Әлемдегі ең ықпалды қазақ әйелі

Screenshot_5.jpg     

Әлемнің ең ықпалды адамдарының тізімін жариялап отыруды бірқатар әлемдің ақпарат құралдары дәстүрге  айналдырды. «Дүниежүзіндегі ең бай адамдар, «ең ықпалды саясаткерлер», тағысын тағылар. Сол секілді, жуырда әлемнің ең ықпалды 100 әйелдің де рейтингісі де жарық көрді. Сарапшылардың пікірінше, рейтингісі жоғары әйелдер әлемдік саясат пен экономикаға айтарлықтай әсерін тигізуде. 100 таңдаулы ханымдардың 2-і патшайым, 6-ы – президент, 23-і саясаткер болса, қалғандары  бизнестің «жілігін шағып, майын  ішкен» мықтылар. 

Осы тізімге ТМД елдерінің 3 өкілі енсе, солардың бірі – қазақ. Украинаның премьер-министрі Юлия Тимошенко, ықпалды саясаткер, Санкт-Петербургтің мэрі Валентина Матвиенкомен тайталасып жүрген кім?  Дариға Назарбаева десеңіз қателесесіз. Оның сіңлісі Әлия да емес. Наталья Коржова, Гүлжан Қарақұсова ма? Жоқ.  Бәлкім, Зағипа Балиева шығар? Тағы да таппадыңыз. Дүниежүзіндегі ең ықпалды қазақ әйелі Қазақстанда емес, Ресейде тұрады. Есімі - Гүлжан Молдажанова.Ол әйгілі олигарх Олег Дерипасканың оң қолы, «Базовый Элемент» компаниялар тобының бас директоры. 10 жылдың ішінде қарапайым хатшылықтан алпауыт компанияның басшылығына дейінгі жолды жүріп өткен  Гүлжанның қарамағында 300 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Компанияның капиталы 23 миллиард долларды құрайды. Әрине, қаржылық дағдарысқа байланысты бұл сома ептеп азайды. Дегенмен, әлде де Дериспасканың империясы Ресейдегі қаржы алпауыттарының көшін  бастап тұр. 

Шыны керек, Ресей мен Қазақстанда Гүлжанның есімі көпшілікке  беймәлім. Бұны Гүлжанның жарыққа көп шыққысы келмейтінімен түсіндіруге болады. Есесіне, Еуропа мен АҚШ-тың іскер азаматтарының арасында Гүлжанның беделі өте зор. Бұны қаржы саласындағы беделді басылымдар да дәлелдеп отыр. Былтыр «Форбс»  журналы дайындаған рейтингтiк тiзiмде Гүлжан 37 орынды иеленсе, тағы бір танымал американдық Fortune журналы Молдажанованы әлемдiк бизнестегi ең ықпалды 50 әйелдiң қатарына екi мәрте енгiзген-дi.  Бұл тiзiмде 2006 жылы Гүлжан 22-орында болса, 2007 жылы 20-орынға көтерiлдi. Ол сондай-ақ, Нью-Йорктiң  Wall Street Journal газетi әзiрлеген әйел – бизнес-жетекшi рейтингiсiнiң құрамына да енген. Ресейдегі «Известия, «Финансы», «Карьера» сынды беделді басылымдар да Молдажанованы ең ықпалды әйел ретінде мойындаған. 

Хатшыдан басшыға дейін

Гүлжанның балалық шағы Алматыда өтті. Анасы – фармацевт. Әкесі – металлургиялық институттың студенті болған. Көп ұзамай екеуі ажырасады.  Анасының қолында қалған Гүлжанның ең сүйікті пәні – математика болды.  Мектепте оқып жүрген жылдарда түрлі жарыстарға қатысып, республикалық олимпиадада алтын медаль жеңіп алған. 

 1989 жылы Қазақ мемлекеттік университетін физика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген Гүлжан Мәскеуге аспирантураға түседі.  27 жасында ғылым кандидаты атанады. Оқуын тәмамдаған соң Мәскеу мемлекеттік университетінде бір жылдай ғылыми жұмыс атқарады. Алайда, 90-шы жылдардың басындағы дағдарыстың салдарынан  тұрмыстық жағдайы тіптен нашарлап кеткен соң  бұрынғы курстасы, жаңадан құрылған  «АлюминПродукт» компанияның директоры  Олег Дерипаскаға хатшы болып жұмысқа орналасады. Жалақысы 200 доллар. «Бұл жұмысты мен тек күнделікті жейтін нанымды табуға мүмкіндік беретін жұмыс ретінде қарастырғанмын. Ірі компанияның басшысына айналу өңім түгілі түсіме де кірмейтін. Менің ең үлкен арманым – пәтер сатып алуға жетерлік қаржы табу еді», - дейді   Гүлжанның өзі.  

Алайда, Молдажанованың ұқыптылығы мен іскерлік қабілетін байқаған Дерипасканың ойы басқа екен.  Небәрі екі аптадан соң ол Гүлжанды қаржы директорының көмекшісі етіп ауыстырады. Артынша Ресей Федерациясы үкіметінің жанындағы Қаржы академиясына оқуға жібереді. Кез келген есепті жаңғақша шағатын қасиетінің арқасында Гүлжан көп ұзамай алюминий империясындағы негізгі қызметтерді атқара бастайды. Дерипасканың ең сенімді адамына айналады. 2000-ші жылдардың басында Сібірдегі «алюминий соғыстары» деп аталып кеткен  ірі комбинаттар үшін болған тартыста Дерипаска жеңіп шығады. Жинақталған металлургиялық активтердің негізінде Дерипаска досы – атақты  олигарх  Роман Абрамовичпен бірлесіп, «РУСАЛ» компаниясын құрады. Үш жылдан соң Абрамовичтен барлық акциясын сатып алып, ресми түрде  «Алюминий патшасы» атанады. 

Әлбетте, компанияның активтері мен қаржы айналымы ұлғайған сайын Гүлжанның да карьерасы жоғарылай берді. 2004 жылы Дерипаска Молдажанованы Ресейдің ең ірі конгломераты - «Базовый элемент» компаниялар тобының бас директоры етіп тағайындады. 

Гүлжан өзінің ұйымдастырушылық қабілетін өте жоғары бағалайды әрі мақтан тұтады. «Базовый элементте» шоғырланған  металлургия, энергетика, машина жасау, қаржы қызметі, құрылыс және  авиация салаларына қадағалау жасау үшін шынында да ерекше іскерлік қабілет керек. Дегенмен, Гүлжан өзін өте қарапайым ұстайды. Тіпті, визиткасын сұрасаңыз, сәл иіліп ұсынады.  Еш уақытта дауыс көтермейді, соған қарамастан, қызметкерлерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Гүлжанның мінезі күрделі екенін тіпті бизнестегі әріптестері де байқаған. «Гленкор интернэшнл» компаниясының бас директоры Айван Глайзенберг Молдажанова хақында былай дейді: «Гүлжан келісім-шартты бірнеше минуттың ішінде толық оқып шыға алады. Өте әділетті әрі өзінің қағидаларына берік, ешқандай ақталу сөзін қабылдамайды». 

Бизнесте алдына жан салмаған, «қалайы ханым» атанып кеткен  Гүлжан Молдажанова осыдан біраз жыл бұрын  ажырасты. Жалғыз қызы, 5 жасар  Алинаға қарайтын уақыты тапшы екенін өзі де мойындайды. Ықпалды бизнесменнің тағы бір ерекшелігі  - қолғап жоғалтатын әдеті бар. «Мен қашан да асығыспын. Жүгіріп жүріп  телефонмен сөйлесемін. Бәлкім, содан да шығар, қолғабымды үнемі жоғалтамын да жүремін», - деп налиды. Бір қарағанда түкке тұрмайтын нәрсе, дегенмен, ұқыпты әрі еш уақытта қателеспейтін басшының имиджіне белгілі дәрежеде нұқсан келтіретін кемшілік.  Сондай-ақ, бос уақытында гүл және ағаш өсірумен айналысады. Өзінің  1,5 метрлік авокадо экзотикалық  ағашын өсіргенін мақтанып айтып жүреді. Айына кемі екі рет Германия мен Австрияға сапар шегіп тұрады. 

Дағдарысқа байланысты «Базовый элемент» компаниялар тобының қаржылық жағдайы нашарлап кеткені жасырын емес. Бұл Гүлжан Молдажанованың рейтингтік көрсеткіштеріне әсерін тигізбей қойған жоқ. Мәселен, Мәскеудегі саясат және бизнес институты жуырда Ресейің ең ықпалды әйелдерінің тізімін жариялады. Онда Гүлжан Светлана Медведева (Ресей президенті Дмитрий Медведевтің жұбайы), Валентина Матвиенко, Эльвира Набиуллина (экономикалық даму және сауда министрі) және Татьяна Голиковаға (денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі) есе жіберіп қойды. Шын мәнінде, қазір Гүлжанның бас ауруы - өзінің рейтингісі емес, компанияны тығырықтан шығару.   Дегенмен, «Базовый элементтің» болашаққа сеніммен қарайтындай жағдайы бар. Себебі, Сочи қаласындағы бірқатар спорт нысандары мен инфрақұрылым құрылыс жұмыстарын  жүргізу бақыты Молдажанова басқаратын компанияға бұйырды. Демек, алдағы  уақтыта қазақ әйелінің ықпалы тағы да өсері сөзсіз. 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: