Нұрғали Әшімовтың Болатбек Әлиевпен не байланысы бар?

Screenshot_12.jpg

Біз әңгіме еткелі отырған Болатбек Нәжіметдинұлы Әлиевтің қысқаша өмірбаяны мынандай... Жалпы өмірбаянына қарап отырсаңыз, Болатбектің жолы болғыш екенін бірден байқайсыз. 1993 жылдың қоңыр күзінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасына қызметке орналасады. Одан сол кезде даңқы дүрілдеп тұрған облыстық мемлекеттік тергеу комитетіне жұмысқа ауысады.  Көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есігін қағады. Не сиқыры бар екенін қайдам, ол жақтағылар да мұны еш жатсынбай  қызмет ұсынған. Екі жыл чекист болып жүреді де, бір күні Болатбек Кеден басқармасының контрабандамен және кеден ережелерін бұзушылармен күрес жөніндегі басқарманың бастығы болып шыға келеді.

Тарихтан белгілі, революцияның алғашқы жылдары жасындай жарқылдаған батыр бала Болатбек аймақты жасырынып, торып жүрген қас дұшпанды байқап қалып, елі үшін жаны шырқырап, ерлік көрсетті емес пе? Алдыңғы қызметтерінде жүріп ерлік жасауға қолы тимей кетті ме, кім білсін, атына заты сай болуға ұмтылған бұл Болатбек те қызметінің асығы алшы түсіп тұрған ғажайып күндерінің бірінде екі бірдей ерлікті бірден жасаудан жасқанбады. Бірінші «ерлігі» -- 240 қап ұн артқан «КамАЗ» жүк көлігін қылмыс үстінде ұстаған әріптестерінен  арашалап алып өзінің тікелей тапсырмасымен ешкімге тигізбестен Өзбекстанға өткізіп жібереді. Екінші «ерлігі» – көлікті де, тауарды да ешқандай тіркеуге алмай ресми құжаттардың көзін жойғызып жіберген. Қорықпай істеген қос бірдей «ерлігі» ескерусіз қалмай артынан іс-әрекеті әшкереленген Болатбек Әлиев Сарығаш аудандық сотының үкімімен 2001 жылдың 8 мамырында 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Бірақ, «Рақымшылық жасау туралы» заңның 3-бабына сәйкес жазадан босатылады. Контрабандамен және кеден ережелерін бұзушылармен күрес жөніндегі басқарманың бастығы өзі қылмыс жасаған соң, кеден басшылары Болатбекті аясын ба? «Қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып, сыбайлас жемқорлық құқығын бұзды» деп жұмыстан босатады. Сонымен Болатбек мырза «қызметі де, басқасы да құрысын, бас аман болсын» деп бизнес саласына кетті. 

Осы жерден әңгімемізді аяқтасақ та болар еді, бірақ ең қызығы әлі алда екен. Жеті-сегіз жыл бизнес жасап, өзімен-өзі жүрген  Болатбек Әлиев мемлекеттік қызметтен еш күдер үзген жоқ. Облыстық сотқа арызданды. Болмады, жеңілді. Жоғарғы сотқа да шағымданды. Ең соңғы үкімді Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәмидің өзі оқып, Әлиев жөніндегі облыстық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Әйтсе де, Болатбектің жігері мұқалмады. 2007 жылдың қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директоры қызметіне отыра кетті. Осындайда өзге кадр таппағандай артында шаласы бар адамды үлкен қызметке тағайындауға «тәуекел» еткен облыс әкімі Нұрғали Әшімовтың батылдығына таң қалмасқа шараң жоқ. Әрине, мұндай үлкен қызметке кез-келген жанның арнайы тексеру органдарының қатаң сүзгісінен өтіп, солардың сараптамасынан кейін тағайындалатыны белгілі. Бір кездері сыбайлас жемқорлыққа байланысты қызметінен қуылған Болатбек Әлиевті мұндай органдардың қалайша байқамай қалғаны түсініксіз. Оны қызметке тағайындаудың алдында арнайы құрылған конкурстық комиссиядағылардың да «көрмес, түйені де көрместің» керін келтіргені, оның өмірбаяны жайлы ойланбаулары «сиынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» дейтін халық даналығын еріксіз еске түсіреді. Тіпті болмағанда «кінәсіздігіңді дәлелдеп ал, содан соң-ақ қызметтің қызығын көруден кешікпейсің жарқыным» деп жайлап, жылы сөзбен жеткізуге болмас па еді.Болатбек Әлиев болса әбден қызметке тұрып алғаннан  кейін сот шешімін өзгерту үшін сотқа шағымданады. Шымкентте заңды бұзуға болмайды, тек айналып өтуге болады емес пе?!..Еңбекші аудандық сотының судьясы С. Құнанбаев әйтеуір жол тауып, істі Әлиевтің пайдасына шешеді. Айтпақшы, сотта мынандай қызық бір жағдай болды. Екі бірдей жоғарғы оқу орнын бітірген, дап-дардай кісі Болатбек Әлиев баяғыда кеденнен не үшін қызметтен кеткенін білмейді екен. Құдды бір кедендегілер мұны жақтырмай қойған соң  бір күнде жиналып қызметтен кетіп қалған сықылды. Оның сотта айтқан сөзі мынаған сайды: «Мен кеденнен өз еркіммен кеттім» деп жүрсем... Білмейді екенмін...». Әлиевтің «қызметтен қуылғанымды білмедім» дегеніне және еңбек кітапшасына бір мәрте үңіліп қарамағанына кім сенеді? Кімді ақымақ көреді? Бәлкім ол облыстық департаментке директор болып тағайындалғанын да білмейтін шығар? Осы жылдар ішінде ол кедендегі қызметтік куәлігін тапсырмапты. Оны неге тапсырмаған? Куәлік оған не үшін керек болды? Тіпті оны біреулерге көрсетіп, қызметін пұлдамағанына кім кепіл?  Осы жерде мына жайттың басын ашып айтайық.  Еңбекші аудандық соты Болатбек Әлиевтің « мен өз еркіммен кеттім деп жүрсем...» деген уәжіне «имандай сеніп» оны  қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану мен сыбайлас жемқорлық құқығын бұзғаны үшін жұмыстан босатылғаны туралы шығарған кеден басқармасының бұйрығын бұзып берді. Дәлірегі жеті жылдан кейін «қызметтен қылмысына байланысты босатылды» дегеннің орнына «өз өтініші бойынша жұмыстан босатылды» деп «жөндетіп» алды. Осы тірлікті ол қызметке тағайындалардың алдында неге тындырып алмады екен? Ал «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы» шығарған Сарыағаш аудандық сотының шешімі Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің өзі қолдаған күйі мұрты бұзылмай тұр. 

Ал жалпы рақымшылыққа қатысты адвокат Исабек Ормановтан кеңес сұраған едік. Сөйтсек  рақымшылыққа ұшырау - қылмыскердің ақталуы емес екен.  Бұл тек мемлекеттің қылмыскерді кешіріп,  белгіленген жазасын өтеуден құтылуға берген мүмкіндігі. Айта кетерлігі, рақымшылықты қолданудың шарттары бар. Ол үшін қылмыскер міндетті түрде арыз жазып, өзі жасаған қылмысын толық мойындауы тиіс.  Бұл шарт орындалмайынша рақымшылық туралы сөз қозғау мүмкін емес. Ендеше Әлиевтің «мен жұмыстан өз еркіммен кеттім деп жүрсем...»деген жеті жылдан кейінгі уәжі, оған соттың «сеніп» «өз өтініші бойынша жұмыстан босатылды» деп кеден басқармасының бұйрығына «түзету» енгізгені қаншалықты ақылға қонады? Мұндайда ақыл-кеңесті біз емес заңдылықтың бұзылмауын қадағалауы тиіс прокуратурадағылар айтуы тиіс десек облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Ералиев «Б. Әлиевтің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне кедергі болатын ешқандай себеп жоқ» деп бұған дәлел ретінде рақымшылықты алға тартып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департамент бастығының орынбасары Данияр Исаев болса, облыс әкімі Нұрғали  Әшімовке  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Болатбек Әлиевті орнынан босату туралы ұсыныс жібергеніне 17 желтоқсанда аттай екі ай толды. Себебі, жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмыстан босатылған адамды  мемлекеттік қызметке қабылдауға болмайды. Осылайша оңтүстікте сыбайлас жемқорлықпен күрес «Аққу көкке, шортан көлге тартқан...» тартқан тірлік болып отыр. Облыс әкімі Нұрғали Әшімов оңтүстікке келгенге дейін Батыс Қазақстан облысын басқарған кезінде де сол жақтағы құқық қорғау органдарының басшылары жемқорлықтың жолын кесудің орнына бір-бірімен келіспей айтысып-тартысқаны республика жұртшылығын шулатқан еді.  Айтыс-тартыстың ақыры міндеттерін дұрыс орындамағаны және заң бұзушылыққа жол бергені үшін облыс прокуроры Сансызбай Үмбеталиев, оның бірінші орынбасары Молдағали Уапов, Орал қаласының прокуроры Закария Саралиев, облыстық қаржы полициясы департаментінің бастығы Рамазан Тілеухан, ҰҚК-нің облыстық департаментінің төрағасы Игорь Нұрмұхамедов қызметінен босатылып  үлкен дүрбелеңмен аяқталғанынан хабардармыз. Осындай келеңсіздіктің енді оңтүстікте қайталануы неліктен? Бұл сәйкестік пе, әлде әдейі жасалып жиі қолданылып жүрген сценарий ме?

Түптің түбінде экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттегілер Әлиевке таққан айыптарының дұрыстығын дәлелдеп шығатындай күн туса, Әлиевті қызметке тағайындаған  Нұрғали Әшімовке де таяқтың бір ұшы оңбай тиюі мүмкін. Өйткені Президенттің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Қанат Саудабаев кезінде мынадай мәлімдеме жасаған болатын:  «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған немесе осындай негіз бойынша жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін саяси мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан босату мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауын тежейтін факторлардың бірі болмақ». Мұны аз көрсек мемлекет басшысының «менің бастамаммен бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмыстан қуылған адамдар мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кез-келген лауазымда  жұмыс істеуге өмір бойы тиым салынады. Ешкімнің лауазымына, шен-шекпеніне қараудың қажеті жоқ. Қылмыс жасаған адам қандай жағдайда да жауапқа тартылуы тиіс» деп қатаң тапсырма бергеніне көп бола қойған жоқ. Президенттің сөзі-мынау, Саудабаевтың сөзі-анау. Осыған қарамастан экономикалық қылмысқа  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің ұсынысына құлақ аспай отырған облыс әкімі Әшімовтің Әлиевпен не байланысы бар?  Әлиевтің қызметке келгеннен кейінгі қызығы мен шыжығы өз алдына бір бөлек әңгіме. 

P.S: Журналистік зерттеу жүргізу барысында Болатбек Әлиевтің өзімен де жолығып даулы мәселенің мән-жайын сөйлескен едік. Ол айтар уәжін қағазға түсіріп көп кешікпей хабарласуға келісті. Күттік. Хабар болмағансоң өзіміз қайта хабарластық. Тағы күттік. Тағы хабар жоқ... 

Ғалымжан Елшібай, 

Оңтүстік Қазақстан облысы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: