Елден жасырып есеп алу кімге керек?

Screenshot_13.jpg

Соңғы кездері Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов ел басқаруда елде жоқ «тәсілдерімен» ерекшеленіп жүр. Неге?  Қараша айының ортасында өткен кезекті селекторлық кеңесте «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының іске асу барысы арнайы талқыланып, нәтижесінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кемшілік жіберген бірқатар құрылыс, денсаулық сақтау салаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеген еді. Солардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс департаменті бастығының міндетін атқарушы Тоқтар Үсібалиев пен облыстық құрылыс-сәулет бақылау басқармасының бастығы Айдархан Шадировтың да есімдері аталды. Мұны аз десеңіз Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысындағы басқармасы Т. Үсібалиевтің мәселесін май шаммен қарап, оның қызметтен босатылу керек екені жөнінде облыс әкіміне ұсыныс жөнелткеніне біраз болды. Бірақ бұған облыс әкімі Н. Әшімов пысқырған да жоқ. Құдды бір Үкімет басшысы да, Білдей беделді басқарманың бастығы да айдаладағы бір жартасқа қарап айқайлаған секілді. Тіпті бірқатар ақпарат құралдарында бұл лауазымды тұлғалар қызметтерінен босатылды деп те жазылып кетті. 

Ел Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып, базар аралап, шырша іздеп жүргенде Н. Әшімов аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Тыңдады деген аты ғой, әйтпесе, бұл есеп «апыр-топыр, қарлығаш» болды. Оңтүстік Қазақстан – еліміздегі ең ірі, ең күрделі облыстың бірі. Аумағында 15 аудан-қала топтасқан, кейбір аудандарда 300 мыңнан астам халық тұрады. Осы аудандарда түйіні тарқатылмаған қаншама проблема, мәселе бар десеңізші... Ал, Әшімов мырза 15 аудан-қала әкімінің есебін бар-жоғы екі-ақ күнде тәмамдап тастады. Онда да есеп беру жұмысы тек түс қайта ғана жүріп, әкімдердің кейбірі бас сұғып қана шықты. Баяғыда мұғаліммен алдын-ала «келісіп» қойған студенттер «зачеткасын» қолына алып, емтиханға ылдым-жылдым кіріп шығушы еді. Мына есеп беру содан түк айнысайшы... Әкімдердің арасында Түркістан қаласының басшысы қатты сынға ілігіп, жұмысы жеткіліксіз деп бағаланды. Киелі шаһарда жылумен қамтамасыз ету бітпейтін жыр болып тұр. Құрылыс саласында кемшілік көп кездеседі. «Таза су» бағдарламасының орындалуы небәрі 25 пайызды құрайды. Арыз-шағым да аз емес. Ал Отырар ауданында бала өлімі күрт көбейіп кеткен. Сайрам ауданы әкімінің аппаратында тәртіп пен талап босаңсыған. 

Әшімов мырза аудан әкімдерінің алдында екі-үш күнде ғана басқарма бастықтарының да есептерін тыңдап тастады. Құдды бір облыс әкімі Нұрғали Әшімов өзін қазіргі техниканың ең озығы -- «Мегалайн»-ға жалғап алған сияқты. Тірлігі зу-зу, өте жылдам, бір жаққа ауысып кетіп бара жатқандай тым асығыс. 

Осы мақаланы жазу барысында біз Тоқтар Үсібалиевтің өзімен хабарластық. 

-- Оңтүстікте үлкен құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, -- дейді Т. Үсібалиев. -- Менің бұл департаментке бастықтың міндетін атқарушы болып келгеніме енді 6 айдың көлемі болды. Осы уақыт ішінде көптеген оң тірліктер атқардық. Облыс әкіміне есеп беру сынағынан сүрінбей өттік. Бір жылға есеп бергеніммен нәтижелі тірлік кейінгі 6 айдың көлемінде жүзеге асқанын әкімге түсіндірдік. Болашақ жоспарларымызды айттық. Қаржыны жылдың соңында қолға тигізіп артынша қыруар қаржыны игермегеніне кінәлі деп тану қисынсыз. Бұл ақталу емес, шындығы осы.  Нағыз құрылыс қызатын жаз мезгілі тендер өткізу, ақша аударту жұмыстарына кетті. 

-- Ал, Мәсімов айтқан мәселе туралы не айтасыз?

-- Мәсімов айтқан мәселеге келер болсақ, облыс әкімінің орынбасары Мәжит Тұрмағанбетов облыс басшысына маған қатысты қандай да бір ұсыныс жасауы тиіс. Әлгінде қызметке келгеніме 6-ақ ай көлемі болды деп айттым. Менің кінәм не? Тұрмағанбетов қандай ұсыныс жасайды? Ол жағы маған белгісіз. Білмеймін, мүмкін қызметінен босат дей ме? Тағы не айтатынын.

-Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі аймақтық басқарма да жұмысыңызға айып тағып облыс әкіміне ұсыныс жолдапты.

-Бұдан еш хабарым жоқ.

     Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын есеп комитетінің баспасөз қызметі күні кеше ғана білім ошақтарының құрылысына бөлінген бюджет қаржысын игеруде өрескел бұрмалаушылықтарға барған 6 облыс туралы ақпарат таратып, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысын айрықша атап айтты. Облыс әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары Мәжит Тұрмағанбетовтің өзі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы олқылықтар үшін Үкімет жетекшісі Мәсімовтен сөгіс алғанына көп бола қойған жоқ. «Балық басынан шіріп жатса», қарамағындағылардан қайдан тәртіпті талап етсін? Әйтпесе Мәсімовтің Шадиров пен Үсібәлиевке байланысты мәселені қабырғасынан қойғанына бір айдан асқан жоқ па?  Сонда облыс әкімі мен орынбасары екеуі ұйқыдан енді тұрғандай күй кешкені қалай? Мәсімов мансұқ еткен кадрлерді Әшімов алақанына салып аялап ұстаумен шектелмей әдейі оған ерегісіп, шара қолданудың орнына марапат көрсетуі мазақтағандық сияқты сезіледі екен.  Таяуда құрылысшылардың мерекесіне орай облыс әкімінің орынбасары Мәжит Тұрмағанбетовтің әкімдіктің мәжіліс залындағы алқалы жиында  Айдархан Шадировқа «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісін салтанатты түрде тапсырғаны осының айғағы. Үкімет басшысының сын-ескертпесін естіп, біліп отырып оны осы марапатқа лайықты деп тапқан Индустрия және сауда министрлігіндегілердің тірлігі де түсініксіз. Айдархан Шадировтің өзімен де сөйлесіп, мәселенің мән-жайын білуді жөн санаған едік. Хатшы қыз бастығының денсаулығына байланысты «болничныйда» жүргенін айтқан соң, Шадировтың ұялы телефонына шықтық. Бірақ қанша «гудок» барса да, арғы жақтағы адам тұтқаны көтере қоймады. Амал жоқ, басқарма бастығының орынбасары Құттыбек Жамашевпен тілдестік. 

-- Біз облыс әкімдігіне есеп беруге барған жоқпыз. Тек жазбаша түрінде ғана бердік. 

-- Есепті жазбаша-ақ тапсыра беруге бола ма?

-- Жазбаша бере беруге болады екен...

-- Енді есептеріңіз қабыл болды ма?

-- Әл-әзірге «есептеріңіз қабылданбады» деген ешқандай ақпарат түскен жоқ. Соған қарағанда есебіміз облыс әкімінің тарапынан қабылданған болуы керек. 

... «Естімеген елде көп» деген. Міне, есепті осылайша, әкімнің алдына бармай-ақ, жазбаша тапсыра беруге де болады екен. Әрине, тірліктің тез жүріп жатқаны қуантады. Бірақ есеп берудің жауапкершілігі – есекке теңдеп артқан жүктен де ауыр емес пе?! Бұған дейін осы облысты басқарған әкімдердің кезінде есеп беруге сол салаға қатысы барлық басқарма, департамент басшыларының бәрі, облыстық мәслихаттың кейбір депутаттары, сосын ең бастысы БАҚ өкілдеріне қатысуға ешқандай тосқауыл болмайтын. Ал, бұл жолғы есеп беруге облыстық әкімшіліктің өзі құрылтайшылық ететін облыстық газеттерден де ешкім қатыса алған жоқ. Неге? Елдің алдына шыққанда көпшіл, халықшыл, ашық-жарқын көрінуге тырысатын Н. Әшімов неге елден жасырып есеп алды? Жасырын өткен нәрсенің жұмбағы көп болады. Әйтеуір, Оңтүстіктің тілшілері сол жұмбақтың шешуін, сырын біле алмай дал боп жүр. Есеп беру – артыңа бір бұрылып, өткен тірлікті түгендеу, саралау деген сөз. Бұрын-соңды есеп беру деген тоқсан аяқталғанда, жыл біткен соң басталушы еді. Бұл жолы әкімдер мен басқарма басшыларының кейбірі 11 айдың қорытындысымен, тіпті кейбірі 10 айдың қорытындысымен де есеп берген көрінеді.  

Рас болса, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің бастығы «емтиханды» небәрі 5-ақ минөтте тапсырып шыққан көрінеді. Ал, бұл департаменттің басындағы мәселені 5 минөтте айтып шығу мүмкін бе? Қарап отырсаңыз, дәл қазір күйіп тұрған мәселенің көбісі осы департаменттің мойнында емес пе? Басқа-басқа Шымкентте жылудың «жыры» әлі бітер емес. Жылудың сапасы өте нашар екенін былай қойғанда қалада қақаған қыстың қақ ортасында «жаңғақ шағып» жылусыз отырған үйлер бар. Айтпақшы, есеп беруден Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев та жылдам өткен көрінеді. Соған қарағанда Шымкентте шешілмей жатқан ешқандай мәселе жоқ сияқты. Жетпісбаевтың жұмысындағы жеткіліксіз жақтары жайлы факті жетіп жатыр.

Басқармалардың ішінде облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Ниязов пен облыстық жер қатынастары жөніндегі басқарманың бастығы Өскенәлі Панзарбектің жұмыстары «қанағаттанарлықсыз» деп танылды. Екеуі де қайта есеп беруге, нақтырақ айтқанда, Ниязов қаңтар, Панзарбеков ақпан айында қайтадан есеп беруге міндеттелді. Айттық ғой, Әшімов өте асығыс деп... Әйтпесе, арысы бір ай, берісі екі аптада тірлік қалай оңалып кетеді? Бұрын соңды жұмысын әлсіреткен басшыларға ең кемі 3 ай, болмаса 6 айға дейін мүмкіндік берілуші еді. Қазір бәрі басқаша, бәрі асығыс... Соңғы кездері Оңтүстіктің мәдениет саласында, жер қатынастары саласында көптеген өзгерістер, көптеген жаңалықтар болды. Ендеше облыс әкімі шүйлігетін жерде қабағын да түйместен, тірлігін ел көріп, бағалап отырған басқарма бастықтарының есебін қанағаттандырмағаны түсініксіз. Бір күн бұрын ғана Шымкент қалалық әкімдігінде облыстың жер қатынастары жөнінде жылдың қорытындысы қаралып, оң баға берілген екен. Ол жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев қатысқан. Ал, ертеңіне бұл басқарманың бастығы Ө. Панзарбектің жұмысына облыс әкімі «қанағаттанарлықсыз» деген баға берген. Мұны қалай түсінеміз, сонда? Панзарбектің қызметке тағайындалғанына бір жыл да толмапты. Демек оны бұған дейінгі жер дауларына байланысты айыптау немесе одан құзырына кірмейтін, құқығы жүрмейтін тірліктерді талап ету «бүйректен сирақ шығару» демеске лажымыз қайсы?

Облыстық ішкі саясат және жастар, сондай-ақ білім басқармасының жұмыстарына Әшімовтің көңілі толғанымен жұмысты дұрыс үйлестіре алмағаны үшін екі басқарма бастықтарының орынбасарларын қатты сынға алыпты. Қазір оларға қызметтерін босату қаупі төніп тұр. Сонда орынбасарларын қадағаламай, бетімен жіберіп бұл басқарма бастықтары қайда қарап отырған? Бар тірлікке ең алдымен бастық жауап беруі тиіс емес пе? Әлде бастық деген тек жақсы тірліктерді ғана иемденіп, сын сәтте бұғып қалуы керек пе? Айта берсек, осы екі саланы қадағалап отырған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың жауапкершілігін қайда қоямыз? Кеткен кемшілікті ең алдымен Бектаев мырза көріп, шара қолдануы тиіс еді ғой... Әйтеуір, түсініксіз дүние...

Міне, соңғы кездері Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов ел басқаруда елде жоқ «тәсілдерімен» ерекшеленіп жүр деуіміздің сыры осы...

Ғалымжан Елшібай,

Оралхан Дәуіт    


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: