“Шымкент-республикадағы ең арзан қала” деген түсініктің кейінгі кезде күл-паршасы шықты. Қай саланы алып қарасаңыз да ойып алар орны бар Шымкентті кейінгі кезде қымбатшылық қысып барады. Мәселен…
Коммуналдық қызметтерге ең көп төлейтін де шымкенттіктер екен. Алдымен жылуды алайық. Оның әр текше метрі 86,63 теңгеден. Бұл баға қымбаттығы жағынан республикада Қостанайдан кейінгі (103,52 теңге) екінші орында. Қостанайдың қысы ұзақ, сондықтан жылу қымбат болса, түсінуге болады. Ал, қысы жылымшы болып өте шығатын Шымкентте жылудың неге қымбат екенін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Энергетиктер керісінше, тарифті өсіру керек деп жылайды да жүреді. Салыстырмалы түрде алар болсақ, жылу Астанада 66,56 теңге, ал Талдықорғанда 26 теңге екен. Бәлкім Сарыарқа мен Жетісуда қыс болмайтын шығар?! Қалай болғанда да шымкенттік шенеуніктерді сол Астана мен талдықорғандық әріптестерінен тәжірибе жинақтап келуге жіберіп алу керек болып тұр.
Республикада ыстық суға ең қымбат төлейтін де біз. Оның әр текше метрі 225,43 теңгеден. Ал, өзге өңірлерде ол 80-160 теңгенің төңірегінде. Ең арзаны Павлодарда—78 теңге екен…
Осыдан біраз уақыт бұрын “ең арзан су –Шымкентте” деуші едік. Биылдан бастап оны айтуға тіліміз күрмелетін болды. Ең арзан су Алматыда (19 теңгеден). Одан кейінгі арзаны Қызылордада (24,35 теңге). Шөл далада су арзан, ал сулы, нулы деген Шымкентте судың әр текше метрі 35, 40 теңге…
Бұл қызық дегенді қоя берсеңізші, етікші өзі етікке жарымайды дегеннің кері шығар, ең қымбат электр энергиясы Таразда (9,6 теңге) екен. Одан кейінгі орынды тағы да Шымкент. Шымкенттіктер жарыққа 8,96 теңгеден төлейді. Ал, Атырауда ол –3,85 теңгеден, Алматыда—5,5 теңгеден…
Егер шымкенттіктердің қарны тоқ, уайымы жоқ болса, мейлі ғой.. Қарны тоқ деп орташа жалақысы 117 261 теңгені құрайтын аптыраулықтарды айтсақ жарасады. Оңтүстікте орташа жалақы бар жоғы 47 мың теңгенің төңірегінде ғана (2008 жылғы мәлімет бойынша). Бұл республикада 11 орынды алады екен.
…Әйтеуір сұрақ көп, бірақ жауап жоқ.