МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Шымкент қаласының туризм , сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы осымен екінші жыл қатарынан шаһарда «ДәмДәсTour» фестивалін өткізіп келеді. Іс-шараның басты мақсаты – мегаполисте гастрономиялық туризмді дамыту.
Туризмнің сан-саласы, бағыттары бар. Соның ішінде гастрономия да маңызды бөлігі саналады. Өйткені Шымшаһар қай кезде де өзінің мол дастарханымен, тәтті тағамымен әйгілі. Әрі оңтүстік өңірінде тағамдардың бағасы да арзан. Осының барлығы айналып келгенде мегаполисті еліміздің гастрономиялық туризм төріне оздырады.
Өткен жылы алғашқы фестиваль Әл-Фараби алаңында өткен болатын. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, маңызды іс-шара шаһардың ескі алаңында қайта ұйымдастырылды. «ДәмДәсTour ІІ» фестиваліне қаладағы белгілі дәмханалар, ресторандар, тамақтану желілері қатысып, өздерінің өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Сондықтан аталған іс-шара жәрмеңке мазмұнында өтті. Жоғарыда айтып өткен тамақтану орындарымен бірге кофеханалар мен шайханалар, самсаханалар өздерінің дәстүрлі тағамдарымен қоса автрлық мәзірлерін де ортаға қойды. Осылайша «ДәмДәсTour» мегаполистің ең сүйікті де дәмді мерекесіне айналып үлгерді.
Осынау фестивальді аралап, тағамдардың иісі мұрынды жарар жәрмеңке қатарларын тамашалап келе жатып, Бозжыра ресторанының өнімдеріне көзіміз түсті. Жиырманың үстіне енді шыққан жап-жас жігіт өзін аталған ресторанның аспазы ретінде таныстырды. Есім-сойы Ерасыл Арал. Өзінің мамандығы бағдарламашы болғанымен кішкентай кезінен аспаздыққа қызығушылығы осы кәсіпке алып келген. Оған аспаз болуға туысқан ағасы, өзі де аспаздық өнердің майын ішкен маман қолқанат көрсеткен. Айтпақшы болғанымыз, қазақтың өрімдей жас жігіттері игермеген кәсіп қалмай барады. Аспаздық мамандық та жастар сүйіп таңдаған кәсіпке айналып келеді. Ал гастрономиялық туризм осынау мамандықтың қадірінің өсірмесе кемітпесі анық. Осы фестивальде ресторан ұлттық тағам шұбат көжені әзірледі. Бұл тағам еліміздің батыс өңірлерінде кең таралған екен. Енді оңтүстікте де танымал ету мақсаты тұр. Аты айтып тұрғандай көжені әзірлеудің басты сиқыры шұбатта жатыр. Наурыз көжеге тән барлық дақылдар қайнатылып болған оған шұбат қосылады. Түйе сүтімен араласқан көже дәмі тіл үйірер ерекше тағамға айналады.