Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын...
Атақты өлеңдерінің бірі осылай деп басталатын ақиық ақын Төлеген Айбергенов көзінің тірісінде тойын көре алмай арманда кеткен, әлемі бөлек айбоз ақын. Бәлкім, ол нәзік жырларының тойы мәңгілік тарқамай, жаңарып, жаңғырып, тойлана беретінін болжаған болар.
Тал бойында Табиғат-ана берген ақындық дарын мен талантқа қоса ерен еңбексүйгіш Төлеген Айбергенов бар-жоғы 30 жыл ғұмыр кешті. «Өлді деуге болмайтын», олай деп айтуға ауыз бармайтын, артына өшпес із қалдырған ақын Қарақалпақ елінде дүниеге келіп, өзінің атажұртында аз ғана уақыт қызмет атқарды. Татар тұз-дәмі де сол шет жерде, кіндік қаны тамған өлкеде таусылды. Ақынның көзін көрген естілердің естелігіне сүйенсек, Төлеген Айбергенов дүниеден өткенде қазақ аспанын қара бұлт жауып, кең жазира даласы күңірене жоқтаған. Қазақ зиялыларының барлығы да Ақынмен қоштасуға бет алған көрінеді... Міне, сол қаралы қазаны қазақ елінің басынан кешіргеніне биыл қырық бес жыл болса, ақынның туылғанына 75 жыл толып отыр.
Дүниеге өзінің әппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол адал көңілімен мәңгілік сапарға аттанған сағыныштың ақыны Төлеген Айбергеновті еске алу мақсатында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты «О, адамдар, біргемін мен сендермен...» атты әдеби-шығармашылық кеш өткізді. Оған ақынның қызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Айбергенова Алматыдан арнайы келіп қатысты. Кешті ұйымдастырудағы негізгі мақсат – студенттерді отансүйгіштікке, елжандылыққа ақын сөзімен тәрбиелеу, қазақ поэзиясын насихаттау, сөз қадірін білуге, тануға үйрету. Кеш ақын өмірі туралы сыр шерткен «Айбергенов әлемі» атты ақынның табиғи дауысы жазылған деректі фильмнен үзінді көрсетумен басталды. Әсерлі басқосуды оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшұлы жүргізіп отырды. Бүгінде республикамызға танымал ақын, К.Симонов атындағы сыйлықтың иегері Нармахан Бегалыұлы Төлеген жырларын жатқа оқып, ақын өмірінен естеліктер айтып, шығармаларына әдеби талдау жасады. Қазақтың қабырғалы қаламгерінің болмысы мен шығармашылығы жайында ақынның жерлесі Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» газетінің тілшісі, белгілі ақын Мұрат Бекей мазмұнды пікірлер айтты. Студенттер ақынның жалынды жырларын мәнеріне келтіре оқып, кешті ақынның сөзіне жазылған әндермен өрнектеді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының І курс студенті Дәурен Ақсақалов ақын ағасына деген өзінің арнау өлеңін домбыраға қосып жырлады.
Кеш соңында арнайы шақырылған қонақ, ақынның қызы Салтанат Төлегенқызына сый ретінде иығына шапан жапты. Кеш әдебиет сүйер қауымға ләззат сыйлап, студенттерді жігерлендірді.
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде...
Қазақ поэзиясының шыңына туын тіккен дара талант Төлеген Айбергеновтің жүрегінен сүзіліп шыққан қанатты жырлардың бірі ғой, бұл. Ақынның сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Ләззат Жорабекова
Мұрағаттан, 03.05.2012 ж