Әр басшының елді басқару тәсілі әр түрлі. Жұмыс істеу мүмкіндігі де әр қалай. Ұстанған саясаты бір болғанымен, өзіндік бағыттары бөлек.
Таяуда облысымызда басшы ауысты. Әлемдік деңгейдегі дағдарыстан сүрінбей тығырықтан жол табу үшін не істеу керек? Аузы дуалы деген ақсақалдар мен елдің қамын ойлаған бірнеше азаматтарды сөзге тартып көрдік. Оларға төмендегідей сауал қойған едік:
1. Жаңа басшының жұмысты неден бастағаны дұрыс деп ойлайсыз?
2. Бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтиже көру үшін әкімнің елді қанша жыл басқарғаны дұрыс?
Мақта жайына мән берсе
Ошақбай Көлбаев, бірнеше ауданның құрметті азаматы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер:
1. Еңбек жолым Мақтаарал ауданында басталып, кейіннен ауданды бірнеше жыл басқардым. Ол кездері жер құнарлығын сақтау үшін ауыспалы егіс тәсілін қатаң ұстанатын. Үш жыл мақта ексе, үш жыл жоңышқа өсіретін. Қазір шаруашылықтар ұсақталып, жекешеленіп кетті ғой. Жері 5-6 гектардан басталып, әрі кетсе 100 гектарға дейін барады. Біреуінде техника бар, біреуінде жоқ. Әркім өз білгенінше мақта өсіріп жатыр. Жүйе бұзылып кетті. Жер тозып барады. Бақылау жоқ. Соның салдарынан өнім де өте аз. Жерге тастай салған жабайы мақтаның өзі кем дегенде 12 центнер өнім бере алады. Ал суармалы жерде өсірілген мақтадан 25 центнер өнім алынса, шығын санатында болатын. Қазір көп жерде осы 25 центнерге де жетпей жатыр ғой. Жаңа басшы жұмысты осы саланы сауықтырудан бастаған дұрыс секілді. Өйткені, ол осы саланың білгір маманы. Қазіргі әкімнің әке-шешесін жақсы танитынмын. Өте іскер, білімді кісілер еді. Ұлы Асқар Мырзахметов та жұмысты жақсы істейді деп есітіп жатырмыз. Бір жарым жылда «Оңтүстік» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Коорпорациясының жұмысын жолға қойып, республикадағы ең мықты коорпорацияның біріне айналдырғаны айтылып жүр.
2. Егер әкім біліктілігімен көзге түсіп жатса кемі 3-4 жыл билік тізгінін ұстауына мүмкіндік берілгені дұрыс.
Сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау керек
Исмат Тұрсынқұлов, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы:
1.Ең басты қолға алатыны - қаржы мәселесі. Құдайға шүкір, қазір қаржы жеткілікті. Тек соған ие бола білу керек. Субсидия секілді көрінгеннің қолында кетпеуі тиіс. Нағыз өз мақсатына жарататындардың қол жеткізуін қадағалаған жөн. Сонда ғана дағдарыстан қиналмай шығып кетуге болады.
Жаңа әкім жұмысын сыбайлас жемқорлықты ауыздықтаудан бастаса ұтымды болады. Қазір жылыжайларға да көп көңіл бөлініп жатыр. Алайда, оның шығыны көп. Технологиясын білетін маман адам айналыспаса, жұмысын жүргізе алмайды. Өндірілген өнімді тиімді өткізудің де жолдарын жан-жақты қарастыру керек. Ауылшаруашылық саласын көтеруді ең алдымен ауылдың жағдайын дұрыстаудан бастаған жөн. Президент те осы мәселеге қатты көңіл бөліп жүр.
2. Ең кемі үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана одан қорытынды сұрауға болады. Ертең кетемін деп отырған басшыдан нәтижелі жұмыс күту де қиын. Ондай жағдайда жауапкершілікті ешкім сезінбеуі мүмкін. Жалпы облысты үш жылдай басқарған адамның іскерлігін толық байқауға болады.
Оңтүстікті оңалтатын ауылшаруашылығы
Сәуірбай Есжанов, Мәжіліс депутаты:
1.Облыста өндіріс саласы ақсап жатыр деп ойлаймын. Бұрынғы алып кәсіпорындардың барлығы дерлік жұмысын тоқтатып немесе толық қуатта жұмыс істеп жатқан жоқ. Осыған байланысты облыста ауылшаруашылығын көтеру керек деп ойлаймын. Президенттің өзі Жолдауында ауылшаруашылығын көтеру керектігін айтты. Ауылдың жағдайын көтерсе, қалалықтар да ауылға барып жұмыс істейді. Азулы деп жүрген Американың өзі сонау 1929 жылдары бастан өткерген ұлы депрессиядан ауылшаруашылығын көтеру арқылы шыққан. Міне, жаңа басшы нағыз осы саланың маманы. Іскер, тәжірибесі де жеткілікті. Ауылшаруашылық саласындағы мүмкіндіктерді толық пайдалана алатын болсақ, Оңтүстік Қазақстан бүкіл республиканы ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Орта және шағын бизнеске де аса көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Асқар Исабекұлынан үлкен үміт күтемін.
2. Әкімдер жиі ауысып жатса бұл өмірдің заңдылығы. Ал жалпы іскерлігін дәлелдеп, жұмысын жолға қоя білу үшін 3 жыл жеткілікті ғой деп ойлаймын. Іскер басшы осы уақытта талай шаруаны атқарып тастауға болады. Әрине, бұл 3 жылдан кейін әкімді ауыстыру керек деген ой емес.
Көктемнің әр күнін тиімді пайдалану қажет
Қуаныш Айтаханов, Сенат депутаты:
1. Бізде шағын кәсіпкерлік өзге өңірлерге қарағанда ең жақсы дамыған салалардың бірі. Олардың жұмысын жандандыру, айналым қаржысын толықтыру үшін несие керек. Ал несиенің тоқтап қалуы бұл салаға ауыр тиді. Бұған тез шара көру керек шығар деп ойлаймын. Өйткені, бұл тікелей салық түсіретін сала.
Дағдарысты тез арада еңсереміз десек, ауылшаруашылықты дамыту керек. Жылға азық болатын көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып қалуымыз қажет. Оңтүстіктің ауа райы егіске қолайлы. Биылғы ақпанның жаймашуақ күндерін тиімді пайдалана алмай қалдық. Арпа-бидайды ақпан айында егіп тастау керек еді. Одан кейінгі жауған қар мен жаңбыр олардың көктеп өсуіне өте қолайлы болған болар еді. Бұл сәуір-мамырда егілген егіннен 20-30 пайыз артық өнім бере алады. Демек, әлден ұтылдық. Алайда, шаруалардың техникасы, жанар-жағар майы толық дайын емес, несие ала алмай, шамасы келмеуде. Қазір меморандумдарға қол қойылып, шаруаларға несие жеткелі отыр. Енді осы кезеңде егілетін егістерден кешігіп қалмауымыз керек. Оңтүстікті дағдарыстан алып шығатын ең тиімді жол ауылшаруашылығын дамыту. Тіпті бұған әрбір отбасы өз үлесін қосу керек. Ауыл тұрғындары дүкенге көкөніс емес, басқа заттар алуға барғаны тиімді. Керісінше артық өнімін базарға шығарса құба-құп.
2.Әкімнің ауысуы жұмыстың көлеміне байланысты ғой. Кейбір жұмыстар 1 жылда, кейбіреулері 2-3 жылда бітеді. Сол секілді 3-4 жылда бітпейтін үлкен істер де бар. Әрине, облыс басшысы 4 жылдай уақыт тұрақты жұмыс істесе дұрыс деп ойлаймын.
«Жасыл ел» жалғасын тапса
Жеңісбек Тұрғанов, облыстық мәслихаттың депутаты:
1.Облыста ауыз су, ағын су, жол, мектеп мәселесі қиын жағдайда. Оған қыруар қаражат керек. Біздің облыста тарихи орындар мен туризмге сұранып тұрған табиғаты тамаша жерлер көп. Олардың көпшілігі жеке меншікке өтіп кеткен. Өңірімізде туризмді дамытуға мүмкіндік мол, ол үшін жеке меншікке өтіп кеткен жерлер мен нысандарды мемлекетке қайтару керек. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасын әрі қарай дамытып, қаланың ішін, аудандарға апаратын жол бойындағы қураған, сиреген ағаштарды қалпына келтіру керек. Республикадағы ең жақсы көрсеткішке қол жеткізген коорпрацияны басқарған Асқар Мырзахметов мұның бәрін игеріп кетеді деп ойлаймын.
2.Іскерлігін көрсетемін деген азаматқа әкім болып отыру үшін аса көп уақыт керек бола қоймайды. Дегенмен, 1 жыл көлемінде көп шаруа тындыра алмайтыны да рас. Ондай жағдайда бір істі бастайды да тастап кетіп қалады.
Халық бір жақ, билік бір жақ болып барады
Амантұр Мұсаев, зейнеткер:
1.Қазір материалдық жағдай біршама реттеліп қалды ғой. Бүгінде күн тәртібінде руханият мәселесі тұр деп ойлаймын. Біз қызмет істеген жылдары керісінше болды. Өкінішке орай, баласы шешесін, әкесін өлтіру секілді келеңсіздік белең алып барады. Қазақ өзінің тумысы, табиғи болмысы бойынша тұнып тұрған өркениет. Әліпті таяқ деп білмейтін қазақтың бұрынғы әйелдерінің руханияты қазіргі кейбір он институтты бітірген қыз-келіншектерден артық болатын. Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзін бүгінгілер «ел боламын десең, әйеліңді түзе» деп «өзгертіп» алыпты.
Өкінішке орай соңғы кезде халық бір жақ, билік бір жақ болып бара жатыр. Кеңес Одағы кезінде сонау ЦК-ға баратын болсақ, бір ғана куәлікті көрсетіп кіре беретін едік. Қазір осы алдымен күзетшілерден, одан кейін басшының алдындағы хатшылардан өту қиын. Олардыкі де дұрыс шығар, бірақ, «кімге барасыз, не шаруамен келдіңіз» деген секілді сауалдың астына алып, әбден тергеп-тексереді. Халықтың арыз-шағымдарына, ұсыныс-пікірлеріне жауап беруге деген жауапкершілік төмендеп барады. Бұрынғылар әр жиналысында тәрбие, тәртіп мәселесі міндетті түрде айтылатын. Қазір ондай жоқ қой. Соның салдарынан жезөкшелік, нашақорлық дегендер өршіп барады. Ұрлық, парақорлық та асқынуда. Ашаршылық болған заманның өзінде қазақ құлып дегенді білмейтін. Ит-мысық кіріп кетпесін деп есіктерін жіппен байлап, шөп қыстырып кете беретін. Солай бола тұрса да бір зат ұрланбайтын. Әл-Фараби бабамыз «білім беріліп, тәрбие берілмесе – залал» деп айтып кеткен. Жаңа басшының осы мәселелерге көбірек көңіл бөлуіне тілектеспіз.
3.Әкімдер жиі ауысып кетті. Әр келген әкімнің өз жоспары, бағдарламасы болады. Соларды орындау үшін біршама уақыт керек.
Кадрдың тұрақты болуы сапаға жұмыс істейді
Құтым Ордабаев, Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
1.Елге ең керекті нәрсе ынтымақ пен бірлік. Президенттің Жолдауында да осы мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Асқар Мырзахметовтың әке-шешесін жақсы білетінмін, ондай ата-анадан жаман бала тумаса керек. Осы күнге дейінгі беталысы жаман емес секілді. Жұмысын енді бастап жатыр ғой, нақты пікірімізді сол кезде тағы да айта жатармыз.
2. Жоспарын іске асыра алу үшін кемінде әкім 5 жыл орынтағында отыруы керек деп ойлаймын. Сонда жоспарлағанын соңына дейін жеткізуге мүмкіндік туады. Басшының тұрақтысы жақсы. Жұмысын енді бастай бергенде ауысып кетсе қандай нәтиже болмақ? Бұл халыққа да қиындық тудырады. Жаңа басшыға енді үйреніп келе жатқанда кетіп қалады. Мен өзім ұзақ жылдар білім саласында жұмыс істеп, 30 жыл басшылық жасадым. Осы уақыт ішінде Отырар ауданының барлық білім саласы қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтінін бес саусақтай білдім. Сол жылдары халық ағарту саласында бір рет Мәскеуден Одақтың туын жеңіп алдық. Бес рет республиканың, тоғыз рет облыстың жеңімпазы атандық. Міне, бұл кадрдың тұрақты жұмыс істеуінің жемісі деп ойлаймын.
«Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салғандарға аяушылық болмауы керек»
Шерім Медеуов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
1. Ақсап жатқан сала ауылшаруашылығы деп ойлаймын. Өндіріс те өлместің алдында тұр. Өндірісті өркендету бірден алға баса қоймас, ал ауылшаруашылығын қазірден қолға алып, күнделікті күн тәртібінен түсірмеу керек. Шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерді босатып жіберген секілдіміз. Олар тауарды өздері өндіруден бұрын, алып-сатарлыққа әуестеніп кетті. Мемлекеттен бөлінген қаражат ең болмағанда 90 пайызға өз мақсатында пайдаланса, облысымыз жаман болмауы қажет. Дағдарысқа қарсы басталған жұмыстарды әрі қарай жалғастырса. Ауылшаруашылық саласын жандандыруы тиіс. «Көксарай» мәселесіне көп көңіл бөлінсе дейміз. Себебі, мұның барлығын келешектің тірлігі деп түсінемін. Дегенмен, жұмысты ең алдымен тәртіпті талап етуден бастаған жөн. Біздің замандастар тәртіппен өскен азаматтармыз. Тәртіп болған жерде бірлік те, береке де болады. Мемлекеттің қаражатын талан-таражға салғандарға аяушылық болмауы керек. Өзгелерге сабақ болу үшін газет-журналдарға шығару қажет. Халық көрсін.
2. Біздің облыста басшыны жиі ауыстырғаны жақсы болған жоқ, жақсы болмайды да. Сапалы жұмыс болу үшін әр басшы 4-5 жыл отыруы керек қой деймін. Бірінші жылы таныса қойсын, екінші жылға жоспар жасап, сол жоспарды іске асыру жолында жұмыс жасау керек қой. Осы уақыт ішінде жұмыс істей алмайтын адам белгілі болып қалады. Ал жақсы жұмыс істеп жатса, қолдау көрсету керек. Бір кездері аудандық комитет хатшыларын екі жылға сайлау үрдісі болды. Басшы екі жыл отырарын алдын-ала біледі де алғашқы жылы жағдаймын танысып, келесі жылы кетуге ыңғайланады. Тағы бір айтарым, әкімнің атынан кадр шұбырып келуі дұрыс емес. Өзімізде де жақсы маман жеткілікті. Оның үстіне қызметтен кетсе де елден кетпейтінін білетін олар адал болуға ұмтылады.
Сауалнамадан байқағанымыздай, өзіндік пікірі бар азаматтар жаңа басшы жұмысын ауылшаруашылығын дамытудан бастаса екен дейді, ал ақсақалдар тарапынан тәртіпке қатты көңіл бөлу керектігі жиі айтылды. Ендеше, айтылған сөз айдалға кетпесе екен дейміз.
Сауалнаманы әзірлеген Шадияр Молдабек,
«Заң газеті», «Қазақстан -Заман» газеттерінің меншікті тілшісі