Біз – студенттер ішкені алдында, ішпегені артында дейтіндей, өмір сүргеніміз жоқ. Степендиядан қарық болдық деген тірі пендені көрген емен. Ұмыта қоймасам, 45 сом алып тұрдық, оған ең алдымен үш мезгіл ішетін тағамыздың талонын сатып алатынбыз. Ырду-дырдудан, ішкілік атаулыдан аулақ едік. Қайта барымызды базарлау жағын көбірек күйттейтінбіз. Тамақтан қалғанын сараң бөлген астай ғып театрға үнемдейміз, онымен қоймай бірлі-жарым жеңіл-желпі киім-кешек алатын тиын-тебенді ышқырлыққа тығып тастаймыз. Ілгері үміт дүниесі ғой деп, заимға жазылуды да ұмытпайтынбыз. Құдайым-ау, ауыз жарымайтын аз ғана дүниені бір басыңа жетерліктей ғып қалай ұстай білгенімізге әлі күнге дейін қайранмын. Артымыздан келетін көк тиын жоқ. Иегіміздің қышымайтыны – елдің жайы белгілі.
Менің Мәскеуде оқуым республиканың, елдің өміріндегі аса ауыр кезеңге – зорлап коллективтендіру науқанымен тұспа-тұс келді. Ел құлағы – елу. Ауылдан адам төзгісіз ауыр жағдай естіген сайын аза бойымыз қаза тұратын. Шалғайда жүрсек те арқамызға аяздай бататын. Бірде үйден хат алдым. Қабырғалары қайысып жазыпты: ел ішін аштық меңдеп, жығылғанға жұдырық – індет жайлапты. Оны өз көзімен көрдім. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген селосында тұратын әке-шешеме келсем, тігерге тұяқ жоқ, ел әбден азып-тозыпты. Аттап бассаң кісі өлімі, зарлаған ана, жылаған бала. 1932-1933 жылдары осы ауданның Балтабай, Маловодное («Құрғақсаз» дейтін сияқты еді) ауылдарында түндігі ашылмай қалған шаңырақта есеп жоқ. Бұл бірер ауылдың тартқан тақсыреті емес, исі қазақтың басына түскен нәубет болды ғой.
Аза бойың қаза тұратын ауыр жылдарды еске алудың өзі азап. «Қорықпас келін қой басынан қорқады» дегендей, секем алған адамын ақ-қарасын айырмастан, әділ үкімін шығармастан ит жеккенге жер аударды, қапас түнекке жапты, шыбын құрлы көрмей оққа байлап отырды. Осылай әкімшіл-тоғышарлар қыспағы қазақ жерлерін зобалаң ордасына айналдырды. Сталиннің озі болмаса да көзі болған республиканың бірінші басшысы Ф.И. Голощекин шын мәнінде азамат соғысын жүргізіп, халықтың бетке шығар қаймақтарын «қалқып алып», түп-тұқиянын қуғынға салды. Араға әлденеше жыл салып көз жеткізіп отырғанымыздай, бес жыл ішінде – 1929 жыл мен 1933 жыл аралығында Қазақстанда тек ОГПУ «саласы» бойынша 3386 адам ату жазасына кесіліпті. Осы зобалаңда қазақ халқы жарым-жартысынан айырылды. Сойылдың жуан басы бізге тисе де, бұл нәубеттен украиндар, орыстар, татарлар, немістер, белорустар, дұңғандар шет қалған жоқ.
Елдің қырылып жатқанында арқа басты кеңге салатын күн қайда. Мәскеуде оқып жүрген жастарда не ұйқы, не күлкі жоқ. Шарқ ұрып, мына тығырықтан шығар шара іздейміз. Сол кезде қазақ жастары арасында ауылдастар ұйымы бар еді, соның мұрындық болуымен Чистый прудтағы «Колизей» театрына (қазіргі «Современник») жиналып, жоғары үкімет орындарынан республикадағы жағдайдың анық-қанығын айтуды және оған нендей көмек көрсетіліп жатқанынан хабардар етуді талап еттік. Мәскеуге қазақ студенттерінің толқуын басып, сабырға шақыруға Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Кохиани арнайы шақырылыпты. Ол аңқау елге арамза молда боп үйреніп алса керек. Жоқты бардай, ақсақты дыңдай ғып, тап түк болмағандай, әй кеп сайрасын. Елге барып қайтқан біздер оның беті шімірікпестен өтірікті соғып тұрғанына көнеміз бе. Бетің бар, жүзің бар дегеніміз жоқ. Ақиқатты ақтарып салдық. Әсіресе, Сведлов атындағы коммунисттік университетінің тыңдаушылары ақты – ақ, қараны – қара деп, Кохианидің жауырды жаба тоқып, ақиқаттан айналып өтіп, жалған хабарлама жасағанын бетіне басты. Ораздың ағасы Оразәлі Жандосовтың өткір тілі, ойлы сөзі, өжет мінезі ерекше есте қалды.
- Республикада практикада болып, көптеген геологиялық барлау партияларын араладым,- деді ол өршелене,- адамдардың, әсіресе, дәрменсіз қарттар мен бейкүнә балалардың өлігінен аяқ алып жүре алмайсың. Бұдан асқан жауыздық, бұдан өткен сорақылық болмайды.
Ит терісін басына қаптағаны сонша сол жердің жарығы болса Кохиани кіріп кетердей халде еді.
Елдегі ауыр жағдай білім іздеп, өнер қуып келген қазақ жастарының еңсесін түсіріп-ақ тастаған. Олардың көбісі оқуларын тастап, ауылдарына қайтып жатты. Театрдағы жиналыстан соң да үкімет орындарының иманды ауыздары сылп етсейші. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Салдарлы шешім қабылдамақ түгілі селт етіп, аштыққа тосқауыл қояйық, қазақ жұртына азық-түліктен қол ұшын берейік деп, емеурін танытқан тірі пендені көрмедік. Жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның кебі келді де қойды.
Жақсы адам – ел ырысы. Халқының жоғын жоқтап, мұңын шаққан арыстардан кенде емеспіз. Тарихтың ақтаңдақтары енді ашылып, енді соның жұмбақ сырларына тереңірек үңіле бастаған тұста екі жайды баса айтар едім. Оның бірі – осы күндері «бесеудің хаты» деген атпен мәлім болған Ғабит Мүсірепов бастаған Дәулетқалиевтің, Алтынбековтың, Ғатаулиннің, Қуанышевтың тәуекелі жетіп Сталинге жолдаған хаты. Екіншісі – адал азамат, ер жүрек коммунист, Тұрар Рысқұловтың басын тігіп Сталинге, Молотов пен Кагановичке жазған бір емес, төрт хаты. Ол кезде Тұрар ағамыз РКФСР Халық Комиссариаты төрағасының орынбасары. Халқының тағдыры қабырғасына қатты батқан ол Қазақстандағы жағдайды егжей-тегжейлі баяндай келіп, аштыққа, ауруға ұшыраған қазақтардың ауа көшіп, сонау Қытай, Иран, Ауған асып жатқанын айтады. Ұжымдастыру барысында асыра сілтеу аз болмағаны, әсіресе, бұл істің күштеп жүргізіліп жатқанын ашына жазады. Рысқұлов Сталиннен және оның ең жақын серіктерінен: «шұғыл араласып, ашаршылыққа ұрынған көптеген адамдарды ажалдан арашалап қалуды» сұрайды.
Уақыт – ұлы төреші. Тархшылар ақиқатын айтқандай, Кремльге мұндай хаттар аз түспеген. Соның ішінде Рысқұловтың хаттарының елеулі ықпалы болған. Әпербақан Голощекиннің орнына Қазақ өлкелік комитеті басшылығына келген Л. И. Мирзоян орталықтың ығында кетпей, жергілікті қоғамдық саяси ахуалдың ауанымен жұмыс істеуге көшті. Қазақстандағы ұжымдастыру мәселелерін кешенді түрде шешу үшін БК(б)П Орталық қомитетінің комиссиясы құрылды. Оның қүұрамына Каганович, Микоян, Пятаков, Мирзоян және басқалар енді. Рысқұловтың да, Мирзоянның да, тіпті Турухан айдауынан бері дәм-тұздас болған Голощекиннің де ішкі ойын ұмыта қоймаған-ды. Ақыры олардың көзін жойып тынды.
Нәубет бүкіл елді жайлап алған-ды. Оған 1933 жылы Оралдың Дегтиярск кенішіне практикаға барған барған кезде көз жеткіздік. Құдай басқа салмасын, тап жауы ретінде мал-жаннан айырылып, жердің түкпіріне айдалып келгендер сеңдей соғылысады. Не ішері, не жері жоқ, не киері, не тұрары жоқ. Арып-ашқан шетінен тірі әруақ. Одан тіленшінің тірлігі көш ілгері. Оның үстіне ертеңнен қара кешке дейін салпақтап жұмыс істейді. Практикадан Мәскеуге қайтарда теміржолда билет таппай үш күн Свердловскіде (Екатеринбургте) табанымыздан таусылып жүргенімізде де, осы бір аянышты сурет алдымыздан кес-кестеп шықты да отырды. Көргеніміз жоқ. Қай заманда да мына кең дүние құдайына караған адамдарсыз емес қой, Дегтяркада етене танысқан шахтердің туысын тауып алып, үш студент сол үйде жаттық. Жыртығын қалай жамарын білмей, бір түйір дәнге шеттей жан телміріп, көзін сатып отырған тұста зіңгіттей-зіңгіттей үш жігітті, бір емес, үш күн паналатуға ешкім тәуекел етпесі анық. Одан бері неше жыл, аты-жөні жадымда қалмапты, бірақ мекен-жайы есімде: Москва көшесі, 24-үй.
Бұрын көрмеген жердің ой-шұқыры да таңсық. Қайыра келгенше қай заман деп, Свердловскінің осыны көру керек-ау дейтін тарихи орындарын құр жібергеніміз жоқ. Бүгінгі заман көзімен қарасақ, ауыз бармайтын әңгіме. Бірақ ол кезде жұрт саяхатын осы бір қанды жерден бастайтын. Әңгіме Ипатьев үйі туралы болып отыр. Мұнда кешегі ақ патша және оның әулеті атылған. Қабырғалары шұрқ-шұрқ тесік. Шашыраған қанның ізі жатыр. Бізде орынсыз төгілген қан аз ба?
Мұрағаттан, 12.05.2012 ж