Жемқорлықпен күрес пе, жасанды сценариий ме?

Screenshot_14.jpg

Қазір Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің қарқыны қатты болып тұр. Соңғы бір-екі жыл көлемінде облыста Жетісай, Шардара, Кентау қалаларының, Созақ ауданының әкімдерінен бастап басқарама бастықтарына, олардың орынбасарларына дейін парамен қолға түсті. «Қармақты тек шабақтар қауып, неге шортандар түспейді?» дейтіндердің аузына құм құйылды. Жалпы алғанда 2008 жылы облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 249 қылмыс тіркеліпті. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 25,8 пайызға көп деген сөз. Облыстық прокуратураның таратқан мәліметтеріне қарағанда, сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандардың ішінде 6 әкім және 215 басқа мемлекеттік қызметкерлер бар. 

Әрине, «мешкей деген жақсы ат емес» деген сықылды, облыстың сыбайлас жемқорлықпен аты шығып жатқаны жақсылық емес. Және шенеуніктерді шетінен патырлатып ұстай беру де мақтаныш, жетістік емес. Қылмыстың бұл түрі бойынша қазір көштің басын білім саласының қызметкерлері бермей тұр екен. Құзырлы органдар күнара бір мемлекеттік қызметкердің қолына кісен салып жатса да содан сабақ алып, тәубесіне келіп жатқан мектеп директорларын көрмедік... Былтыр білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 51, денсаулық сақтау саласында 25 қылмыстық іс қозғалыпты. Ендеше не істеу керек? «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар, сыбайлас жемқорлықтың алдын қалай алу керек? Бір-бірін аңдып, бір-бірін жау санаған мына қорқынышты кезең қашанға дейін созылады?

Қайбір күні «Нұр Отанның» ғимаратында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссияның жалпы отырысынан осы сұрақтарға жауап іздедік. Күн тәртібінде күйіп тұрған бұл мәселені облыс басшылары талқылауға алып, бұл жиналыс қатқыл түрде өтеді деп ойлағанбыз. Бірақ... Облыс басшылары, облыстың құзырлы органдарының басшылары сыбайлас жемқорлықпен күресуді тек көрсеткішпен ғана өлшейтін сықылды. «Басқа облыстарға қарағанда, құдайға шүкір, бұл салада көрсеткішіміз өте жақсы. Әйтеуір жемқорларды ұстауда жұмыс жүріп жатыр, шетінен ұстап жатыр» деп арқаны кеңге салады-ау дейміз. Жиналысқа аудан, қала әкімдері мен басқарма бастықтары, аппарат басшылары қатысып, облыс әкімі Нұрғали Әшімов жүргізіп отырды. Облыс прoкурорының бірінші орынбасары Е. Ералиев, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор С. Досымов, ҰҚК-нің облыстағы департаментінің бастығы Б. Байғозиев, облыстық  экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің бастығы М. Хайруллин, облыстық жол плициясының бастығы Н. Қарабаев баяндама жасап, бір сағаттан асар-аспаста аяқталған жиналыстың көп уақыты баяндамаға арналды. «Рейтинг» газетінде құқық бұзушылығы жан-жақты  жазылып жүрген облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары әрі мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Рысбек Шешенбаев бірді-екілі сұрақтар қойғаны болмаса, жиналыста мақтаныш тұтпайтын, қайта масқара саналатын жемқорлық аурудың алдын алатын терең талқылау,біз күткендей ешқандай талдау болған жоқ. 

Басқа-басқа Оңтүстік Қазақстан облысында бұл мәселені атүсті талқылап, бас-аяғы бір сағатта аяқтап тастауға бола ма? Әлде бұл жиналыс «для галочки» өтті ме? Мына мәліметтерге қараңызшы... Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтауда әсіресе, қаржы полициясы көп жұмыстар атқарыпты. Олар пара беруге қатысты -- 20, пара алуға қатысты -- 29, параға делдалдық жасауға қатысты -- 2, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануға қатысты -- 95, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ысырап етуге қатысты -- 160, мемлекеттік сатып алуға қатысты -- 66 қылмыстық іс қозғаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп көрсеткіш. Мәселен, 2007 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстың орын алуынан болған шығынның көлемі 2,5 миллиард теңгені құраса, былтыр ол 21,5 миллиард теңгеге жетіп, 10 есеге көбейген. Құдды бір Оңтүстікте мемлекеттік қызметкерлер емес, түйені түгімен жұтатын бір мешкей аппарат жұмыс істеп жатқандай... 

Жасөспірімдер қылмысы тиылмай тұр. «Несібесін» несиеден іздеген алаяқтар қаржылық пирамида құру арқылы облыстағы екі-үш ауданнан өзге аймақтың бәрін жайлап алыпты, әсіресе Сарыағаш пен Шымкентте көп. Субсидияның қыруар қаржысын талан-таражға салу фактісі орын алған. Бұған жол берген аудан, қала әкімдерінің орынбасарларын қызметінен босату, жауапкершілігін қарау жағы облыс әкіміне ұсынылыпты. Денсаулық саласында да былық көп. Жалған құжат толтырып, тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектен пайда табу Түркістан, Түлкібас аудандарында орын алған.Медициналық қондырғылар алуда көптеген заң бұзушылықтар анықталыпты. 

Айта берсең, таусылмайды... Таңданарлығы сол аудан, қала әкімдері, басқарма бастықтары, басқа да ірі шенеуніктер негізінен пара алғаны үшін деген айыппен құрыққа ілігіуде. Егер құзырлы органдар шындап шұғылданса  олардың алған парасынан он есе, жүз есе мол бюджеттің қаржысын талан-таражға салып жүргендері жайлы тыңдар құлақ болса халықтың тарапынан айтылып келе жатқан мұң-зар жетерлік. Жақында Арыс қаласының әкімі, облыстық балық шаруашылығы басқармасының бастығы, тағы да бір-екі ірілі-ұсақты мекеме басшылары парамен ұсталды. Күні кеше Сайрам ауданы әкімінің ауыл шаруашылық жөніндегі орынбасары  да пара алды деген айыппен торға түсті. Әрине, пара алуға қол созған  немесе біреуді пара беруге мәжбүрлеген шенеуніктердің тірлігін ақтауға болмайды. Әйтсе де, әкімге пара ұсынатын жәбірленушінің үнемі бір адам болуы көп күдікті ойларға жетелейді. Жетісай қаласының әкіміне пара алды деген айып  тағылғанда оған пара берген адам  бұған дейін бірнеше рет мемлекеттік қызметкерді заң органдарына ұстатып бергенін бұқаралық ақпарат құралдары жарысып жариялады. Ал, Сіз сол пара берушіні шынында «парақорлыққа жан-тәнімен қарсы, патриот»  деген сенесіз бе? Мұның астарында басқа бір жымысқы саясат, құрық бойламас қулық тұрған жоқ па? Рас болса,  Арыс қаласының әкімі Ш. Сатымбековтің ісінде де осындай жәйттер кездеседі. Сонда бұл жемқорлықпен күрес пе, жасанды сценарий ме?  Арыстың әкіміне байланысты тергеу амалдары қашан аяқталатыны белгісіз. Оны ұстауын ұстағанмен қылмысын әшкерелеу қиынға соғып жатқан сыңайлы. 

Әрине, адал болсаң, өз ісіңе ықтият болсаң, кімнің сенде дауы бар дейтін шығарсыз. Әйтсе де соңғы кездері  бірқатар аудан әкімдері, басқарма бастықтары  спортпен айналысқан, денелі жігіттерді есік күзеттіріп қоятын әдет шығарыпты. Ол жігіттер әкімге кірген бөтен адамдардың бәрін жіті тексеріп, бөтен зат алып кірмеуін қатаң қадағалайды екен. Кейбір шенеуніктер кабинетінде отырып, тойға шақыру қағазын алуға қорқатын болыпты. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген шенеуніктер «адамдарды қабылдауға да , тіпті  амандасуға да қорқып қалдық, бұл  баяғы 37-ші жылғыдан кем соқпай тұр ғой. Бәлкім басымыздың аманында қызметі құрысын деп тастап кету керек-ау» дейді түңіле сөйлеп. Кім білсін, тым асқынған жағдайға жеткен дертті ауыздықтауға осындай қатаң шаралар қолданылмаса, өзін жер бетіндегі жарты құдайдан кем сезінбей кеткен шенеуніктерді тәубесіне түсіру қиын да шығар.   

  Мұратқали Хайруллин біраз уақыт бұрын алқалы жиындардың бірінде «жинақталған ақпараттар іс жүзінде пайдаланылып, шара қолданылса аудан, қала әкімдерінің тең жартысы құқық қорғау органдарының құрығына ілігеді» деп әкімқаралардың зәре-құтын қашыратын әңгіме айтқаны есімізде.Сөзінде тұрып сол сөзді айтқалы бірнеше ірі шенеунікті пара алу үстінде құрықтады. Оңтүстіктегі әкімқаралар « Келесі кезек кімдікі?» дейтін сауалдың жауабын таппай бүгінде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жанталасып жүр.

Жәнібек Тархан


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: