Сананы тұрмыс билейтіні бесенеден белгілі. Валюталық девальвация орын алған алғашқы күні-ақ жұрт жаппай байбаламға жол берді. Ақша айырбастайтын орындарда сабырсыздық сезілді. Сонау бір жылдардағы АҚШ долларының бір-ақ күнде күрт көтеріліп кеткенін ұмыта қоймаған халық девальвацияның нақты себебін білмей жатып-ақ түрлі әрекеттерге бой ұрды. Айналдырған бір-екі күннің ішінде асығыстыққа салынып, ұтылғандар да, пысықтық жасап, пайда көргендер де болды.
Шымкентте ақпан айының алғашқы күндері ақша айырбастау орындарында АҚШ долларының бағасы 170-175 теңгеге дейін көтерілсе, еуроның құны 220 теңгеге теңесті. Көрші Қызылорда облысында түске дейін доллар бағамы 135-140 теңгеге көтерілсе, Атырау, Ақтау жақта тіптен жоғары болды. Ал Ресеймен шекаралас жатқан өңірлерде Ресей сомының құны қаттырақ өсіпті. Былайша айтқанда, валюта бағамына толық бақылау жасай алмай қалғандықтан, әр өңірде әр түрлі баға көрініс берді. Тұрғындардың алаңдаушылығын тудырмау үшін Ұлттық Банктің облыстық филиал ұжымы валюта бағамын бақылауға алып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсінік жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті билік өкілдері де шұғыл жиналыстар өткізіп жанталасып жатыр.
Сіз не дейсіз?
Фарида Үсенова, Ұлттық Банктің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы бойынша экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы:
-Күрт өзгеріс кезінде толық көлемде бақылау жасау қиындық тудырды. Көптеген ақша айырбастау орындарында нақты доллар болмады. Олардың дені долларды қабылдаған да жоқ, сатқан да жоқ. Ал баға күндегіден әлдеқайда жоғары. Содан байбаламға жол беріп, доллар құнын қолдан өсіріп жіберген. Мүмкін, доллар сатқандар да болған шығар, олар сатылу бағасын өсіріп, алып-сатарлық (спекуляция) арқылы пайда көріп қалды. Осындай мәліметтер түсе бастағандықтан барлық ақша айырбастау орындарында болып, жағдайдың қалыпты сақталуына ескерту жасадық. Енді тұрақты курс сақталатын болады.
- Бүгінгі курс қанша болды?
- Бүгін нақты баға – АҚШ доллары сатып алу 147, сату 148 теңге болды. 5 теңгеге аз-көп айырма болуы мүмкін. Бұл ұзақ уақыт бойы сақталатын болады.
- Облыста қанша ақша айырбастайтын орын бар?
- Облыста ондай 224 орын болса, 168-і Шымкент қаласында.
- Бағаны тұрақты ұстау үшін олардың жұмысына деген бақылау күшейтілген болар?
- Әрине, жан-жақты бақылау жасалады. Алып-сатарлыққа жол бергендер болып жатса, лицензиясын қайтарып алуға дейін шара көрілетін болады.
Айнұр Егеубаева, ақша айырбастау орнының қызметкері:
-Девальвация басталды деп байбаламға жол бергендер арасында доллар сатып алушылар аз болған жоқ. Олардың көпшілігі доллар валютасымен қарыз алған адамдар деп түсіндім. Өйткені, қарыз бергендер де ақшасын сол валютамен қайтаруын талап ететіні түсінікті. Қарызы барлар доллар әлі де көтеріледі деген қауіптен қорыққан болуы керек. Қарыз берген жақ та алашағын доллар бағасының жоғарылап тұрған сәтінде қайтарып алғысы келеді. Бәрінен бұрын теңгенің девальвацияға ұшырауы несиесін доллар түрінде төлейтіндердің қалтасына салмақ салатын болды. Мәселен, мен өзім ай сайын 600 доллар несие төлеймін. Бұл үшін бүгінге дейін 72 мың теңге жұмсап келсем, енді 90 мың теңге көлемінде ақша табуым керек.
Қайыпбек Қамбаров, «Жанар- жағар май» ассоциациясының төрағасы:
Қаңтардың 27-інен бастап мұнай өңдеу зауыты бензин бағасын тоннасына бұрынғы 468-ден 530 долларға көтерді. Себебі, қаңтар айының соңында экспортқа шығарылатын мұнай үшін кедендік салық салмағы әлдеқайда жеңілдетілді. Оның үстіне әлемдік биржадағы мұнай бағасы да көтерілді. Сол себепті мұнай өңдеу зауыттары үшін жергілікті жерде өңдеп сатудан, экспортқа шикізат күйінде жіберу әлдеқайда тиімді болып отыр. Бұдан бөлек доллар бағасының өсуі де теңгеге шаққандағы бензин құнының көтерілуіне себеп болды. Өйткені, зауыт клиенттерімен тек доллар күйінде есеп айырысады. Қарапайым есепке жүгінсек, девальвациядан кейін бензиннің тоннасына бұрынғыдай 63 мыңның үстінде емес, 79 мың теңгенің үстінде қаржы жұмсайтын болдық...
Дайындаған Шадияр Молдабек,
"Рейтинг" газеті