Мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздықты жоюда

Oinet.kz 20-12-2024 24

   image.png

Елдегі жұмыссыздықпен күрес мақсатында Президент тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі «балық орнына қармақ беретін» ауқымды шараларды қолға алуда. Бүгінгі күнге дейін азаматтарды жұмыспен қамту жөнінде көптеген бағдараламар жүзеге асырылды және нәтижесіз емес. Қазіргі таңда ел игілігін көріп отырған жобалар көп. Айталық «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Кәсіптік оқыту», «Арнайы жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны»,  «Жастар практикасы» т.б. Аталған жобалардың көмегімен қаншама қала, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, әлеуметтік тұрмысын түзеуде.   

  Жұмыссыздық мәселесін күн тәртібінен түсірмеген Сарыағаш ауданында да  жұмыссыз азаматтар жобаларға қатысып, түрлі салада қызмет етіп жүрген жайы бар.  Олардың қатарында  Дарбаза ауылының тұрғыны Айтбай Жақыпбек те бар. Ол  өткен  жылы аудандық «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға "Дәнекерлеуші" мамандығына оқуға ниет білдірген. Көп ұзамай мамандар оны "Асу-KZ" ЖШС оқу орталығына "Электргазымен дәнекерлеуші" мамандығына оқуға жолдап, екі ай мерзімде оқуын аяқтады. Қазіргі таңда "Дарбаза" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде оқып бітірген мамандығы бойынша дәнекерлеуші болып жұмыс істеуде.  «Сұранысқа сай мамандықты игеріп шығуға көмек берген орталық мамандарына алғысымды білдіремін. Қазір ел қатарлы жұмыс істеп, жемісін жеп отырмын. Жұмыссыз азаматтарға айтарым мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті пайдаланып, еңбек етіңіздер»,- дейді Айтбай. 

  Зейнеталды жастағы жұмыссыздардың екі қолға бір күрек таба қоюы қиын. Оның үстіне қолайлы еңбек шарты қажет. Бұл тұста «Күміс жас» жобасы оларға тиімді мүмкіндік берді. Бағдарлама қатысушылары үшжақты келісім арқылы түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатыр. 2023 жылдан бастап «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізілді, қатысу мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылды. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды. Жобаға өзгеріс енгізілгелі бері, елімізде зейнет алды жастағы адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі артқан. Айталық 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Күміс жас» жобасы бойынша республика бойынша  9,9 мың адам жұмысқа орналастырылған.  Аталған бағдарламамен жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысына тиесілі. Биылғы жылы осы бағыт бойынша барлығы 19 060 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.    «Күміс жас» жобасына қатысып, жұмыспен қамтылған  Гүлімжан Оралбекованың мамандарға айтар алғысы шексіз. Ол «Күміс жас» бағдарламасы арқылы аспаздың көмекшісі болып еңбек етіп келеді.  «Аудандық «Мансап» орталығына жүгінгенімде маған «Күміс жас» бағдарламасы туралы айтты. Жасы келген адамдарға жұмыс табу өте қиын. Ал аталған жоба біздің жасымызға сай жұмыс тауып беріп, орналастырады. Өте тиімді, жақсы жоба. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды»,- дейді ол. Мамандардың айтуынша, жоба бұл санаттағылардың экономикалық белсенділігін арттыра түскен. Оған қатысуға өтініш білдірушілердің қатары көбейген. Әлеуметтік қолдаудың тиімді тетігі алдағы уақытта да кеңінен қолданылады, дейді мамандар.

Мүгедектерге арналған "Арнайы жұмыс" бағдарламасымен жұмыссыздыққа тіркеліп, ЖК"Асанова К.К."-ға жұмысқа жолданған III топтағы мүгедек А.Естемесова бүгінгі күнде істің көзін тауып, отбасын бағып отыр. Қиындықтан қорықпаған батыл жанның алға қойған жоспары көп. Ол  мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табуға, орналастыруға жәрдем беретін бағдарламалардың  қарастырылғанына риза. Сондай-ақ жұмыс берушіге де алғысын білдірді.  «Мен қазіргі таңда химиялық тазалау бағытында кәсібімді дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкермін.  Өткен жылдың соңында   «Мансап» орталығына көмекшісі қажет екенін айтып, өтініш тастаған едім.  Сұранысыма сай жауапкершлігі мол, адал көмекші тауып берді. Мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан жұмысын тиянақты істейді»,- дейді жұмыс беруші Қарлығаш Асанова.         

Сарыағаш қаласының тұрғыны, «Мансап» орталығына жұмыс іздеп келген  Лейла Абасованың өтінішін мамандар жерге қалдырмады.  Қызметкерлердің кеңесінен кейін Лейла  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын “Әлеуметтік жұмыс орны” бойынша дәріханаға жұмысқа медбике болып  орналасқан. 

 Ал бұған дейін жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған  Данияр   орталық  арқылы “Әлеуметтік жұмыс орны” бағдарламасына қатысып,  келісім шартпен 1 жылға уақытша жолдамамен екі қолға бір күрек тапты.  Қазіргі таңда Данияр автокөліктерді жөндеу орталығында механик болып жұмыс жасауда. 

  Айта кетейік,  «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу кезінде аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға басымдық беріледі. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысының 35%-ы мемлекет есебінен төленеді. Әлеуметтік жұмыс орын – бұл, жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін Мансап орталығымен келісім-шарт негізінде, олардың жалақысын субсидиялай отырып құратын жұмыс орны. Әлеуметтік жұмыс орындарын салық және басқа әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізіп отыратын және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастырады. Жобаға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.

 Жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық береді. Осы орайда, оқу орны түлектерін қолдау мақсатында Қазақстанда 2020 жылдан бастап  "Алғашқы жұмыс орны" жобасы жүзеге асырылып келеді. Өткен  жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 9 970 адам жұмысқа орналастырылған. Жобаға қатысушылардың 61,6%-ы (6144 адам) әйелдер. Осы бағыт бойынша 2023 жылы жалпы 10 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын.  «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысында (2 130 адам). Бұл ретте аталған жоба арқылы сарыағаштық жастар да жұмыс тауып, тәжрибе жинауда. Солардың бірі Айсұлу Тыныштық. Ол былтыр  «Алғашқы жұмыс орындары» бағдарламасымен математика мұғалімі мамандығы бойынша “Smart.kz” оқу орталығына жолданған болатын. Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда. "Мен алдымен өз бетіммен жұмыс табуға тырыстым. Бірнеше мекемені аралап, жұмыс берушімен әңгімелесулерге бардым. Барлық жерде жұмыс тәжірибесін талап етті, бірақ менде оларға қажет тәжірибе болған жоқ.  Сөйтіп аудандық Мансап орталығына жүгіндім. Онда маған өз мамандығым бойынша  оқу орталығында жұмыс істеу ұсынылды", – дейді Айсұлу.

 «Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек жолын енді бастағалы жүрген жұмыссыз жастарға арналған.  Жобаға жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды үнемі аударатын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс беруші ретінде қатыса алады.  «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды, бұл кезең азаматтың еңбек өтіліне есептеледі. Жобаға қатысушының жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып, айына кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (2023 жылы – 103 500 теңге, ал 2024 жылы – 110 760 теңге).

 Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті. Сарыағаш ауданында биыл жалпы 8 731 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

«Жастар» саябағы пайдалануға берілді
Өңірдің бизнес ахуалы талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу