Қазақы өлкеде қазақшамыз оңбай тұр

Screenshot_9.jpg

Оңтүстік-қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір саналғанымен ұлттық  тілдің жайы мұнда да оңып тұрған жоқ. Жұрт назарын еріксіз өзіне аударатын жарнама тақтайшалары мен көше атаулары қателерден кенде емес. Ол аздық еткендей өзге тілден тікелей аударылған мағынасы бұлыңғыр сөз тіркестері мен сөйлемдерге де көрікті жерлерден орын тиген. Осындай орашолақ аудармалардың кесірінен живые цветы-өміршең гүлдер,  Комплексный обед-аумақтық ас болып жазылып жүр. Ең сорақысы оңтүстікте өсімдік пен дақылдың «ұрығы» да «ұрпақ» жая бастады. Әдетте ұрық сөзі адамзат пен жан-жануарға қатысты айтылатын,  қазақы ұғымда.  Енді өсімдіктің тұқымы да ұрыққа айналды.  

Тілді шұбарлауға ерекше үлес қосып жүрген-спиртті ішімдіктерді дәріптейтін жарнамалар  «Бізбен жылырақ», «түн ашылуларға толы» деген тіркестер қазақы санаға еш сіңісе алмаса керек. Сөз қолданыстарында жиі қағажу көретін қазақы әріптер. Ұ-мен Ү   У-ға айналып уһілеп тұрса, Ы мен І  иректелген И болып ыңырсып жатады. Ө-нің де өңіріндегі сызықшасы түсіп қалып,  осқырынып тұратыны бар. 

   Шымкентің қақ ортасынан жарып өтетін күре жол Әз-Тәукенің есімімен аталады. Облыс әкімдігі мен оған қарасты бірқатар белді мекемелер мен жоғары оқу орындарының ғимараттары  осы көшенің бойына қаз-қатар жайғасқан. Бірақ солардың арасында  әлі күнге Тәукенің тәуір аты түрленіп, Тауке ханға айналғананына жүйкесі жүндей түтілген ешкім жоқ. 

Мәделі қожаға оңтүстікке көрсетілген «құрмет» те дәл осындай. Атауына қарасаңыз Мәделі, ақынға емес моделерге көбірек ұқсайды. 

Шымкентте  бүгінде10-нан астам баспа үйі бар.  Жарнама атаулы солардың қолынан шығады. Баспагерлер қазақ тіліндегі жарнамылық мәтінде қателік жібермеуге құлықты болғанымен түптеп келгенде тапсырыс берушінің дегенін істеуге мәжбүр.«Көбінесе жарнамаға қажетті сөзді қате аударып алып, келеді. Мысалы живые цветы дегенді тірі гүл деп. Оны болмайды ескертеміз. Кейбіреулер оған көнбейді. Айттым, бітті. «Ақша төлейтін мен, сіздің міндетіңіз айтқанымды істеп беру» дейді. Ондайда алғашқы үлгісін шығарып, қолын қойдырып аламыз».  Бұл баспа үйінің директоры Қылышбек Кәрібаевтің сөзі.

   Ұлттық тілдің  мәртебесі мен тазалығын әркім-ақ айтады. Бірақ дені сөз қылудан әрі аспайды. Әйтсе де осыдан екі жыл бұрын қазақ тілін қорлағаны үшін кәсіпкерді сотқа сүйреген   шымкенттік азаматтың ұлтжандылығы талайды таңдандырды. Марат Атабаев ұялы телефон сатумен айналысатын «Евросеть» сауда жүйесін жарнамадағы қателік үшін сотқа берді.    

Алғашында Шымкент қаласындағы Әл Фараби аудандық соты істі Атабаевтың пайдасына шешіп берген-ді. Айыпталушы жақтың кінәсі делелденіп,  50 мың теңге айыппұл салынды. Кәсіпкерден өндірілген ақша балалар үйіне аударылатын болған. Бірақ кейін облыстық сот ісі қайта қарап, қазақ тілін мазақ еткендерді жазадан босатып жіберді. Бір тәуірі осыдан соң «Қөп сылықтар» деген қате жарнама  көп сыйлықтар боп өзгертілді. 

Марат Атабаев қазір де  тілдің жанашыры болудан танған жоқ. Қателіктерді көзі шалса, шала сауатты дүкен иелері мен мекеме басшыларына ауызекі ескерту жасауды өзіне міндет санайды. «Жалғыз адамның айқайынан ешнәрсе шықпайды. Жаяудың шаңы шықпайтын сияқты.. Қазақ тілін жоғарыдағылардың өздері бастап қолға алмаса біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді екен. Менің соған көзім жетті» дейді ол.  Марат секілді тілге жанашырлар жасыратыны жоқ бірен саран. Бірақ олардың да тауы шағылған.  Заңның солқылдақтығы мен биліктегілердің жалпақшешейлігі ұлттық тілдің  мәртебесі төрге өрлеуіне тұсау болып отыр. 

Ғани Қалмаханов, «Қазақстан»Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: