Педагогтарды артық жауапкершіліктен қорғау – әділеттілік талабы
Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы жоғары деңгейде өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы конференция жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласына қатысты нақты ұстанымдарын білдірді.
Соның бірі – «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу туралы ұсыныс болды.
Президент өз сөзінде мұғалім еңбегін жоғары бағалайтынын және ұстаз беделін көтеру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін ашық айтты. Бұл жай сөз емес, 2019 жылдан бастап нақты шешімдер мен жүйелі жұмыстар арқылы дәлелденіп келеді.
«Мектептен тыс жерде болған жағдай үшін мұғалімді жазалауға болмайды» – деді Президент. Бұл соңғы жылдары жиі талқыланып жүрген өзекті мәселеге нүкте қою. Балаларға қатысты оқыс жағдайларға мұғалімдерді негізсіз кінәлау кәсіби мотивацияны төмендетеді, ұстаздарды үрейде ұстайды. Мұғалім өз міндетін адал атқаруға тиіс, ал ата-ана мен қоғам да өз жауапкершілігін сезінуге міндетті.
«Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ, кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек. Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру.
Тағы бір мәселе. Маңғыстауда балалар сапасыз тамақтан уланып қалғанын білесіздер. Осы сұмдық жағдайдан кейін мектептегі тамақтың сапасын қадағалау жұмысын Денсаулық сақтау министрлігі толығымен өз міндетіне алды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала. Сондықтан, құзырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәселелерден сырт қалмауы керек. Түптеп келгенде, балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе», – деді Президент өз сөзінде.
Бұл ретте Президенттің «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажеттігіне баса назар аударғаны қуантады.