара қазандай. 

Ашынған тұрғындар «жыламаған балаға емшек жоқ» дегенді алға тартып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен бастап, бірқатар лауазым иелеріне арызданыпты. Арызбен біз де танысып көрдік. Арыз иелерінің сөзіне сенсек, Қайтпас-1-дің жоғарғы жағындағы 150 үйге арналған трансформатордан дәл бүгінде  300-ден астам отбасы жарық алып отыр екен. Жауын жауса болды, жарықтың сөніп қалатыны содан екен. Әрине, екі есе салмақ түссе, өшпегенде қайтсін. Оның өзін кезінде жергілікті тұрғындар ортадан ақша жинап, сатып алған екен. Әкімдер тұрғындарды ең болмағанда трансформатормен қамтамасыз етуді жөн көрмепті. Бағаналарды әркім өздері орнатқандықтан, басым бөлігі сапасыз, талапқа сай келмейді. Қатты жел тұрса, құлап қалу қаупінің алдында тұрғандар да жетерлік. Кешқұрым жарықтың қуаты кәдімгі білте шамның күшімен бірдей халге жетеді. Кешкісін теледидар тамашалап, жаңалықтан хабардар болу да қиындап барады. Бәрінен бұрын мектепте оқитын оқушысы бар отбасыларға қиын. Балалардың сабаққа дайындалуға мүмкіндігі жоқ. 

Мектеп демекші, қайтпастықтар үшін күрмеуі қиын мәселенің бірі – осы мектеп жайы. Мөлтекауданның жоғарғы жағында тұратын бүлдіршіндер мектепке жету үшін қар-жаңбырда, аптап ыстықта 2-3 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Кейбір көшелерге тас та төселмегендіктен, лай-батпаққа батып барады. Мектепке жеткенше аяғы малмандай су, балағы лай болған бала қалай сапалы сабақ оқысын? Осындай қиындықтан қашып, көпшілігі қиналса да балаларын қала ішіндегі мектептерде оқытады. Үйде отырған, жұмыста жүрген ата-ана «жолдан қалай өтті екен, автобусқа міне алды ма екен» деген уайымнан бір арылған емес. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қайтпастың жоғарғы жағына алғашында мектеп үшін арнайы жер қалдырылған екен. Алайда, ол жер кейін жеке меншікке үлестіріліп кеткенге ұқсайды. Демек, жоғарғы қайтпастықтар жаңа мектеп салу жөнінде армандамай-ақ қойса да болады деген сөз. Ал балабақша жайында сөз шығындаудың қажеті де жоқ секілді. 

Соңғы жылдары Қайтпас қоқысханаға айналып барады. Өйткені, мұнда қоқыс тастайтын орын, оны қала сыртына тасымалдайтын қызмет түрі жоқ. Тұрғындар қоқысты кез-келген жерге тастай беретін болған. Басқа амал жоқ. Бұл көршілерді қырқыстырып та бітті. Түн қараңғылығында біреу қоқысты үйінен алшақтау жерге апарып тастайды, ертеңіне сол жердегі екі көрші бірін-бірі кінәлап, қырықпышақ болып жатады. Жаға жыртысатындар да жоқ емес. Қар барда білінбеді, күн жылынғалы қоқыстардан сасық иіс шығып, жұрттың әбігерін алуда. Қоқыс арасында өлекселер де сасып жата береді. Басқаша айтқанда, түрлі ауру тарататын ібіліс ошағына айналып барады. Оны айналып қаңғыбас иттер өріп жүр. Бала-шағаны аулаға ойнатуға да осы иттерден қорқасың. Арасында құтырғаны болса ше? Сонда жанайқайды шенеуніктердің құлағына жеткізу үшін міндетті түрде адам шығыны орын алуы керек пе? Мұны не жергілікті атқарушы орган өкілдері, не санитарлық қадағалау басқармасы қызметкерлері елемейді. Осы күнге дейін тазалықты талап етіп, тиісті орындарға шара көрген мекемені көрмедік. Сонда бір мөлтекаудан тұрғындарының денсаулығы, тұрмыс-тіршілігі сұраусыз қалғаны ма? Арнайы контейнерлер орнатылып, қоқыс тысқа тасылса, ақысын төлеуден ешкім қашпас еді. 

Өткен жылы орталық көшені жөндеді. Бірақ, неге екені белгісіз, көлік жолы мен тротуардың екі арасына асфальт төселмеген күйі қалып қойды. Мұны қала әкімі Арман Жетпісбаев та көрді. Көргеннен не пайда, ешқандай шара қолданбады. Соның салдарынан көше бойына көлік тоқтауы мүмкін болмай қалды. Қоғамдық көліктер жолдың шетіне шыға алмауына байланысты жолаушыларды көшенің қақ ортасына тоқтап түсіреді. Бұл көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіріп, қауіпті жағдай туғызуда. №17 автобус қатынайтын Ш.Көшерұлы көшесі бойында бірде-бір аялдама жоқ. Жолаушылар күннің суығы мен ыстығында ықтайтын, паналайтын орын таппай әуреге түседі.

Газ кіргізу мәселесі де тұрғындардың жеке қаржысына тәуелді. Осы күнге дейін газды әркім үйлеріне өз күштерімен кіргізіп келген еді. Бүгінде оның бағасы 150-200 мың теңгеге дейін көтеріліп кетіпті. Дағдарыс кезінде мұндай ақшаны жинап беруге кез-келгеннің шамасы келмейтіні сөзсіз. Ал бір көшеден бірнеше адам теңгесін бермейтін болса, газ кіргізілмейді. Сонда қайтпастықтар қашанғы көгілдір отынсыз отыра бермек? Мұның барлығы мемлекет есебінен жүргізілуі керек емес пе? Көшеге тас төсеп, газдың орталық трассасын жүргізіп беру мемлекет есебінен жүргізілсе, әркім өз әлінше көгілдір отынды үйіне кіргізіп алатын еді. Айта берсек, келеңсіздіктер осылайша сағызша созылып кете береді. 

Жақында облыс бюджеті бекітілді. Шымкент қаласындағы көмек көрсетілетін мөлтекаудандар арасынан тағы да «Қайтпас-1»-ді еш жерден кездестіре алмадық. Сонда қайтпастықтар қашанғы назардан тыс қала бермек? 

Қайтпасқа жақын маңда «Тұлпар» деген элиталы мөлтекаудан бар. Оның егесі қазіргі Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев екенін жұрттың бәрі біледі. Онда кілең ығай мен сығайлар қоныстанған. Сол себепті де барлық жағдай жасалған. Судан, жарықтан, газдан, тіпті, телефоннан да проблема жоқ. Оны айтасыз, тұтас мөлтекауданның айналасын «қытай қорғаны» етіп қымтап алып, әрбір қақпаға арнайы күзет қызметі қойылған. Рұқсатсыз ешкім ішке ене алмайды. 

Міне, республикада үшінші қала есептелетін Шымкентте де қараусыз, назардан тыс қалған мөлтекаудандар бар. Сондай-ақ, қоңсы отырған екі мөлтекауданның көрінісі екі бөлек ғасырдың келбетін елестетеді. Сонда біз қай ғасырда ғұмыр кешіп отырғанымызды да түсіну қиын болып қалды ғой.

Шадияр Мекенбайұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: